Талғат Байсуфинов шәкірттері Түркияда екі жолдастық матч өткізеді

Қазақстан жастар құрамасы үшін 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына негізгі дайындық болмақ.

Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында екі жолдастық кездесу өткізбек. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясына берген сұхбатында Ұлттық құрама командалар департаментінің директоры Ғани Қайназаров мәлімдеді.

- Оқу-жаттығу жиынында селекция жүргіземіз, - дейді Ғани Әділханұлы. – Бұл жиынға алдағы уақытта команданың негізгі ойыншысы бола алатын бірнеше футболшыны шақырдық. Талантты  ойыншылар. Жасыл алаңда шеберліктерін дәлелдеуне ұмтылады. Күніне екі рет жаттығады. Футболшылардың көңіл-күйі жақсы. Екі жолдастық кездесу жоспарланған. 15 ақпан күні Украинаның Бірінші лигасында ойнайтын «Оболонь-Бровар» командасымен  кездеседі.  19 ақпанда болатын екінші кездесудің қарсыласы кейінірек анықталады. Оқу-жаттығу жиынын 20 ақпанда аяқталады.

Еске сала кетейік, оқу-жаттығу жиыны Қазақстан жастар құрамасы үшін 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына негізгі дайындық болмақ. Біздің құраманың қоржынында әзірге жеті ұпай бар. Талғат Байсуфинов шәкірттері 23 наурызда Францияны қабылдайды. Ал, Люксембург құрамасымен 27 наурызда ойнайды. Екі матч та елорданың «Астана Арена» стадионында өтеді.