Владимир Нидергаус: «Форумға қатысушылар тығыз қарым-қатынас орнатуға келісті»

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) және Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасын (ҚКФЛ) алғаш рет еліміздегі футбол клубтарының бас бапкерлері мен спорт директорларының басын қосып, форум өткізді.

Футбол мамандары ҚФФ мен ҚКФЛ-ның форумды тұрақты өткізу жөнінде бастамасын қолдай отырып, футбол төңірегіндегі сұрақтарды бірге талқылауды әрі қарай жалғастыру жөнінде келісімге келді. Алдағы уақытта кәсіпқой клубтар арасындағы турнирлердің ережелері мен жарыс күнтізбелері ортақ талқыға түспек.

«Тобыл» футбол клубының спорт директоры, бұрынғы танымал футболшы Владимир Нидергаус алғаш рет ұйымдастырылған форумға қатысты өз пікірін білдірді:

- Өте қажетті әрі пайдалы тақырыптар қозғалды. Федерация мен футбол клубтарының тығыз қарым-қатынас орнатуы жөнінде әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, сараптамалық топ пен ұлттық құрама ойыншыларының дайындығына қатысты футбол клубтарының медициналық жұмыстарының маңыздылығы айтылды. Көптеген мәселелер талқыға түсіп, жақсы ұсыныстар түсті.

Қазіргі уақытта бірқатар мәселелер бар. Жекелей алғанда,  кейбір клубтарда қажетті мамандар мен қондырғылар жоқ. Осы жерден футбол клубтарының инфрақұрылымын дамыту және қажет мамандарды даярлау мәселесі көтеріледі.

Форумда барлық құраманың жаттықтырушыларымен танысып, тығыз қарым-қатынас орнатуға келістік, - дейді Нидергаус.