Қазақстандағы футбол бапкерлері ұлттық құрама мүддесі үшін қызмет атқармақ

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов еліміздегі футбол клубтарының өкілдерін футболшылардың ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары мен ресми матчтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Астанада өткен Қазақстан футбол клубтарының бас бапкерлері мен спорт директорларының форумында осы тақырып қозғалды. Басқосуда Премьер-лига клубтарының жаттықтырушылары Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стоиловпен ортақ қызмет атқару мәселелері көтерілді. Осы уақытқа дейін елордалық «Астананы» жаттықтырып келген болгариялық маман 1 наурыздан бастап еліміздің бас командасының тізгінін ұстады.

Станимир Стоилов еліміздегі футбол клубтарының өкілдерін футболшылардың ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары мен ресми матчтарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бас бапкер Федерация мен клубтардың ортақ жұмысының арқасында алдағы уақытта Қазақстан құрамасының табысқа жететініне баса мән берді

Станимир Стоилов алдына жүктелген міндет оңай емес. Қазақстан құрамасы үшін УЕФА-ның жаңа турнирі Ұлттар лигасында өз тобында бірінші орын алу қажет. Біздің қарсыластар Грузия, Латвия және Андорра құрамалары.

- Ұлттық құраманың бас бапкері ретінде өз команда жалындай жанып тұрған футболшыларды көргім келеді. Олар өз клубтарынан ұлттық құрамаға ел намысын абыроймен қорғау ниетімен келуі тиіс. Сонымен қатар, алдарына үлкен мақсат қоя білуі қажет, - деді Станимир Стоилов.

Форумда сөз сөйлегендердің қатарында Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов те болды. Олар құрама командалар мен футбол клубтарының тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ қызмет атқаруына баса мән берді.

- Біздің міндет біреу – отандық футболдың деңгейін көтеру және чемпионаттың бәсекелестігін әрі қарай арттыру, - деп қосты Айтқожин.