Азамат Айтқожин: «Венгриямен ойынның нәтижесі барша қазақ жұртына қуаныш сыйлады»

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин жолдастық кездесуде Венгрияны 3:2 есебімен жеңген Қазақстан құрамасының нәтижесіне қатысты пікірін білдірді.

«Қазақстан Ұлттық құрамасы жаңа бапкермен тамаша нәтиже көрсетті. Ойынның нәтижесі барша қазақ жұртын қуантып тастады. Алайда, алда жаңа сынақтар күтіп тұр. Барлық кездесуге жақсы дайындықпен келу керек.

Венгрия құрамасының өте тәжірибелі құрама екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, біздің футболшылар алғашқы минуттан бастап жеңіске жақын екенін дәлелдеді. Ойынның дәл осылай басталатынын ешкім күтпеді. Станимир Стоилов сенім артқан жастар жақсы ойнады. Әр футболшы ел үшін күресті.

Қазір ұлттық құрама үшін қолайлы жағдай жасалған. Ең бастысы – нәтиже. Осы талапты түсінген футболшылар Будапештте үмітті ақтай білді. Алда Болгариямен ойын күтіп тұр. Бұл ойыннан да футболшылардан жақсы нәтиже күтеміз.

Бірнеше сағат бұрын Қазақстан жастар құрамасы азулы Францияға қарсы тұрды. Нәтижеге қарамастан болашағынан үміт күттіретін жас футболшылардың өсіп келе жатқанын көрдік. Футболшылардың лайықты қарсылық танытқанын байқадық. Оларға кінә тағу ағаттық. Талғат Байсуфинов командасына футбол жанашырлары қолдау білдіруі тиіс. Жеңіс алдағы уақыттың еншісінде. Алға, Қазақ елі!!» - деді Айтқожин.