Елена Фомина: «Алаңдағы кішкентай өзгерістер де маңызды рөл атқарады»

Ресей әйелдер құрамасының бас бапкері Елена Фомина 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстанмен өткен ойыннан кейін өз пікірін білдірді:

- Өте қиын ойындардың бірі болды. Өйткені, көп шабуылдағанмен, гол салатын сәттер аз болды. Босниямен табиғи алаңда өткен ойында көп күш сарқыдық. Екінші ойын әрдайым қиын. Ойын қарқынын үдетуге талпынғанмен, ойымызды жүзеге асыра алмадық. Екінші таймда Қазақстан құрамасының шаршағаны көмек болды. Соның арқасында голдарды соқтық. Қарсылас лайықты қарсылық білдірді. Ойынның үздік ойыншысы – қақпашы Оксана Железняк. Орталық алаңда ойынды қолға алған Бегайым Қырғызбаеваны да атап өткім келеді. Қазақстан құрамасына табыс тілеймін.

- Үзілісте тактикалық өзгерістер болды ма?

- Ойынның алғашқы бөлігінде орталық алаңда осалдық таныттық. Шабуылды әлсіз бастадық. Пастарды жиі артқа бердік. Жылдам әрі ұшқыр ойлы футболшыны алаңға шығардық. Бір футболшыны алға жылжыттық. Ойын жүйесі жалғыз үлгіден тұрмайды. Алаңдағы кішкентай өзгерістер де маңызды рөл атқарады.

- Үш голды да Қазақстан құрамасының ойыншыларының қателігінен кейін соқтыңыздар. Ал, Ресей дәл осылай ойнайтын болса, оның іріктеу тобындағы болашағы қандай деген сауал туындайды.

- Қазіргі уақытта әр команда Әлем Чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін күресуге дайын. Барлығында мүмкіндік бар. Англия топтың көшбасшысы екені анық. Финал жолдамасы үшін аянбай күресеміз. Маусым айындағы ойындардың нәтижесі осы сауалға толық жауап береді.  

- Ресейде қыздар футболының дамуына қандай жұмыстар жасалып жатыр?

- Клубтардың санын арттыру қазір мүмкін емес. Басым бағыт жастарға бөлініп отыр. Өкінішке қарай, 19-21 жастағы ойыншылар Жоғары лигада тәжірибелі футболшыларға бәсекелестікті беріп қояды. Жастар арасында чемпионат ұйымдастыру қажет. Өйткені, ұлттық құрамаға шақырылатын футболшылар тапшы.