Қазақстан футбол федерациясының өкілдері «Рубин» футбол клубының инфрақұрылымымен танысты

Татарстан астанасы Қазан қаласында қазақстандық делегация «Рубин» футбол клубының бас бапкері Құрбан Бердыевпен кездесті.

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин, ұлттық құрама командалар департаментінің директоры Ғани Қайназаров және сараптамалық топтың жетекшісі Павел Черепанов жұмыс сапарымен Татарстанның Қазан қаласына барды.

Татарстан астанасында қазақстандық делегация «Рубин» футбол клубының бас бапкері Құрбан Бердыевпен кездесті. Алматылық «Қайраттың» аңызға айналған атақты футболшысы меймандарды қазандық клубтың инфрақұрылымы және материалдық-техникалық базасымен таныстырды. Сонымен қатар, ҚФФ өкілдері негізгі команданың жаттығуында болды.

Кездесу барысында Құрбан Бердыев жуырда қоғам назарына ұсынылатын «Алға, футбол! Алға, Қазақстан!» деп аталатын қазақстандық футболдың даму жоспарының жобасымен танысты. «Рубин» клубының бас бапкері бұл құжатқа қатысты өз кеңесін айтты. Сондай-ақ, ол жұмысбастылығына қарамастан, Қазақстан чемпионаты мен ұлттық құраманың ойынын қадағалап жүретінін жеткізді.

Сөз соңында Құрбан Бердыев отандық футболға табыс тілеп, алдағы уақытта спорттың бұл түрі Қазақстанда дамудың жаңа бағытына  жол тартатынына үмітті екенін білдірді.