Арсен Іңкәрбеков: «Жаттықтырушыларды даярлау жүйесін толықтай өзгертеміз»

Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының жетекшісі қызметіне Арсен Іңкәрбеков тағайындалды.

Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығында жыл басынан бері өзгерістер көп болды. Алматыдан Астанаға ауысқан орталықтың басшылығына жас маман Арсен Іңкәрбеков тағайындалды. Ол осы уақытқа дейін балалар мен жасөспірімдер футболы департаментінде қызмет еткен болатын. Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Техникалық орталықтың жаңа басшысымен тілдесуді жөн көрді:

- Техникалық орталық пен балалар футболы бағытындағы жұмыстың айырмашылығы қандай?

- Техникалық орталықтың жұмысы мен үшін жат емес. Өйткені, УЕФА-ның «А» және «В» категориясының курстарын толықтай оқып шықтым. Сол себепті орталық жұмысын іштей білемін. Сонымен қатар, Еуропа футбол қауымдастығы ұйымдастырған семинарлардың тыңдаушысы болдым.

- Жаңа қызметте қандай жоспарлар бар?

- Жоспарлар баршылық. «В», «А», «PRO» категориялары бойынша жаттықтырушыларды даярлау жүйесін толықтай өзгертеміз. УЕФА-ның Жаттықтырушылар конвенциясына сәйкес ережені Техникалық орталықта енгіземіз. Мысалы, УЕФА-ның «С» категориясы бойынша дәріс беру бағдарламасы бойынша жұмыстар қолға алынды. Осы уақытқа дейін бұл категория аймақтық федерациялар арқылы сертификат ретінде беріліп келді. Енді бұл категория УЕФА-ның лицензиясына ие болады. Осы жылдан бастап бұқаралық футбол саласының мамандарына арналған «D» категориясы әзірледі. Бұл категория аймақтық футбол федерациялары арқылы беріледі.

Сонымен қатар, «фитнес-жаттықтырушы», «қақпашылардың жаттықтырушысы», «спорт дәрігері», «футзал жаттықтырушысы», «футбол нұсқаушылары» дисциплиналары енгізілмек.  Тағы бір маңызды қадам – Қазақстан стадиондарының агрономдарын оқыту. Еліміздің көптеген футбол алаңдарында көптеген күрделі мәселелер бар екенін білеміз. Осыған байланысты агрономдарды оқыту жөнінд шешім қабылданды. Алматы қаласының Орталық стадионының агрономы, 2012 жылғы Украина мен Польша елдерінде өткен Еуропа Чемпионатында қызмет еткен тәжірибелі маман Виктор Яроменко сарапшы ретінде шақырылмақ. Қазақстандағы көптеген футбол алаңдарында синтетикалық жамылғы төселген. Осы салада да мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз.

- Халықаралық деңгейдегі мамандар шақырыла ма?

- Қазақстан футбол федерациясының жетекшілігі келіссөздер жүргізді. Енді бізге УЕФА Техникалық нұсқаушысы, УЕФА-ның жаттықтырушылар даярлау комитетінің мүшесі, УЕФА-ның техникалық бақылаушысы Геннадий Скуртул кеңесімен көмектеседі.