УЕФА тарапынан «Ертіс» футбол клубына қабылданған шешімге қатысты ҚФФ пікірі

Қазақстан футбол федерациясының Лицензиялау (сертификациялау) және аттестациялау депаратаментінің директоры Ержан Мұсабеков УЕФА тарапынан «Ертіс» (Павлодар) футбол клубына қатысты қабылданған шешімді түсінідіріп берді.

- 2017 жылдың 30 маусым күні «Ертіс» футбол клубы қаржылық тексеріс кезінде УЕФА әкімшілігіне 2017 жылдың 31 наурызына дейінгі кредиторлық қарыз жөнінде қаржылық мәліметті берді. 2017 жылдың 31 наурыз күні «Ертіс» футбол клубының әлеуметтік және салық органдары алдында қарызы (УЕФА ережесінің 50-бабы: Сертификация маусымында 31 наурызға дейін әлеуметтік/салық органдары алдында кредиторлық қарыз) болды. Бұл кредиторлық қарыз бақылау мерзімі, яғни 2017 жылдың 31 наурызынан кейін толық төленген. Алайда, УЕФА талабына сәйкес, қаржылық критерий алдындағы міндеттерді мерзімінде орындамау шешуші фактор саналады.

УЕФА тарапынан лицензия талабын орындамағаны үшін санкция қолданылды: 2017/2018 маусымда Еуропа Лигасына қатысқаны үшін «Ертіс» футбол клубына берілуі тиіс төлемақы ұсталынды. Сонымен қатар, «Ертіс» футбол клубы қатарынан үш жыл УЕФА-ның қаржылық комитетінің бақылауында болады. Сынақ мерзімі «Ертіс» футбол клубын УЕФА аясындағы турнирлерге қатысуға рұқсат береді. Алайда, қаржылық критерий бойынша заң бұзушылық қайталанған жағдайда санкция күшіне енеді.

Қазақстан футбол федерациясы өз тарапынан «Ертіс» футбол клубына қатысты қабылданған УЕФА-ның дисциплинарлық санкциясын жеңілдетуге барлық шараларды қолданды. Қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясының Лицензиялау (сертификациялау) және аттестациялау депаратаменті УЕФА-ның 2018/2019 жылғы маусымының жарыстарына қатысатын клубтардың қаржылық міндеттерін мерзімінде орындауды бақылауда ұстап отыр. Ережеге сәйкес келмейтін клубтар УЕФА-ның осы маусымдағы жарыстарына жіберілмейді.