Александр Кузнецов: «Slovakia Cup-2018» турнирінде Әлем және Еуропа Чемпионаттарына қатысқан командалармен ойнадық»

19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов «Slovakia Cup-2018» халықаралық турнирін қорытындылады:

 

– Беделді турнирге шақырғаны үшін Словакия футбол федерациясына алғысымызды айтамыз. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Slovakia Cup-2018» халықаралық турнирінде тәжірибе жинадық. Өйткені, қатысушылардың құрамы мықты болды. Әлем және Еуропа Чемпионаттарына қатысқан командалармен ойнадық. Мықты қарсыластармен ойнау арқылы деңгейіміз арта түседі.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасына үміткер футболшылар Қазақстанның Екінші лигасында ойнайды. Олардың кейбірінің тұрақты ойын тәжірибесі жоқ. Әсіресе, қорғаушылар мен қақпашыларға қатысты. Үміткерлер Бірінші лигада тұрақты тәжірибеге ие болуы тиіс деп санаймын.

Словакияда біздің футболшыларға жекелей шеберлік жетіспейтінін тағы бір байқадық. Футболшылардың техникалық және физикалық шеберлігін дамыту керек. Ол үшін футбол орталықтарында осыған жауап беретін жаттықтырушылар жұмыс істеуі тиіс.

Барлық жұмысты отандық футболдың даму стратегиясы бойынша жүзеге асыру арқылы ойнышылардың деңгейін көтере аламыз. Осындай шешімдер құраманың нәтижесіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, бізді көп жұмыс күтіп тұр.