Қазақстан футбол федерациясының Ақтөбе, Атырау және Тараз стадиондарына қабылданған санкцияға қатысты пікірі

Қазақстан футбол федерациясының Лизцензиялау (сертификация) және аттастациялау департаментінің директоры Ержан Мұсабеков комиссияның шешіміне қатысты пікірін білдірді:

Бүгін Қазақстан футбол федерациясының Сертификация комиссиясының отырысында Ақтөбе, Атырау және Тараз қалаларындағы стадиондарға қатысты «Матчтарды жанкүйерсіз өткізу» санкциясын қолдану жөнінде шешім қабылданды.

Бұл шешім Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес тәуелсіз сараптама ұйымынан стадионды (негізгі салмақ түсетін конструкция) пайдалану жөнінде техникалық тексеруден өтіп, талапқа сай келмейтін кемшіліктерді жойып, қажетті құжаттарды (Сертификация ережесі бойынша - П. f, Ст.5,  Қосымша V, П.h. Ст.2, Қосымша VI) тапсырғанға дейін қолданылады.

Сертификация ережесіне осы критерийді енгізу жөнінде футбол клубтарының жетекшілеріне 2017 жылдың 10 қарашасында өткен басқосуда, сонымен қатар, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиынында хабарланған болатын.

Қазақстан футбол федерациясының Лицензиялау және аттестациялау департаменті футбол клубарын Сертификация ережесінің осы критерийін орындауды бірнеше рет ескерткен болатын.

Бұған дейін Сертификация комиссиясының отырысында бұл талапты орындамағаны үшін отандық футбол клубтарына ескерту, сөгіс және орындау мерзмі түрінде санкциялар қолданылды. Өкінішке қарай, бүгінде «Орталық» (Ақтөбе), «Орталық» (Тараз), «Мұнайшы» (Атырау) стадиондары біздің департаментке стадионның техникалық қорытындысы бойынша құжатты тапсырған жоқ. Жанүкйерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін назарға алып, Сертификация комиссиясы барлық талапты орындағанға дейін аталған спорт ареналарында матчтарды жанкүйерлерсіз қабылдауға шешім қабылдады.