Қостанайда ардагерлер арасында халықаралық турнир ұйымдастырылды

Қостанай қаласының «Жастар» стадионында футбол ардагерлері арасында халықаралық турнир өтті.

Жарысқа көршілес Ресейдің Қорған, Свердлов (Асбест қаласы) облыстары, еліміздің Көкшетау, Петропавл, Қостанай қалалары мен Қарасу ауылынан жалпы саны 8 команда қатысты.

Өз топтарында үздік шыққан «Қарасу», «Көкшетау», «Петропавл» және «Асбест» жартылай финалға жолдама алды.

Алғашқы жартылай финалда «Қарасу» футболшылары Петропавл қаласының командасын ұтып, финалға шықты. Екінші жартылай финалда «Асбест» командасы  «Көкшетау» футболшыларынан матч соңындағы пенальти сериясында басым түсті.

Финалда «Қарасу» мен «Асбест» жолығып, ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Матч соңындағы пенальти сериясында Қарасу ауылының футболшылары дәлдік танытып, жеңімпаз атанды.