Мария Ялова: «Футбол алаңының ашылуы – балалар үшін бағалы сыйлық»

​​​​​​​Алматыдағы футбол алаңының ашылу рәсіміне әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының ең үздік сұрмергені, Қазақстан әйелдер құрамасының экс-капитаны Мария Ялова қатысты.

Қазіргі таңда Мария Ялова қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған №2 мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін  жаттықтырады.

– Футбол алаңын салып, футбол мерекесін ұйымдастырғаны үшін Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтқым келеді. Балалар үшін бағалы сыйлық. Олар осы алаңда футболмен шұғылдана алады. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ашылу рәсімі, футбол фестивалі. Ең бастысы – балалар өте көңілді.

– Бүгін ашылған футбол алаңы балалардың дене даярлығын жақсартуға септігін тигізеді ме?

– Жаңадан салынған футбол алаңында балалардың жарақат алу мүмкіндігі төмен. Балалар үшін өте ыңғайлы. Енді олар қорықпай жаттығу жүргізіп, шеберліктерін шыңдай алады.

– Церебральді сал ауруына шалдыққан балалардың ерекше қасиеттері қандай?

– Ең бастысы олардың ерік-жігері шексіз. Қатты құлаған сәтте олардың ешқайсысы жыламайды. Орнынан тұрып, әрі қарай жүгіреді. Физикалық тұрғыдан әлсіз болуы мүмкін, алайда моральдық күші жоғары.

– Бүгінгі мерекеден балалар қандай әсер алды?

– Бүгінгі мереке үшін арнайы шақырылған аниматорлар менің шәкірттерім үшін өте қызықты болды. Олар осы сәтті асыға күтті. Балаларға қарап, бақыттан күлімдеген сәттерін көрдім.