Рәзия Нүркенова: «Ұлттық құраманың өрлеуі үшін бар күшімді саламын»

Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа бас бапкері Рәзия Нүркенова алдағы жоспарларымен бөлісе отыра, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

– Қазақстан футбол федерациясы алдыңызға қандай міндет жүктеп отыр? Бас бапкер ретінде өз алдыңызға қандай тапсырма қойдыңыз?

– Басты міндет - отандық футболдың даму стратегиясында жазылған әйелдер футболының дамыту мақсаттарын жүзеге асыру.

Жаттықтырушылар штабына кім кіреді?

Жаттықтырушылар штабы туралы әзірге айта алмаймын. Бәрі белгілі болған сәтте хабарлаймыз.  

Қазақстан құрамасында ойнап жүрген футболшылардың ойынымен танысып шықтыңыз ба?

Барлық ақпаратты білемін деп айта алмаймын. Бір футболшының «Енисей» сапына қабылданғанын оқыдым. Жақсы команда. Қақпашы Мария Жаманақованы танимын. Оның ойынын 2011 жылы Ресейдің Бірінші дивизионының финалында көргенмін. Ойыны таңғалдырды. Қалған ойыншылар туралы әзірге ештеңе айта алмаймын.

Қазақстанда бес әйелдер командасы бар. Ресейде – 8. Қазір Ресейде әйелдер футболы қалай дамып жатыр?

- Әрине, Қазақстан мен Ресейде командалар санының аздығы көңіл көншітпейді. Ресей футболы қаржыландыру мәселесіне келіп тіреледі. Алып ел, алыс арақашықтық, жол шығыны. Алайда, Ресейдің бірінші дивизионында 30 команда ойнайды. Екінші дивизионында да командалардың саны көп. Сонымен қатар, аймақтық біріншіліктерде ойнайтын ұжымдар бар. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің қатысуымен 13, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі қыздар арасында біріншілік ұйымдастырылады. Осы жағы жақсы.

Интернетте 2013 жылға дейін Сіз туралы ақпарат бар. Әрі қарай мәліметтер аз. 2013 жылдан кейін немен айналыстыңыз?

Мен ЦСК футбол клубында жұмыс істедім. Ресей біріншілігі мен жарыстарына қатысамыз. Үнемі жүлделі орыннан көрініп жүрміз. Өткен жылы біздің қыздар Ресейдің екінші дивизионында жақсы нәтиже көрсетті. Волга аймағында барлық командаларды ұтып, финалға шықтық. Финалда 10 команда болды. Біздің команда бірінші орынға таласып, шешуші бәсекеде 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Менің шәкірттерім спорт шебері атағын алды. Сонымен қатар, Самара қаласында балаларға арналған спорт мектебін аштым.  

– Рәзия Төлеуқызы, тәжірибеңіз мол екенін білеміз. Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалдыңыз. Әр бапкер құрамаға өзгеріс енгізеді. Сіздің қандай ойыңыз бар?

Қазақстан футбол федерациясына алғысымды білдіремін. Ұлттық құраманың өрлеуі үшін бар күшіміді саламын. Қазақстан құрамасының ойындарын қарадым. Түбегейлі өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Қақпашы мен команда капитанының ойынын атап өткім келеді. Ресеймен жақсы  ойнады. Алайда, нәтиже ойлағандай болмады. Барлықтарыңыз Чемпиондар Лигасының финалындағы «Ливерпуль» мен «Реал Мадрид» ойынын қараған шығарсыздар? Жақсы ойын болды. Алайда, есеп – 1:3. Қазақстан құрамасы жинақы ойнайды. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын.  

Қандай футболды ұнатасыз? Шабуылда? Әлде байсалды футбол?

– Барлығы қарсыласқа байланысты. Жалпы, шабуылда ойнағанды жөн санаймын.

Біздің құрамада шабуылшы жоқ. Сол себепті нәтиже жоқ. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Бұл мәселе көптеген командалар мен құрамалардың басын ауыртып жүр. Еуропада балалардың даму жолы басқаша, ал біздер асығамыз. Балалар футболында жаттықтырушылар мен жетекшілер нәтижені талап етеді. Ал, оның жолы қалай? Бұл басқа сұрақ. Осындай қарым-қатынас арқылы футболшылар тәрбиеленеді. Шабуылшы жылдам, шебер және тез қабылдай білуі тиіс.

Қазақстанға көшіп келесіз бе? Ресейлік мамандарды шақырасыз ба? Әлде жергілікті бапкерлердің көмегіне жүгінесіз бе?

Кейбір себептерге байланысты ресейлік азаматтығымды қалдырамын. Жақында барлық шаруаны аяқтап, шәкіттерімді басқа бапкерге тапсырамын. Сосын Қазақстанға келемін. Менің келісімшартым үш жылға есептелген. Жаттықтырушылар штабына сырттан ешкімді шақырмаймыз. Өзіміздің күшімізді жұмылдыруымыз керек. Алайда, соңғы жеті жылда бірге жұмыс істеген мамандардың кеңесіне құлақ асамын. Олар тәжірибелі мамандар. Мысалы, Дмитрий Хомуха мен оның көмекшілері. Жақсы араласамыз, олар әрқашан қол ұшын беруге дайын.