Қазақстан U-21 мен Қазақстан U-20 құрамалары жолдастық ойын өткізеді

21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы елордада өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында 8 маусым күні 20 жасқа дейінгі футболшылардан құралған Қазақстан құрамасымен жолдастық ойын өткізеді.

Қазақстан жастар құрамасы U-21 оқу-жаттығу жиынын 1 маусымда бастады. Талғат Байсуфинов шәкірттері 4 маусым күні Әзірбайжан жастар құрамасымен жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең ойнады.

8 маусым күні Талғат Байсуфинов бастаған жаттықтырушылар штабы жас футболшылардың дайындығын тексеру үшін Бірінші лигада ойын тәжірибесі бар 1998 жылғы футболшылардан құралған Қазақстан құрамасымен кездеседі.  

Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіне қатыспайтын отандық футболшыларға таңдау жасалды.

– Қазақстан жастар құрамасының қарсыласы Еуропа Чемпионатының келесі кезеңіне қатысатын футболшылар болмақ. Біздің құрамадағы 1998 және 1999 жылғы футболшыларды сол құраманы күшейту үшін береміз. Іріктеу кезеңін аяқтайтын және бастайтын командалардың ойынын қарау қызықты болмақ, - деді Талғат Маруаұлы.

Бірінші лига футболшыларынан құралған 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының Құрама командалар департаменті екінші селециялық жиынға Қазақстанның Екінші лигасында ойнайтын 1998 жылдан төмен қарай футболшыларды шақыруды көздеп отыр.

Бұл ойын Еуропа Чемпионатының келесі іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігі бар 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының кандидаттарын тексеруге мүмкіндік береді.

Қазақстан U-21 - Қазақстан U-20 ойыны 8 маусым күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Басталуы - 15:00. Ойынға кіру тегін.

Барлықтарыңызды қызықты кездесудің куәсі болуға шақырамыз.