Марат Еслямов: «Жастар құрамасының жаттықтырушылар штабының оқу-жаттығу жиынына көңілі толды»

Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушысы Марат Еслямов оқу-жаттығу жиынын қорытындылады:

- Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушылар штабы аяқталған оқу-жаттығу жиынында жемісті еңбек атқарды. Бірден екі құраманың дайындығын қалай бақыладыңыздар? Оқу-жаттығу жиынына қандай баға бересіз?

- Талғат Байсуфинов бастаған жаттықтырушылар штабының оқу-жаттығу жиынына көңілі толды. Әзірбайжан жастар құрамасымен жолдастық кездесу өтіп, ойын 1:1 есебімен аяқталды. Астанаға 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының ойыншыларын жинадық. Бірінші лигада ойнайтын 1998-1999 жылғы футболшылардың мүмкіндіктерін қарадық. 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының ойыншыларының көбі Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынында болған. Міне, енді олардың қазіргі дайындығы қандай екенін көрдік.

- Сіз 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасын ойынға дайындадыңыз. Ал, 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасын Алмас Құлшынбаев бастап шықты. Матч алдында Талғат Байсуфинов екі құраманың ойын жүйесіне кеңес берді. Сол туралы айта аласыз ба?

- Әр команданың бапкерлеріне Талғат Маруаұлы жекелей тапсырма берді. Әр құраманың футболшыларынан ойынға ресми кездесу ретінде қарауды талап етті. 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы биыл Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңін аяқтайды. Оларлың мақсаты – Қазақстан Ұлттық құрамасына шақырту алу. 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының ойыншылары үшін жаттықтырушылар штабының көңілінен шығу маңызды болды. Өйткені, келесі маусымдағы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысуы ықтимал. Ойында гол соққан футболшылардың барлығы 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының қатарында болғандар. Олар – Оралхан Өміртаев және Наурызбек Жагоров. Жаттықтырушылар штабы бұл футболшыларды 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының қатарына жіберген болатын.