Үміт күттірер жастар: Қазақстан жастар құрамасының бүгіні мен келешегі

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов Астанада өткен оқу-жаттығу жиынында команда алдына қойған бірнеше мақсатты орындады. Олар – Әзірбайжанмен өткен жолдастық кездесуде құрама ойыншыларының дайындығын тексеру, жаңа ойыншылардың ішінен үміткерлерді іздеу.

8 маусым күні «Астана Арена» стадионында 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы мен 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының жолдастық кездесуі өтті. Соңғылары осы құраммен алғаш рет жиналды.

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов оқу-жаттығу жиынында команданың бірнеше мақсаттарын орындады. Олар – Әзірбайжанмен өткен жолдастық кездесуде құрама ойыншыларының дайындығын тексеру, жаңа ойыншылардың ішінен үміткерлерді іздеу. Тәжірибелі маман Талғат Маруаұлы екі құраманың да ойыншыларын өзі жинап, барлықтарына мүмкіндік берді.

20 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Бірінші лигада доп тебетін футболшылардан жасақталды. Олар үшін Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушылар штабына өздерін көрсету маңызды болды. Өйткені, күзде ресми ойындарға шақырту алуы мүмкін. Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінеде үш ойын қалды. Екі ойын Словениямен, ал бір кездесу – Черногория құрамасымен өтеді. Жаңа ойыншылардың артық болмайтыны анық.

21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының Әзірбайжанмен өткен ойыны көп ой тастады. Федин мен Вороговский бастаған бірқатар жетекші футболшылар Ұлттық құраманың қатарына қабылданды. Сол себепті Қазақстан U-21 құрамасында олардың жетіспегені байқалды. Дегенмен, тең нәтиже жаттықтырушылар штабын қанағаттандырды.

Селекциялық жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Құрама аралық командалардың құрылуы Бірінші және Екінші лиганың ойыншыларына өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Талғат Байсуфинов Қазақстан Республикасы Біріншілігінің бірқатар ойындарын қарап, оларды 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасына шақырған болатын.

Талғат Байсуфинов Қазақстан футбол федерациясының Техникалық директоры қызметінде барлық құрамалардың басын біріктіріп, ұлттық құрамаға бірнеше футболшыны дайындаған болатын. Еліміздің бас құрамасын жаттықтырған уақытта маңызды ойындарда жастарға сенім артты. Сол жастар қазіргі таңда ұлттық құраманың көшбасшыларына айналды.

Талғат Маруаұлы екі құраманы да (U20 және U21) жинағандықтан, олардың біреуіне жетекшілік етудің маңызы болмады. Сол себепті 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Марат Еслямовтың жетекшілігімен алаңғы шықса, 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының тізгінін Алмас Құлшынбаев ұстады. Ал, Талғат Байсуфинов жас футболшылардың ойынын бақылап, екі бапкерге де нұсқау беріп отырды.

Ойынға келсек, бәсекелестік жоғары болды. Кездесуде 21 жасқа дейінгі құраманың қорғаушысы Бекзат Шадманов пен қақпашысы Бекхан Шайзада жіберген алғашқы қателік ойынның тағдырына әсер етті. 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының ойыншылары ойын бойы шабуылдағанымен, Сейсен және Сотник қорғаған қақпаның кілтін таба алмады.

Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушылар штабы өткен ойынды қорытындылайтыны анық. 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының ойыншыларының кейбірі күзде өтетін ресми кездесулерге шақырту алып, қалғаны келесі іріктеу кезеңінің негізін құрауы мүмкін. Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы бүгінгі күн өмір сүрмей, келешекке зер салатынын байқатты. Ал, қалғаны футболшылардың өз қолында. «Астана Аренада» өткен ойындағыдай жанкешті ойын көрсетсе, Қазақстан жастар құрамасының есігі үнемі ашық болмақ.