Рәзия Нүркенова: «Әйелдер футболын жаңа деңгейге көтеру үшін үлкен жұмыс атқару қажет»

КСРО құрамасының бұрынғы ойыншысы осы уақытқа дейін Ресейде қызмет етіп келді.

Қазақстан әйелдер құрамасының жаңа бас бапкері Рәзия Нүркенова Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында жұмыс жоспары және алға қойған мақсаттары жөнінде әңгімелеп берді.

- Рәзия Төлеуқызы, жақында ғана Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалдыңыз. Құттықтаймыз!

- Рақмет! Мен үшін туған елдің ұлттық құрамасын жаттықтыру - үлкен мәртебе.  Ресейде ұзақ жылдар бойы өмір сүргеніме қарамастан туған жерімде жұмыс істеуді армандадым. Қазақстанда әйелдер футболын жаңа деңгейге көтеру үшін көп еңбек атқару қажет. Жұмыс жетеді.

- Әйелдер футболының қандай мәселелері бар?

- Ең алдымен ұлттық құрамаға білікті ойыншылардың жетіспеуі. Ел чемпионатында небәрі бес команда ойнайды. Кәсіпқой футболшыларды әзірлеу үшін олардың саны жеткіліксіз.

- Жақында ғана Қазақстанда әйелдер футболының лигасы құрылатыны хабарланды. Спорттың бұл түрін дамытуға қалай әсер етпек?

- Жақсы бастама. Аймақтарда кәсіпқой әйелдер клубын құру қажет етеді. Командалардың саны 10-12-ге дейін артпақ. Чемпионаттағы бәсекелестік күшейіп, ойыншылардың шеберлігін көтереді. Сонымен қатар, ойындарға келетін жанкүйерлердің санына әсер етеді. Қазақстанда әйелдер футболы қызық емес деген пікір айтылатынын жасырын емес. Әйелдер футболы – спорттың ең қызық түрлерінің бірі. Әлемде кең танымал болып келеді. Менің елімде де әйелдер футболының дамығанын қалаймын.

- Еліміздегі әйелдер футболының даму тақырыбын қозғап өттіңіз. Ең алдымен телеарналар көрсету қажет емес пе?

- Келісемін. Бұл бағытта Қазақстан футбол федерациясы бар күштерін салып жатыр. Мысалы, Шымкентте өткен «УЕФА Даму Кубогының» барлық матчтары тікелей эфирде көрсетілді. Сапасы жоғары көрсетілімді интернетте қарай алдық. Жақында чемпионаттың ойындарын тікелей эфирде көретін күн алыс емес деп ойлаймын. Әлем және Еуропа Чемпионаттарының іріктеу матчтары да, еурокубоктық турнирлердің ойындары да телеарналардан көрсетілді. Сапалы өнім дайындай алсақ, қызығушылық арта түседі. Қазақстан футбол федерациясы мен аймақтар осы бағытта үлкен жұмыс атқармақ.

- Құрамаға келсек. Ұлттық құраманың ойыншыларымен таныстыңыз ба?

- Қазақстанға келгенге дейін әйелдер құрамасының бірнеше ойынын қарадым. Жақсы команда. Ойын мәнері қалыптасқан. Құраманың ойынын жүргізетін бірқатар көшбасшы футболшылар бар.

- Таяуда ғана екі футболшы шетелдік клубтармен келісімшартқа отырды. Аида Гайстенова ресейлік «Енисей» сапына ауысса, Сабина Ргаева түріктің «Антальяспор 1207» командасының қатарына қосылды. Ойыншылар Қазақстан құрамасын күшейте ала ма?  

- Жоғары деңгейде ойнауға әрқашан мүмкіндік бар және оны пайдалануға болатынын үнемі айтып жүремін. Олар дұрыс таңдау жасады деп санаймын. Ең бастысы тұрақты ойын тәжірибесіне ие болып, дами түсу. Тек сол кезде ғана шеберліктерін жетілдіре түседі. Ойын тәжірибесі жеткілікті болса ұлттық құрамаға шақырту алады.

- 12 маусым күні біздің құрама 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінде кезекті кездесуін сырт алаңда Босния және Герцеговина құрамасымен өткізеді.

- Келісім бойынша менің шартым Қазақстан футбол федерациясымен 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Дегенмен ойынды бақылау мен үшін қызықты. Өткен ойындардың барлығына сараптама жасаймын. Жұмыс басталып кетті. Қазір құраманың әр ойыншысы және үміткерлер бойынша мәліметтер жинап жатырмын.

- Бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір сарапшылардың Сіздің Қазақстандағы әйелдер футболынан хабарсыз екені айтылды...

- Елде қызмет етпеген соң жүз пайыз жергілікті футболдан хабардар туралы айту мүмкін емес. Ресейде жинаған тәжірибем жұмысымды сапалы орындауға көмектеседі деп сенемін. Жақсы нәтиже үшін бар күшімді жұмсағым келеді.

- 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан әйелдер құрамасының қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?

- Өте қиын топ. Англия мен Уэльс құрамалары топтың көшбасшылары. Бұл елдерде әйелдер футболының дамуына баса назар аударады. Осы бағытта Қазақстанға да, Ресейге де көп жұмыс атқару қажет. Келесі іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы табысты нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін. Іріктеу кезеңінің ойындарынан қыздардың ұмтылысын көрдім. Ең басты факторлардың бірі осы. Футболшылардың техникалық  шеберліктері мен ойын тәртібі де жақсы қалыптасқан. Нәтиже уақыт еншісінде.

- Сіздің спорттың мансабыңыз туралы Қазақстанда барлығы біле бермейді?

- Кеншілердің астанасы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Сол жақта футболмен шұғылдана бастадым. Кейін Молдованың Кишинев қаласында алғашқы турнирге қатыстық. Әрі қарай «Қарағанды-Олимп» сапындай ойнап, кейін Қазақ ССР құрамасына қабылдандым. Содан соң Кеңес Одағының құрамасында ойнадым. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басы болатын. Кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін Қазақстанда әйелдер футболы тоқтатылды. Александр Соловьев пен Виталий Шашков сынды бапкерлердің шақыруымен Ресейдің Самара қаласына бет алдым. Жергілікті ЦСК ВВС командасының сапында үш рет Ресей чемпионы атанып, бір рет Ел Кубогын иемдендім. Чемпионаттың бірнеше мәрте жүлдегері қатарынан көріндім. Ресей құрамасына ілініп, ірі халықаралық турнирлерге қатыстым. 2004 жылы самаралық команда жабылды.

2000 жылдан бастап бапкерлік жолымды бастадым. 18 жыл бойы Самара қаласының Ресей біріншілігінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінген «Крылья Советов» және ЦСК ВВС командаларын жаттықтырдым. Осы уақыт аралығында Ресейдің жасөспірімдер және жастар құрамасына 16 ойыншы дайындадым. Сонымен қатар, екі футболшы Валентина Орлова мен Анастасия Поздеева Ресей ұлттық құрамасының жейдесін киіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ұлттық құраманың іріктеу жарыстарында да мол тәжірибе жинадым. 2006-2013 жылдар аралығында Ресейдің жасөспірімдер құрамасын жаттықтырдым. Бапкерлік қызметте қалыптастуыма ФИФА нұсқаушысы, Голландия әйелдер құрамасының бас бапкері, 2010-2013 жылдары Ресей футбол одағында әйелдер құрамаларының Техникалық директоры болған Вера Паув маңызды рөл атқарды. Оның жетекшілігімен еуропалық әйелдер футболының заман талабына сай әдістемелік жаттығулары жөнінде терең білім алып, бапкерлік деңгейімді көтердім.

- Арманыңыз бар ма?

- Арманым аздап орындалды деп айтуға болады. Мен Қазақстанға оралдым, өз елімнің құрамасымен жұмыс істеймін. Енді Қазақстандағы әйелдер футболының дамуына үлес қосқым келеді. Әлеуметі мол. Ең бастысы биік мақсаттар қойып, әбден жетілу.