Астанада тәлімгер-нұсқаушыларға арналған УЕФА курсы өтті

Қазақстан футбол федерациясы тәлімгер-нұсқаушыларға арналған ұлттық курс ұйымдастырды.

Семинарға УЕФА жаттықтырушыларын дайындауға ниетті тәлімгер-нұсқаушылар шақырылды. Олардың қатарына аймақтық бапкерлер, Бірінші лига клубтарының жаттықтырушылары және Премьер-лигада тәжірибелері бар танымал мамандар енді.

Шарада Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығының кеңесшісі, УЕФА-ның білім беру комиссиясының мүшесі Геннадий Скуртул сөз сөйледі.

Курстың алғашқы бөлігі теориялық дәрістерге арналды. Тыңдаушылар УЕФА жаттықтырушыларын дайындайтын тәлімгерлерді оқыту бағдарламасымен танысты. УЕФА маманы Геннадий Скуртул бағдарламаның концепциясын түсіндірді.

Курстың екінші бөлігі тәжірибелік сабақтарға арналды. Тәлімгер-нұсқаушы атануға үмітті мамандар «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілерінің жаттығу процесіне қатысып, УЕФА-ның «В» категориясына оқып жатқан бапкерлердің қызметтеріне кеңес берді. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, әр топқа жекелей тапсырма берілді.