Алматыда UEFA Playmakers семинары аяқталды

Алматыда UEFA Playmakers семинары аяқталды

07 шілде 2026, 09:16
Алматыда UEFA Playmakers семинары аяқталды
Алматы қаласында қыздар футболын бұқаралық деңгейде дамытуды көздейтін халықаралық UEFA Playmakers бағдарламасы аясындағы екі күндік семинар-тренинг сәтті аяқталды. UEFA мен Disney компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан бұл бірегей жоба өңірдегі балалар футболы мамандарының басын қосты.

Іс-шара аясында «Қайрат» футбол академиясының жаттықтырушылары, клуб ойыншылары және қаладағы мектептердің дене шынықтыру пәні мұғалімдері арнайы дайындықтан өтіп, UEFA Playmakers әдістемесін егжей-тегжейлі меңгерді. Семинарға қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, практикалық сабақтар барысында кішкентай қыздарды спортқа баураудың заманауи жаттығуларын өз тәжірибелерінде орындап көрді.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – мұндағы оқу процесі балалардың қиялын дамытуға, ойын, ертегі және Disney кейіпкерлерінің элементтеріне негізделген. Осындай қызықты әрі қолжетімді формат арқылы бүлдіршіндерге футболдың негізгі дағдылары мен қозғалыс белсенділігі үйретіледі.

Жалпы, UEFA Playmakers – футболмен бұрын-соңды айналыспаған 5 пен 10 жас аралығындағы қыздарға арналған жаһандық жоба. Оның негізгі миссиясы – қыздар үшін қауіпсіз, көңілді әрі достық орта қалыптастыра отырып, олардың спортқа деген алғашқы қызығушылығын ояту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары