Астанада UEFA A Elite Youth курсының екінші модулі аяқталды

Астанада UEFA A Elite Youth курсының екінші модулі аяқталды

10 шілде 2026, 15:16
Астанада UEFA A Elite Youth курсының екінші модулі аяқталды
2026 жылғы 7-10 шілде аралығында Астанада UEFA A Elite Youth лицензиясы курсының екінші модулі өтті. Білім беру бағдарламасын Қазақстан футбол федерациясы УЕФА стандарттарына сәйкес жаттықтырушыларды даярлаудың ұзақмерзімді стратегиясы аясында ұйымдастырды.

Курстың екінші модулі бағдарламаның жалғасы ретінде элиталық жасөспірімдер футболымен жұмыс істейтін мамандардың практикалық және тактикалық дағдыларын тереңдетуге бағытталды. Негізгі назар ойын моделін тиімді енгізу мен команданы басқару құзыреттерін жетілдіруге аударылды.

Оқу барысында тыңдаушылар қорғанысты ұйымдастыру қағидаларын, ойынның өтпелі кезеңдерін, сондай-ақ жас футболшыларды ересектер футболына дайындаудағы дене және психологиялық даярлықтың ерекшеліктерін жан-жақты талдады.

Бағдарлама жоғары қарқынмен өтіп, теориялық дәрістерді, шағын топтардағы интерактивті жұмыстарды, жеке жобалардың таныстырылымдарын және алаңдағы ойын жағдайларын тәжірибелік модельдеуді қамтыды. Сонымен қатар, бапкерлер өз клубтары мен академияларында орындаған модульаралық тапсырмаларға жан-жақты талдау жасалды.

Модуль қорытындысы бойынша тыңдаушыларға келесі кезеңге арналған жаңа практикалық тапсырмалар мен әдістемелік ұсынымдар берілді. Олар бұл жұмыстарды алдағы модульаралық кезеңде орындайды.

UEFA A Elite Youth курсының екінші модулінің өтуі Қазақстан футбол федерациясының отандық жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыруға басымдық беретінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде кәсіби клубтар мен Қазақстанның жасөспірімдер құрамалары үшін сапалы резерв даярлауға ықпал етеді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары