ҚФФ Техникалық орталығы: маусымда 371 маман білім беру бағдарламаларынан өтті
Маусым айындағы негізгі оқиғалардың бірі – Астана, Ақтөбе, Семей және Шымкент қалаларында UEFA «B» лицензиясы курсының екінші модулінің өтуі болды. Бағдарламаға 120 бапкер қатысты.
Сонымен қатар, футболшылардың дене дайындығына жауапты мамандарды даярлауға арналған UEFA «B» Fitness курсының екінші модулі ұйымдастырылды. Оқыту бағдарламасынан 24 бапкер өтті.
Маусым айында UEFA «C» лицензиясы курсының кезекті кезеңі аяқталды. Қорытынды бағалау мен емтихандарды 207 маман сәтті тапсырды. Бұл бағдарлама Қазақстан футболындағы бастапқы деңгейдегі сертификатталған бапкерлер санын арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Техникалық орталық UEFA «Pro» курсының тыңдаушылары үшін клубтардағы тағылымдамалары бойынша есептерді онлайн форматта қорғауды ұйымдастырды. Оған 20 бапкер қатысты. Осы кезең аясында қатысушылардың оқу барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдану деңгейі бағаланды.
Сондай-ақ, Easy Coach цифрлық платформасын дамыту жұмыстары жалғасты. Маусым айында аталған платформа арқылы төрт білім беру бағдарламасы сүйемелденді. Платформада оқу материалдары орналастырылып, тыңдаушылармен байланыс жүргізіліп, білім беру деректерімен жұмыс ұйымдастырылды.
Шілде айында ҚФФ Техникалық орталығы UEFA «A», UEFA «C Futsal», жаңа UEFA «C» курстарын, сондай-ақ UEFA Doctor Education Programme бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, УЕФА-ның қолданыстағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және бапкерлерді оқытуды цифрлық форматта сүйемелдеу жұмыстары жалғасады.