12 халықаралық матч және маңызды жетістіктер: Қазақстан құрамалары үшін соңғы халықаралық ойындардың қорытындысы

12 халықаралық матч және маңызды жетістіктер: Қазақстан құрамалары үшін соңғы халықаралық ойындардың қорытындысы

15 шілде 2026, 14:30
12 халықаралық матч және маңызды жетістіктер: Қазақстан құрамалары үшін соңғы халықаралық ойындардың қорытындысы
2026 жылғы маусым Қазақстан ұлттық құрамалары үшін ең қарбалас кезеңдердің бірі болды. FIFA халықаралық терезесі аясында ұлттық, жастар, жасөспірімдер және әйелдер құрамалары оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, ресми және жолдастық халықаралық кездесулерге қатысты.

Осы кезеңде Қазақстан құрамалары жалпы саны 12 халықаралық матч өткізіп, бес жеңіске жетті, үш кездесуді тең аяқтап, төрт рет жеңіліске ұшырады. Доп айырмасы – 21:18.

Халықаралық үзілістегі басты жетістік – Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі сәтті өнер көрсетуі болды. Команда алдына қойылған міндетті орындап, УЕФА-ның А лигасындағы орнын сақтап қалды. Қазақстан турнирді Португалиямен тең ойыннан (1:1) бастап, кейін Сербияны сенімді түрде 3:1 есебімен жеңді. Грекиядан 2:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан, команда Еуропаның ең мықты дивизионындағы орнын сақтап қалды.

Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы да маңызды нәтижеге қол жеткізді. УЕФА Ұлттар лигасы аясында Армениямен өткен матчтағы тең ойын (1:1) командаға дивизионды жоғарылату жолындағы плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік берді. Қазан айында қазақстандық футболшылар Ирландия құрамасына қарсы ойнайды.

Ең жарқын нәтижені U-17 және U-16 жасөспірімдер құрамалары көрсетті. Екі команда да халықаралық терезедегі барлық матчтарында жеңіске жетті. U-17 құрамасы Әзербайжан құрдастарын екі мәрте жеңіп, бұл ойындарда алты гол соқты. Ал U-16 құрамасы Қырғызстанды екі рет ұтып, екінші кездесуде 5:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді.

Қазақстан ұлттық құрамасы күздегі ресми матчтарға дайындық аясында Армения және Мажарстан құрамаларымен кездесті. Команда Армениямен 1:1 есебімен тең түсіп, кейін Мажарстанға 1:3 есебімен есе жіберді. Ал жастар құрамасы (U-21) негізгі құрамаға ойыншылар даярлау жұмысы аясында Беларуське қарсы екі сырт алаңдағы матч өткізді.

Спорттық нәтижелерден бөлек, ҚФФ Ұлттық құрамалар департаменті алты оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып, халықаралық логистиканы, шетелдік футбол қауымдастықтарымен өзара іс-қимылды, медициналық сүйемелдеуді және клубтармен үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ұлттық құрамаларды даярлаудың бірыңғай жүйесін жетілдіру, жас ерекшеліктері арасындағы сабақтастықты дамыту, басқарудың цифрлық құралдарын енгізу және талдау жұмысының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасты.

Халықаралық терезе аясында жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде жүзеге асырылды. Оның қорытындысы бойынша ҚФФ Ұлттық құрамалар департаменті күзгі халықаралық күнтізбеге дайындықты және Қазақстан ұлттық құрамалары жүйесін одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыруда.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары