Футболдан Премьер-лиганың 19-тур матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына түсіндірме

Футболдан Премьер-лиганың 19-тур матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына түсіндірме

29 шілде 2026, 09:44
Футболдан Премьер-лиганың 19-тур матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына түсіндірме
ҚФФ Төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Ойын ережелеріне сәйкес 2026 жылғы Премьер-лиганың 19-туры матчтарындағы кейбір ойын сәттеріне түсіндірме берді.

«Каспий» - «Жеңіс»

67-минут. Бірінші эпизодта агрессивті мінез-құлыққа қатысты жағдай қарастырылады. Екі ойыншы арасындағы қақтығыстан кейін қонақтар командасының №7 ойыншысы алыстан жүгіріп келіп, қарсыласын қатты күшпен тамағынан ұстап, құлатады.

Қайталаудан ойыншының қарсыласына қатысты агрессивті әрекеті анық көрінеді. Бұл әрекет допқа таласпен байланысты емес және алаңнан қуумен жазалануы тиіс.

Төреші эпизодты агрессивті мінез-құлық ретінде дұрыс бағалап, қызыл қағаз көрсетті.

80-минут. Екінші эпизодта айып алаңындағы өрескел ереже бұзу жағдайы қарастырылады. Алаң иелерінің шабуылы кезінде қорғаушы допқа ойнауға тырысып, аяғын созады, бірақ допқа тимей таласқа кешігіп қалады.

Нәтижесінде ол ашық тиектерімен қарсыласының тобығынан жоғары тұсына тиеді. Қайталаудан байланыс нүктесі, созылған аяқ және тиектермен жасалған байланыстың жоғары қарқыны анық көрінеді. Мұндай ереже бұзу қарсыласқа ауыр жарақат келтіру қаупін туғызды.

Төреші жақсы позицияда тұрғанымен, эпизодтың динамикасында бұл сәтті дұрыс бағалау қиын болды. Монитордан қайталап көргеннен кейін төреші дұрыс шешім қабылдады.

Пенальти дұрыс тағайындалды, қызыл қағаз негізді көрсетілді.

«Ұлытау» - «Ертіс»

46-минут. Келесі эпизодта ықтимал ойыннан тыс қалу жағдайы қарастырылады. Қонақтардың шабуылы кезінде доп айып алаңына жеткізіліп, шабуылшы оны баспен қақпаға бағыттайды.

Трансляциядан қарағанда футболшы ойыннан тыс қалғандай көрінуі мүмкін. Алайда бұл телекамералардың төмен орналасуына байланысты, себебі мұндай ракурс перспективаны бұрмалайды.

Офсайд сызықтары қолданылғаннан кейін шабуылшы мен қорғаушының бір сызықта тұрғаны анық көрінеді. Сондықтан офсайд тіркеуге негіз болған жоқ.

«Тобыл» - «Атырау»

26-минут. Қорытынды эпизодта тағы да ықтимал ойыннан тыс қалу жағдайы қарастырылады. Алаң иелерінің шабуылы кезінде доп №30 ойыншыға алға бағытталады. Кейін ол артқа пас беріп, оның әріптесі гол соғады.

VAR эпизодты тексеріп, доп берілген сәтті нақты анықтады. Нәтижесінде алаңның орталық бөлігінде орналасқан қорғаушының оң аяғы №30 ойыншымен бір сызықта болғаны белгіленді.

Таратушының телекамерасындағы техникалық мәселелерге байланысты бұл эпизодта офсайд сызықтарын жүргізу мүмкін болмады. Дегенмен қолда бар қайталаулар ойыннан тыс қалу болмағанын растауға мүмкіндік берді.

Ойынды жалғастыру және голды есепке алу туралы шешім дұрыс болды.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары