ҚФФ Техникалық орталығы шілде айындағы жұмысын қорытындылады
Айдың басты оқиғаларының бірі – UEFA «A» курсының басталуы болды. Бағдарламаның алғашқы модулі Астана қаласында өтіп, оған УЕФА-ның заманауи талаптарына сай оқытуды бастаған 24 бапкер қатысты.
Сонымен қатар элиталық жасөспірімдер футболы саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған UEFA «A-Elite» курсының екінші модулі өтті. Оған жоғары деңгейдегі жас футболшыларды дамыту мәселелері бойынша білімін жалғастырып жатқан 20 бапкер қатысты.
Шілде айында өңірлік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру да әрі қарай жалғасты. Қазақстанның төрт қаласынан 120 бапкер UEFA «B» курсының үшінші модулінен өтті. Бұдан бөлек, еліміздің бес қаласында 150 бапкердің басын қосқан жаңа UEFA «C» курсының ұйымдастыру конференциясы мен алғашқы онлайн-модулі ұйымдастырылды.
Техникалық орталық UEFA «Pro» курсының тыңдаушылары үшін де микро-семинарлар мен қорытынды емтихандар өткізді. Оған 20 бапкер қатысты. Бұл кезең тыңдаушылардың негізгі бөлігіне қорытынды баға беруге және оқуды аяқтаудың келесі қадамдарын айқындауға мүмкіндік берді.
UEFA Doctor Education Programme курсын жүзеге асыру бөлек бағытқа айналды. Оқытуға 19 футбол дәрігері қатысып, футболшылар мен командаларды медициналық сүйемелдеу саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін арттырды.
«Easy Coach» цифрлық платформасын дамыту бойынша да жұмыстар жалғасты. Шілде айында платформа арқылы төрт білім беру бағдарламасы сүйемелденді: жаңа оқу курстары құрылып, оқу-әдістемелік материалдар орналастырылды, тыңдаушылармен байланыс орнатылып, білім беру деректерімен орталықтандырылған жұмыс жүргізілді.
Тамыз айында ҚФФ Техникалық орталығы өз жұмысын ҚФФ-ның «Батыр жолы» конференциясын, UEFA «A-Elite» курсының үшінші модулін, UEFA «B» Fitness бағдарламасының жаңа кезеңін өткізуге, сондай-ақ UEFA «B» және UEFA «C» курстарын жалғастыруға бағыттайды. Бұдан бөлек, UEFA «B-Goalkeeper» курсын бастау, UEFA «Pro» тыңдаушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізуді аяқтау және білім беру процесін цифрлық сүйемелдеуді одан әрі дамыту жоспарланған.
ҚФФ Техникалық орталығының жұмысы заманауи бапкерлік білім беру жүйесін дамытуға, өңірлерде оқыту қолжетімділігін кеңейтуге және қазақстандық футбол мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған.