ҚФФ-да VAR жүйесі бойынша төрешілерді сертификаттау басталды
Сертификаттау процесі қатысушыларға болашақта төрешінің бейнеассистенті болып қана қоймай, VAR жүйесі қолданылатын жарыстарда бас төреші ретінде де қызмет етуге мүмкіндік береді.
ФИФА әзірлеген бұл бағдарлама бес кезеңді қамтиды: теориялық дайындық, VAR симуляторында жұмыс істеу, сондай-ақ оқу және ресми матчтардағы практикалық сабақтар.
Теориялық бөлім ҚФФ штаб-пәтерінде өтуде. Практикалық сабақтар Алматыдағы ҚФФ Академиясында ұйымдастырылады, өйткені бұл қолданыстағы VAR жүйесін пайдалана отырып, футбол алаңында жұмыс істеуді талап етеді. Сертификаттау шілде және тамыз айлары аралығында өтеді.
Бағдарлама кешенді сипатқа ие. Процеске бас төрешілер, төрешілердің ассистенттері, қайталау операторлары, телекөрсетілім таратушысы және футболшылар тартылған. Мұндай формат практикалық сабақтарды шынайы ойын жағдайларына барынша жақындатуға мүмкіндік береді.
Білім беру бағдарламасын әзірлеуге және өткізуге ҚФФ-ның VAR жүйесі бойынша нұсқаушысы Леонид Калошин жауапты. Ол сонымен қатар сертификаттау нәтижелерін де бекітетін болады. Практикалық сабақтарда жұмысқа ҚФФ Төрелік ету департаментінің басқа да нұсқаушылары қосылады.
ҚФФ Төрелік ету департаментінің директоры Нуну Каштру бағдарламаның басты міндеті – келесі маусым басталғанға дейін Бірінші лига төрешілерінің басым бөлігін сертификаттаудан өткізу екенін атап өтті. Бұл оларды дәрежесі жоғарылаған жағдайда Қазақстан Премьер-лигасының матчтарына қызмет көрсетуге дайындауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Премьер-лигасының матчтарында тек сертификаттаудан сәтті өтіп, ФИФА-ның сертификатталған VAR төрешілерінің ресми тізіміне енгізілген реферилер ғана жұмыс істей алады.