Көкшетауда UEFA Playmakers бағдарламасы басталды

Көкшетауда UEFA Playmakers бағдарламасы басталды

30 шілде 2026, 15:49
Көкшетауда UEFA Playmakers бағдарламасы басталды
Көкшетауда UEFA Playmakers бағдарламасы бойынша кезекті семинар бастау алды. Оқытуды Қазақстан футбол федерациясының Әйелдер футболы департаменті ұйымдастырды және ол қыздар арасындағы бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.

Семинарға «Оқжетпес» футбол орталығының бапкерлері, жалпы білім беретін мектептердің дене шынықтыру пәні мұғалімдері, сондай-ақ болашақта бапкерлік карьерасын бастауды жоспарлап отырған кәсіби футболшы арулар қатысуда.

Бағдарлама барысында қатысушылар UEFA Playmakers әдістемесінің негізгі қағидаттарымен танысып, теориялық және практикалық сабақтардан өтуде. Семинардың басты мақсаты – мамандарға 5 пен 12 жас аралығындағы қыздарды ойын түрлері арқылы футболға тартудың заманауи тәсілдерін үйрету.

UEFA Playmakers бағдарламасы балалардың қозғалыс белсенділігін, шығармашылық ойлауын және футболға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған. Сабақтарда Disney кейіпкерлері мен сюжеттеріне негізделген арнайы әдістеме қолданылады, бұл футболдағы алғашқы қадамдарды балалар үшін түсінікті әрі қызықты етуге көмектеседі.

UEFA Playmakers бағдарламасын жүзеге асыру – Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболын дамыту және еліміздің өңірлеріндегі қыздарға мүмкіндіктерді кеңейту бойынша жүргізіп жатқан жұмысының бір бөлігі.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары