Елімізде УЕФА ресми турнирі – EA FC 26 бойынша ҚР чемпионаты басталады
Турнир екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – онлайн іріктеу. Қатысушылар онлайн форматта бақ сынап, LAN Final кезеңіне жолдама үшін таласады.
Турнирге қатысу үшін ойыншылар алдын ала тіркеліп, esports.kff.kz сайтында өтінім беруі қажет.
22 тамызда өтетін онлайн іріктеу қорытындысымен үздік 8 ойыншы келесі кезеңге өтеді. Матчтар Ultimate Team режимінде Single Elimination жүйесі бойынша өткізіледі.
Екінші кезең – LAN Final. 29 тамызда Астана қаласында үздік 8 ойыншы ел чемпионы атағын сарапқа салады. Жарыстар EA FC 26 ойынының бәсекелі Ultimate Team FC Pro режимінде өтіп, ширек финал, жартылай финал және финал кезеңдерін қамтиды.
Қазақстан чемпионы 17–18 қазанда өтетін eEURO 2026 онлайн топтық кезеңінің іріктеу матчтарында ел намысын қорғайды.
ҚР чемпионатын өткізу және eEURO 2026 іріктеу кезеңіне қатысу – тек елдегі үздік ойыншыны анықтап, чемпионды айқындауға ғана емес, сонымен қатар еліміздің киберфутболдан тұрақты ұлттық құрамасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Бұл жоба Қазақстанда киберфутболды жүйелі түрде дамыту жұмыстарының жалғасы саналады. Биыл Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен елде ұлттық киберспорт экожүйесін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс басталды.
Осы бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – EA FC 26 ойынында өткізілген, ел тарихындағы киберфутболдан алғашқы ресми ұлттық чемпионат eKPL турнирінің ұйымдастырылуы.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанның eFootball Mobile ұлттық құрамасы FIFAe eNations League турнирінде Еуропаның үздік сегіз командасының қатарына еніп, FIFAe Continental Championship Europe жарысының финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алды.