Марат Омаров: «Батыр жолы» – Қазақстан футболының бірыңғай даму бағыты
– Бүгінде футбол қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар енгізіліп, ойынға қойылатын талаптар да өзгеруде. Әлемдік футболда табысқа жеткен елдердің тәжірибесіне қарасақ, олардың барлығына ортақ бір ерекшелік бар. Олар өздерінің ұлттық ойын стилін қалыптастырған.
Осыны ескере отырып, біз алғаш рет балалар футболынан бастап ұлттық құрамаларға дейінгі барлық деңгейді біріктіретін «Батыр жолы» жобасын әзірледік. Бұл әдістеме ойыншыны тек техникасына, тактикасына немесе дене дайындығына қарап бағаламайды.
Біз үшін ең маңыздысы – оның қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білуі, мінезінің мықтылығы, жауапкершілігі және команда үшін жан аямай күресуі. Өйткені нағыз ойыншының деңгейі жеңіл сәтте емес, қиын кезде байқалады. Футбол – бір адамның емес, тұтас команданың еңбегі. Қазақстан футболының болашағы да бірлік пен ортақ жұмыстың арқасында қалыптасады деп сенемін, - деді Марат Омаров.