Скотт Манн: «Джон ван ’т Шкиптің тәжірибесі Қазақстан құрамасының келесі деңгейге көтерілуіне көмектеседі»
«Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван ’т Шкипті таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. Ол ойыншы әрі бапкер ретінде мол тәжірибе жинаған, Амстердамның «Аякс» клубының мектебінен өткен маман. Нидерланд құрамасының сапында 1988 жылғы Еуропа чемпионы атанса, клубтық деңгейде Нидерланд чемпионатын, Кубогын және УЕФА Кубогын жеңіп алған.
Джон Йохан Кройф пен Марко ван Бастен сынды әйгілі мамандармен бірге жұмыс істеді, сондай-ақ клубтар мен ұлттық құрамаларды өз бетінше жаттықтырды. Біз оның білімі мен заманауи футболды терең түсінуі Қазақстан құрамасының келесі деңгейге көтерілуіне көмектесетініне сенімдіміз.
Бас бапкермен бірге жаңа жаттықтырушылар штабы да жұмысқа кіріседі. Джонның көмекшілері Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов болады. Қақпашылар бапкері қызметіне Юрий Новиков, дене дайындығы жөніндегі бапкер қызметіне Вадим Боровский, ал талдаушы қызметіне Тимур Құсайынов тағайындалды. Біз үшін халықаралық тәжірибені қазақстандық футболды терең білетін мамандармен ұштастыру маңызды болды.
Ұлттық құраманың алдына нақты міндет қойылды – УЕФА Ұлттар лигасының C дивизионындағы өз тобында жеңіске жетіп, B дивизионына қайта оралу. Жаңа жаттықтырушылар штабының жұмысы осы мақсатқа бағытталады.
Бас бапкерді таңдау барысында біз шетелдік мамандарды да, қазақстандық бапкерлерді де қарастырдық. Еліміздің чемпионатында мықты жаттықтырушылар жұмыс істейді және олардың кейбірі болашақта ұлттық құраманы басқаратынына сенімдімін.
Шетелдік үміткерге қойылған негізгі талаптар – халықаралық тәжірибе, жаңа ортаға тез бейімделу қабілеті, жеңіске жету тәжірибесі, көшбасшылық қасиеттері және қазақстандық жас бапкерлердің дамуына үлес қосуға дайын болуы. Сондай-ақ маманның жұмысты бірден бастауға дайын болғаны да маңызды фактор болды.
Алдағы бес күн ішінде Джон алты матчты тамашалап, жаттықтырушылар штабымен кездесулер өткізеді және ұлттық құрамаға үміткер ойыншыларды бақылауды бастайды. Клубтық маусым қызу жүріп жатқандықтан, футболшылардың қазіргі жағдайын жедел бағалап, алдағы матчтарға дайындықты бастау қажет.
Келісімшарттың шарттары құпия болып қала береді. Қазір біздің бар назарымыз УЕФА Ұлттар лигасына бағытталған. Осы матчтар аяқталғаннан кейін нәтижелерді саралап, алдағы ынтымақтастыққа қатысты шешім қабылдаймыз», – деді Скотт Манн.