Джон ван ’т Шкип: «Біз бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын ұлттық құраманы қалыптастырғымыз келеді»

Джон ван ’т Шкип: «Біз бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын ұлттық құраманы қалыптастырғымыз келеді»

07 тамыз 2026, 17:37
Джон ван ’т Шкип: «Біз бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын ұлттық құраманы қалыптастырғымыз келеді»
Джон ван ’т Шкип ұлттық құраманы таныстыруға арналған баспасөз мәслихатында ойын философиясы, команданың алдағы міндеттері, футболшылармен жұмыс істеу тәсілі және жаттықтырушылар штабымен бірге алға қойған мақсаттары туралы айтып берді.

– Сәлем, Қазақстан!

Ең алдымен, осында келіп, жаттықтырушылар штабымен бірге команданың дамуына үлес қосуға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан футбол федерациясына шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл ұсынысты үлкен мәртебе деп қабылдаймын және алдағы апталар мен айларда атқарылатын жұмысқа зор ынтамен кірісемін.

Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бірақ мен қазақстандықтардың күрескер халық екенін, еңбекқорлығымен ерекшеленетінін білемін. Біздің міндетіміз – осы еңбекқорлықты дұрыс бағытқа бұрып, біртұтас ұжым қалыптастырып, көздеген нәтижеге жету. Ең бастысы – бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Жаттықтырушылар штабы және федерация басшылығымен бірге команданы және ішкі чемпионатты барынша тез әрі жан-жақты зерттеуге тырысамыз, өйткені ресми матчтар жақындап қалды. Қазақстан футболы соңғы жылдары айтарлықтай ілгеріледі, енді осы дамуды жалғастыруымыз керек.

Мен барлық үміткерлерді мұқият бақылаймын – жас ойыншыларды да, дәл қазір ұлттық құрамаға шақырылуға лайық футболшыларды да. Ұлттар лигасындағы алдағы кездесулерде ең жақсы спорттық бабында тұрған және сын-қатерлерге дайын ойыншылар алаңға шығады.

Жұмысты бастауды асыға күтіп жүрмін. Алда көптеген сапарлар, матчтарды тамашалау, жаттығу үдерісін жоспарлау және футболшылармен кездесулер бар. Рақмет!

– Қазақстандық футболшылардың қайсысын білесіз? Жақында «Челсиге» ауысқан Дастан Сәтпаев туралы не айта аласыз?

– Әрине, ол туралы естідім. Бұл – «Челсиге» ауысқан өте жас әрі талантты футболшы. Қазір нақты есімдерге тоқталғым келмейді. Алдағы күндері және апталарда жаттықтырушылар штабымен бірге барлық үміткерлерді жан-жақты талқылаймыз. Мүмкіндік болса, футболшылармен жеке сөйлесуге де тырысамын.

Әрине, Дастан Сәтпаевтың жас әрі талантты ойыншы екенін білемін. Ол «Челсиде» көп ойын тәжірибесін жинап, ұлттық құрамаға пайдасын тигізеді деп сенемін.

– Сіздің жетекшілігіңіздегі Қазақстан құрамасының ойыны қандай болғанын қалайсыз?

– Футболды тек шабуыл мен қорғанысқа бөліп қарауға болмайды – бұл біртұтас ойын. Қазір мен үшін жаттықтырушылар штабымен бірге команданы жан-жақты талдау өте маңызды. Әрине, менің команданың қалай ойнауы керектігі туралы өз көзқарасым бар. Мен Нидерландта өстім, онда өзіндік футбол философиясы қалыптасқан. Сонымен қатар әлемнің әртүрлі елдерінде жұмыс істеген тәжірибем бар, бұл да менің көзқарасыма әсер етеді.

Сондықтан біздің ойын бірнеше маңызды құрамдас бөліктен тұрады: тәртіп, жауынгерлік рух – бұған еш күмәнім жоқ, сондай-ақ мен көргім келетін футбол. Бұған қол жеткізу оңай болмайтынын түсінемін, өйткені ұлттық құраманың бас бапкерінің командамен жұмыс істеуге уақыты әрдайым шектеулі. Дегенмен ұлттық құрамаға шақырылатын футболшылардың деңгейі жоғары, сондықтан олар қойылатын талаптарға тез бейімделе алады.

Мен команданың шабуылдаушы футбол көрсеткенін қалаймын, бірақ сонымен бірге қорғаныста тәртіп пен сенімділікті сақтауы керек. Осы мәселелердің барлығын жаттықтырушылар штабымен бірге мұқият пысықтаймыз.

– Қазақстан құрамасының ойынын одан әрі дамыту үшін қай бағыттарды маңызды деп санайсыз және жұмысыңыздың басты бағыты қандай болады?

– Біз жаттықтырушылар штабымен бірге команданы талдап, қай тұстарды күшейту қажет екенін және қай бағыттарда бәрі дұрыс жұмыс істеп тұрғанын анықтаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, ең бастысы – дұрыс тепе-теңдік табу. Футбол тек шабуылдан немесе тек қорғаныстан тұрмайды.

Мен үшін команданың алаңда не істеу керектігін нақты түсінуі өте маңызды. Сондықтан шабуылда да, қорғаныста да түсінікті ойын қағидаларын қалыптастырып, солардың үстінде күн сайын жұмыс істейміз. Сонымен қатар әр футболшымен жеке сөйлесіп, оларды жақсырақ түсініп, дамуына көмектескім келеді.

Қазақстанда талантты футболшылар да, жауынгерлік мінез де бар. Енді біздің міндетіміз – осының бәрін біртұтас жүйеге айналдыру. Біз мұны әлем чемпионатында да көрдік. Мысалы, Кабо-Верде секілді құрамалар үлкен жанкештілік пен сапалы ойынның арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Қазіргі футболда кез келген команда жоғары деңгейге көтеріле алады.

Қазақстан туралы айтатын болсақ, дәл осы ұсақ-түйекке мән беру мен ойын тәртібі нәтижеге жетудің негізгі факторларының бірі болады.

– Қазақстандық футболшылардың менталитетін қалай бағалайсыз және ұлттық құрамада қандай атмосфера қалыптастырғыңыз келеді?

– Менің ойымша, қазақстандық спорт мәдениеті жеке спорт түрлерінде де, командалық спортта да дұрыс көзқарас болған жағдайда ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын талай дәлелдеді. Мен естігенім мен көргенім бойынша, сондай-ақ жаттықтырушылар штабымен талқылағаннан кейін, бұл команданың әрдайым жауынгерлік рухы бар екенін түсіндім. Бұл – әрі қарай жұмыс істеуге болатын өте маңызды негіз.

Әрине, жаттықтырушылар штабымен бірге өз тәжірибеме сүйене отырып, әр ойыншымен де, бүкіл командамен де жұмыс істеймін. Біздің мақсатымыз – команданы алдағы матчтарға барынша сапалы дайындау.

Ең бастысы – команда ішінде дұрыс атмосфера мен жағымды энергия қалыптастыру. Футболшылар өз қабілеттерін еркін көрсете алуы керек, бірақ сонымен бірге командалық тәртіпті сақтауы тиіс. Біз дәл осындай тепе-теңдікке қол жеткізгіміз келеді. Мен өзім де футболшы болдым, көп жыл бапкер болып жұмыс істедім. Сондықтан футболшылардың алаңға еркін оймен шығып, өз елі үшін бар күшін салып, ең үздік қасиеттерін көрсетуі қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін.

Команда толық жиналған кезде де, әр ойыншымен жеке кездесулер барысында да біз дәл осы бағытта жұмыс істейміз.

– Қазақстан құрамасы соңғы 35 жылда ірі халықаралық турнирлерге қатыса алмады. Бұл тарихты өзгертуге көмектесе алатыныңызға сенесіз бе?

– Менің жұмысым – команда үшін жауапкершілік алу. Сондықтан мен осында келдім.

Қазір ең маңыздысы – сенуді жалғастыру, көп еңбек ету және үнемі даму. Осында келген аз ғана уақыт ішінде өткізген кездесулерім мен әңгімелерім арқылы футболдың дамуына атсалысып жүрген барлық адамның бір ғана арманын көрдім – Қазақстанды ірі халықаралық турнирде көру.

Әрине, бұл дәл қазір болады деп ешкім нақты айта алмайды. Бірақ мен осы үдерістің бір бөлігі болғанымды және осы арманның орындалуына үлес қоса алатынымды мақтан тұтамын.

Бұл төрт айдан кейін бола ма, әлде бірнеше жылдан кейін жүзеге аса ма – оны ешкім білмейді. Бірақ мен бір нәрсеге сенімдімін: ең бастысы – сенуді тоқтатпау, көп еңбек ету және үнемі алға ұмтылу.

Бөлісу

Жаңалықтар

06 там., 12:04
Жоғары