Clear Line бүкіл еуропалық футболда іске қосылды
Жаңа платформа ұлттық деңгейде де, УЕФА турнирлерінде де бүкіл еуропалық футбол бойынша Ойын ережелері мен VAR жүйесін бірізді қолдануды қамтамасыз етуге арналған нақты ұсыныстарды қамтиды.
11 тамызда бүкіл еуропалық футболда төрешілер шешімдері бойынша жаңа маңызды нұсқаулық – Clear Line іске қосылды. Қазақстан футбол федерациясы бұл жобаны қолдаған 55 ұлттық ассоциацияның қатарынан табылды. Платформа ұлттық және еуропалық деңгейлерде шешім қабылдау процесін одан әрі түсінікті, жүйелі әрі ашық етуге бағытталған.
УЕФА-ға мүше барлық ассоциациялардың, соның ішінде Қазақстан футбол федерациясының төрешілік бағыттағы басшылары Clear Line нұсқаулығын ұлттық және еуропалық деңгейде төрешілер шешімдерін жүйелі әрі бірізді қолданудың негізгі бағдары ретінде бекітті.
Clear Line 150-ден астам төрешілік эпизодты біріктіреді және ұлттық деңгейде де, УЕФА турнирлерінде де Ойын ережелерін қалай түсіндіру керектігі және нақты жағдайларда VAR қашан араласуы немесе араласпауы тиіс екендігі туралы егжей-тегжейлі ұсыныстарды қамтиды.
Платформа VAR протоколының негізгі қағидаттарының бірін растайды: видеошолу тек айқын әрі анық қателіктер кезінде гана қолданылуы керек.
Платформаның іске қосылуына қатысты пікір білдірген УЕФА-ның төрешілік жөніндегі директоры Роберто Розетти былай деп атап өтті:
«Clear Line бүкіл еуропалық футболдағы матч ресми тұлғаларына нақты әрі дәл нұсқаулар беру үшін құрылған. Бұл әртүрлі жарыстардағы шешімдердің бірізділігін арттыруға және ойынның игілігі үшін VAR қолданудың стандартталған тәсілін қалыптастыруға көмектеседі.
Екі бірдей эпизодтың болмайтынына және жекелеген қателіктердің орын алуы сөзсіз екеніне қарамастан, Clear Line ойыншылар, бапкерлер, комментаторлар мен жанкүйерлер үшін бірыңғай бағдарға айналады. Платформа төрешілер шешімдерінің логикасын түсіндіруге және оларды қабылдау процесін ұғынуды жақсартуға септігін тигізеді».
Осы кешенді ресурсты матч ресми тұлғаларына, ойыншыларға, бапкерлерге, комментаторларға және жанкүйерлерге ұсына отырып, еуропалық футбол төрешілер шешімдерін түсінуді жақсартуға және Ойын ережелерінің бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге ұмтылады.
Қазақстан футбол федерациясы Clear Line платформасын елдегі төрешілік шешімдер бойынша негізгі бағдар ретінде пайдаланады және оны жанкүйерлер, ойыншылар, бапкерлер мен БАҚ өкілдері арасында насихаттайды.
Бейнематериалдардың кең жинағы мен көрнекі түсіндірмелердің арқасында Clear Line ең күрделі әрі көп талқыланатын ойын жағдайларындағы шешімдердің логикасын ашып береді.
Платформа одан әрі дамып, жаңа жағдайлар туындағанда или жекелеген эпизодтар бойынша қосымша түсініктемелер қажет болғанда жаңартылып отырады.