ҚФФ «Батыр жолы» жобасының екінші кезеңіне кірісті

ҚФФ «Батыр жолы» жобасының екінші кезеңіне кірісті

17 тамыз 2026, 12:06
ҚФФ «Батыр жолы» жобасының екінші кезеңіне кірісті
Қазақстан футбол федерациясы «Батыр жолы» жобасын жүзеге асырудың екінші кезеңін бастады. Бұл кезең аясында ҚФФ өңірлердегі футбол орталықтарымен жұмыс жүргізіп, 2026 жылғы 16-31 тамыз аралығында еліміздің футбол клубтарына бірқатар жұмыс сапарын ұйымдастырады.

«Батыр жолы» – Қазақстан футболының ДНҚ-сын қалыптастыратын, футболшыларды даярлау, жаттығу процесі және ұлттық құрамалардың ойын моделіне қатысты бірыңғай бағыттарды айқындайтын жоба. Оның тұжырымдамасы «Батыр жолы» конференциясында таныстырылған болатын.

Өңірлік жұмыстың алғашқы кезеңінде «Каспий» (Ақтау), «Атырау» (Атырау) және «Елімай» (Семей) клубтарына жұмыс сапарлары жоспарланған.

Сапарлардың негізгі мақсаты – 2014–2015 жылы туған футболшыларды даярлау жүйесін зерделеу, клубтардың жаттықтырушылар штабын ҚФФ-ның әдістемелік тәсілдерімен таныстыру және алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын бірлесіп анықтау. Бағдарлама аясында клуб басшылығы және жаттықтырушылармен кездесулер, жаттығу процесін бақылау, дайындық мазмұнын талдау, сондай-ақ практикалық жаттығуларды бірлесіп өткізу және кейін әдістемелік талдау жоспарланған.

Сонымен қатар жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға, перспективалы футболшыларды анықтау мен іріктеуге, ойыншыларды жеке сүйемелдеуге және футбол орталықтарының ҚФФ-мен өзара байланысын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Қазіргі таңда ҚФФ «Елімай», «Каспий», «Атырау», «Ақтөбе», «Жас Қыран» және «Ордабасы» клубтарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Жобаның келесі кезеңдерінде басқа да клубтар мен академиялармен жұмыс жалғасады.

Әр сапардың қорытындысы бойынша ҚФФ футбол орталығымен бірге жобаны одан әрі іске асырудың әдістемелік, кадрлық және ұйымдастырушылық бағыттарын айқындайды.

Бұл жұмыс жас футболшыларды клубтар мен өңірлік орталықтардан бастап ұлттық құрамаларға дейін даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған ҚФФ-ның кешенді жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Бөлісу
Жоғары