Астанада UEFA «B» бапкерлер курсының төртінші модулі өтуде
Модульдің негізгі бағыттары – қорғаныстағы ойын қағидаттары, шағын және орта топтардағы өзара әрекеттестік, команданың екінші және үшінші аймақтардағы іс-қимылы, сондай-ақ қорғаныстан шабуылға ауысу.
Бағдарлама теориялық және практикалық сабақтарды қамтиды және жаттықтырушылардың заманауи жаттығу процесін ұйымдастырудағы кәсіби құзыреттерін жетілдіруге бағытталған.
Модуль аясында тыңдаушылар футболдағы жылдамдықты дамыту, әртүрлі позициядағы ойыншылардың жеке профилін қалыптастыру, қорғаныстағы заманауи ойын қағидаттары, топтық өзара әрекеттестік, сондай-ақ команданың дайындығын қысқа және орта мерзімді жоспарлау мәселелерін меңгереді.
Жекелеген блоктар футболшының күн тәртібі, тамақтану және гидратация, жарақаттардың алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының негіздеріне арналған. Мұндай кешенді тәсіл жаттықтырушыларға ойыншылардың дайындығын жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.
Практикалық бөлімде жаттығу тапсырмаларын әзірлеу, шағын топтарда сабақ өткізу, орындалған жұмысты талдау және нұсқаушылар мен әріптестерден кері байланыс алу қарастырылған.