ҚФФ Техникалық орталығының тамыз айындағы жұмыс қорытындысы

ҚФФ Техникалық орталығының тамыз айындағы жұмыс қорытындысы

03 қыркүйек 2026, 11:50
ҚФФ Техникалық орталығының тамыз айындағы жұмыс қорытындысы
2026 жылғы тамыз айында Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығы айлық жоспарға сәйкес қарастырылған барлық сегіз іс-шараны толық жүзеге асырды.

Білім беру және әдістемелік жобаларға 555 жаттықтырушы мен маман қатысты. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 99,1%-ын құрайды. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілді: бірыңғай даярлық моделін енгізу, әртүрлі лицензиялық деңгейдегі жаттықтырушыларды оқыту, мамандандырылған бағдарламаларды дамыту және білім беру үдерісін цифрландыру.

ҚФФ-ның «Батыр жолы» конференциясы

5 тамызда футбол қауымдастығының 200-ден астам өкілін біріктірген ҚФФ-ның «Батыр жолы» конференциясы өтті. Қатысушыларға жаңа тұжырымдаманың негізгі қағидаттары, міндеттері мен бағыттары таныстырылды. Іс-шара тұжырымдаманы енгізудің алғашқы кезеңі және Қазақстандағы футболшыларды даярлау жүйесін одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң болды.

УЕФА «Pro» лицензиясына арналған курстың аяқталуы

6 тамызда 20 маманның қатысуымен УЕФА «Pro» курсының қорытынды модулі өтті. Модуль барысында оқу қорытындылары шығарылып, рефлексия жүргізіліп, кері байланыс алмасу ұйымдастырылды.

Курстың аяқталуы жоғары білікті жаттықтырушыларды даярлау жолындағы кезекті маңызды қадам болды.

УЕФА «A-Elite» курсының үшінші модулі

11-14 тамыз аралығында 20 тыңдаушыға арналған УЕФА «A-Elite» бағдарламасының үшінші модулі өтті.

Оқыту элиталық жасөспірімдер футболы саласында жұмыс істейтін жаттықтырушылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталды. Жас футболшыларды даярлаудың заманауи талаптарына және жаттығу үдерісін ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

УЕФА «B-Goalkeeper» курсының басталуы

18-20 тамыз аралығында УЕФА «B-Қақпашы» мамандандырылған курсының алғашқы модулі өтті. Оқуға 20 жаттықтырушы қатысты. Бағдарлама қақпашыларды даярлаумен айналысатын мамандардың білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

УЕФА «B-Fitness» курсының үшінші модулі

25-27 тамыз аралығында 25 маманға УЕФА «B-Fitness» курсының үшінші модулі өткізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жаттықтырушылардың футболшылардың дене дайындығы, жүктемені жоспарлау және заманауи талаптарды ескере отырып жаттығу үдерісін ұйымдастыру мәселелеріндегі біліктілігін арттыру.

УЕФА «B» және «C» өңірлік бағдарламаларының жалғасуы

Тамыз айы бойы онлайн және офлайн форматтарда УЕФА-ның өңірлік курстары жалғасты. «B» бағдарламасына 120, ал «C» бағдарламасына 150 жаттықтырушы қатысты. Жалпы аталған бағыттар бойынша 270 маман білім алды. Өңірлік курстардың жүзеге асырылуы Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы жаттықтырушылардың лицензияланған білім алуға қолжетімділігін кеңейтіп, жергілікті жерлерде оқу-жаттығу үдерісінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Жаттықтырушылық білім берудегі әйелдердің қатысуы

Тамыз айындағы білім беру бағдарламаларына 32 әйел жаттықтырушы қатысты. УЕФА «C» курсында 15, «B» курсында – сегіз, «B-Goalkeeper» курсында – үш, «A-Elite» курсында – төрт және «B-Fitness» курсында – екі маман білім алды. Әйелдердің қатысуын кеңейту – қолжетімді әрі заманауи жаттықтырушылық білім беру жүйесін дамытудың маңызды бөлігі.

Easy Coach цифрлық платформасын дамыту

Техникалық орталық Easy Coach платформасында білім беру бағдарламаларын сүйемелдеуді жалғастырды.

Ай бойы жаңа электрондық курстар әзірленіп, оқу және әдістемелік материалдар жүктелді, бағдарламалар әкімшілендіріліп, тыңдаушыларға ақпараттық қолдау көрсетілді.

Платформа жеті білім беру бағытын қолдау үшін пайдаланылып, біртіндеп ҚФФ-ның жаттықтырушылық білім беру саласындағы бірыңғай цифрлық кеңістігіне айналып келеді.

Жоспарланған барлық іс-шараның орындалуы ҚФФ-ның жаттықтырушылар кадрларын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын растайды. Тамыз айында жүзеге асырылған жобалар әртүрлі деңгейдегі мамандардың біліктілігін арттыруға, өңірлерде білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге, әйел жаттықтырушылардың қатысуын қолдауға және заманауи цифрлық құралдарды енгізуді жалғастыруға мүмкіндік берді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары
Jankúier қосымшасы