Футболдан Премьер-лиганың 25-тур матчтарындағы жекелеген ойын эпизодтарына түсіндірме
«Оқжетпес» – «Ордабасы»
81-минут. Бірінші эпизодта айып алаңындағы жағдай қарастырылады. Бұрыштама добынан кейін доп айып алаңына бағытталады. Бірнеше ойыншы допқа таласып, олардың арасында байланыс болады.
№5 шабуылшы қарсылас тарапынан айқын кедергісіз жоғары секіріп, допты қақпаға бағыттайды. Қайталаудан шабуылдаушы және қорғанушы команда ойыншылары арасында бірнеше байланыс болғаны көрінеді.
VAR эпизодты тексерді. Қайталаудан шабуылшы мен №25 қорғаушы арасында физикалық байланыс болғаны байқалады. Екі футболшы да тиімді позиция алуға тырысады, алайда бейнежазба ереже бұзуды растамайды: ұстап қалу да, итеру де жоқ.
Қорытынды: гол дұрыс есепке алынды.
«Астана» – «Елімай»
45+1-минут. Екінші эпизодта айып алаңындағы жағдай қарастырылады. Доп қапталдан ойынға қосылғаннан кейін шабуылшы баспен ойнайды. Одан кейін допқа ойнауға ұмтылған шабуылшы мен қақпашы арасында талас болады.
Екі футболшы да допқа қарай қозғалады және екеуі де байланысты туындатады. Шабуылшы допқа бірінші жетіп, оған тигенімен, қақпашымен байланыс болғанға дейін құлай бастайды.
Мұндай жағдайда пенальти белгілеуге негіз жоқ.
Қорытынды: ойынды жалғастыру туралы шешім дұрыс болды.