2026 жылғы Әуесқой лигасының финалдық кезеңіне 14 команда қатысады
Өңірлік кезеңдерге Қазақстанның әр аймағынан ондаған команда қатысып, жүздеген футболшы жасыл алаңға шықты. Жарыстар облыстық және қалалық чемпионаттар форматында ұйымдастырылып, олардың қорытындысы бойынша үздік командалар республикалық финалға жолдама алды.
Жетісу облысындағы турнирге 14 команда мен 280-нен астам спортшы қатысса, Қызылорда облысында 240 футболшы бақ сынады. Алматы облысында 6 командадан 150 спортшы, Ақтөбе облысында 6 командадан 169 футболшы қатысты. Шымкент қаласында Әуесқой лигасының ауқымы одан да кең болды - жарысқа 27 команда және 600-ден астам футболшы-әуесқой қатысты.
Өңірлік чемпионаттардың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында «FUSION», Қостанай облысында «KSK Football Team», Жетісу облысында «Гор. Акимат», Қызылорда облысында «Қазалы», Шығыс Қазақстан облысында ЛФК Sayran Oskemen, Жамбыл облысында «NDFZ», Ақтөбе облысында «ПРОНЕТ», Алматы қаласында «GLOBAL SPORT», Абай облысында «BARQY», Қарағанды облысында «Qarmet», Павлодар облысында «Мұнайшы» және Шымкент қаласында «БИІК» чемпион атанды.
Өскеменде республикалық финал өтеді
Қазақстан Республикасының әуесқой командалар арасындағы чемпионатының финалдық кезеңі 18-28 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында өтеді. Шешуші кезеңге өңірлік чемпионаттардың жеңімпаздары мен 2025 жылғы маусымның финалистерін қоса алғанда, 14 команда қатысады.
Финалдық кезеңге жолдама алған командалар: BKS (Алматы облысы), Zhelayev Nan (Батыс Қазақстан облысы), NDFZ (Жамбыл облысы), Bairam (Алматы облысы), Fusion (Батыс Қазақстан облысы), Sayran Oskemen (Шығыс Қазақстан облысы), DN Motors (Алматы қаласы), Qarmet (Қарағанды облысы), «Мұнайшы» (Павлодар облысы), KaspiNet (Шымкент қаласы), BARQY (Абай облысы), KSK Football Team (Қостанай облысы), «Қазалы» (Қызылорда облысы), Pronet (Ақтөбе облысы).