Астанада әйел футболшыларға арналған білім беру семинары өтті

Астанада әйел футболшыларға арналған білім беру семинары өтті

22 қазан 2026, 10:47
Астанада әйел футболшыларға арналған білім беру семинары өтті
2026 жылдың 20-21 қазан аралығында Астанада Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен футболшы әйелдердің кәсіби біліктілігін арттыруға және спорт индустриясында мансап құру туралы білімін кеңейтуге бағытталған екі күндік білім беру семинары өтті.

Іс-шараға 28 тыңдаушы қатысты, олардың қатарында Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының ойыншылары мен отандық футбол клубтарының өкілдері бар. Семинардың басты мақсаты – спортшылардың тұлғалық және кәсіби құзыреттерін дамыту, сондай-ақ оларды белсенді ойын мансабын аяқтағаннан кейінгі кәсіби өмірге дайындау.

Екі күнге созылған мазмұнды бағдарлама бейінді дәрістер, тақырыптық баяндамалар мен тәжірибе алмасуды қамтыды. Семинар барысында заманауи футболдың негізгі аспектілері егжей-тегжейлі талданды: спорттық психология мен төзімділік, дене шынықтыру, футбол төрелігі, УЕФА-ның бапкерлерге білім беру жүйесі, спорттық менеджмент, скаутинг, аналитика және қауіпсіз спорттық ортаны қамтамасыз ету (Safeguarding).

Спортшылармен өз тәжірибелерімен бейінді мамандар мен сарапшылар бөлісті:

Наргис Мағау – ҚФФ Әйелдер футболы департаментінің директоры;

Әлия Асқамбаева – «Шахтер» ФК психологі;

Эльвира Нұрмұстафина – халықаралық дәрежедегі төреші, нұсқаушы, инспектор;

Жанна Малғаждарова – ҚФФ Элиталық жасөспірімдер футболы және таланттарды анықтау бағытының бас менеджері;

Тимур Құсайынов – ҚФФ Элиталық жасөспірімдер футболы және таланттарды анықтау департаментінің директоры;

Жеңіс Арыстан – Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының фитнес-бапкері;

Шыңғыс Темірханов – Safeguarding бағыты бойынша менеджер;

Сюзанна Корнецова – «Қайрат» ӘФК спорттық директоры;

Мария Ялова – «Қайрат» ӘФК бас бапкері;

Беғайым Қырғызбаева – Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының бапкері, ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі.

Білім беру бағдарламасының ерекше назары әйелдердің кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуына аударылды. Қатысушылар менеджерлер, аналитиктер мен төрешілер жұмысының ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, футболшы мансабынан кейін осы индустрияда кәсіби жолын сәтті жалғастырған мамандардың мысалдарынан шабыт алуға тамаша мүмкіндік алды.

Мұндай кездесулерді өткізу – Қазақстан футбол федерациясының әйелдер спортын қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту және отандық футболшы қыздардың жан-жақты өсуіне сапалы жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысының маңызды бөлігі.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары
Jankúier қосымшасы