Қазақстандағы әйелдер футболының қазандағы тынысы: даму, білім және жаңа мүмкіндіктер

Қазақстандағы әйелдер футболының қазандағы тынысы: даму, білім және жаңа мүмкіндіктер

30 қазан 2026, 15:20
Қазақстандағы әйелдер футболының қазандағы тынысы: даму, білім және жаңа мүмкіндіктер
Қазақстан футбол федерациясы қазан айында бұқаралық әйелдер футболын дамыту, футболшылардың кәсіби біліктілігін арттыру және қауіпсіз спорттық орта қалыптастыру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылады. Ай ішінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы Zhuldyz League және Umit League турнирлері мәресіне жетсе, Астанада футболшыларға арналған білім беру семинары өтті. Сонымен бірге еліміздің өңірлерінде UEFA Playmakers жобасын ілгерілету жұмыстары белсенді түрде жалғасын тапты.

Zhuldyz League және Umit League турнирлерінің шешуші кезеңдері

5-13 қазан аралығында Тараз, Петропавл және Өскемен қалаларында 2010-2011 жылы туған қыздар арасында Zhuldyz League Қазақстан чемпионатының шешуші кезеңі өтті. Жарысқа ел бойынша 13 команда қатысып, бақ сынасты.

Шешуші бәсекеде «Тараз» командасы топ жарып, чемпион атанды. Екінші орынды «Атырау» еншілесе, үздік үштікті Ақтаудың «Каспий» ұжымы түйіндеді.

Zhuldyz League турнирінің жекелеген номинация иегерлері:

Уздік қақпашы – Қарақат Биғазиз («Каспий»);

Үздік қорғаушы – Көркем Қуанышқызы («Атырау»);

Үздік жартылай қорғаушы – Гүлноза Абдувахапова («Тараз»);

Үздік шабуылшы – Назерке Қалдыбек («Биік-МБЖОМ №17»);

Үздік сұрмерген – Аяла Төлегенова («Елімай»);

Үздік ойыншы – Дана Еркінбай («Тараз»);

Үздік бапкер – Серик Калиев («Тараз»).

Сондай-ақ 5-11 қазан аралығында Алматы, Павлодар және Қызылорда қалаларында 2014-2015 жылы туған қыздар арасында Umit League турнирінің финалдық бәсекелері ұйымдастырылды. Жүлделі орындар үшін 18 команда өзара шеберлік байқасты.

Турнирдің алтын медалін «Атырау» командасы жеңіп алды. Күміс жүлде Алматының «Қайратына» бұйырса, қола жүлдені «Астана» ұжымы місе тұтты.

Umit League турнирінің жекелеген номинация иегерлері:

Үздік қақпашы – Адина Молбай («Атырау»);

Үздік қорғаушы – Айнел Азимбаева («Астана»);

Үздік жартылай қорғаушы – Айлин Нұрғожина («Қайрат»);

Үздік шабуылшы – Еркеназ Марат («Елімай»);

Үздік сұрмерген – София Төленді («Астана»);

Үздік ойыншы – Анел Нух («Атырау»);

Үздік бапкер – Акарна Мухамбетова («Атырау»).

Екі лиганың финалдық кезеңдері де жас футболшылардың шеберлігін шыңдап, жүлделі орындар үшін тартысты ойын көрсетуіне үлкен мүмкіндік берді.

Футболшыларға арналған білім беру семинары

20-21 қазанда Астанада ҚФФ ұйымдастыруымен футболшылардың кәсіби дамуына және олардың спорт индустриясындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған екі күндік білім беру семинары өтті. Шараға Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының ойыншылары мен отандық клуб өкілдерін қосқанда 28 адам қатысты.

Семинар бағдарламасы спорттық психология, дене даярлығы, төрешілік, УЕФА бапкерлік білім беру жүйесі, спорттық менеджмент, скаутинг, аналитика және Safeguarding бағыттарын қамтыды. Шарада тұлғалық және кәсіби дағдыларды дамытуға, сондай-ақ спорттық мансапты аяқтағаннан кейінгі өмірге бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Футбол саласының түрлі бағыттары бойынша мамандардың басын қосқан семинарға ҚФФ Әйелдер футболы департаментінің директоры Наргис Мағау да қатысты.

Негізгі баяндамалар

«Шахтёр» ФК психологы Алия Асқамбаева өз сөзінде психологиялық төзімділік, өзіне деген сенімділік және қателіктер мен психологиялық қысымды еңсеру жолдарына тоқталды. Сонымен қатар ол ішкі уәждің маңызы мен спорттық мансапты аяқтағаннан кейінгі кезеңге психологиялық тұрғыдан дайындалудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан әйелдер құрамасының фитнес-бапкері Жеңіс Арыстан спортшылардың ойыншылық мансабынан кейін де футбол саласында қалу мүмкіндіктері туралы айтып берді. Ол дене шынықтыру даярлығы бағытын, кәсіби даму жолдарын және бапкерлікке жасалатын алғашқы қадамдарды таныстырды.

«Қайрат» ФК әйелдер командасының спорттық директоры Сюзанна Корнецова спортшының ойыншылықтан басқарушылық қызметке өту тәжірибесімен бөлісті. Ол клуб жұмысын ұйымдастыру, жауапкершілікті бөлу және әйелдер футболын дамыту мәселелерін сөз етіп, қатысушыларға басқару саласындағы практикалық жағдайларды талдауды ұсынды.

«Қайрат» ФК әйелдер командасының бас бапкері Мария Ялова футболдағы кәсіби бағыттар мен спорт саласында жұмыс істеуге қажетті біліктіліктерді дамытуға арналған бағдарлама аясында сөз сөйледі.

Халықаралық дәрежедегі төреші, нұсқаушы әрі инспектор Эльвира Нұрмұстафина төрешілік бағытын таныстырды. Бұл – мансабын аяқтағаннан кейін де футболда қалуды қалайтындар үшін үлкен кәсіби мүмкіндіктердің бірі.

ҚФФ Элиталық жасөспірімдер футболы және дарындарды анықтау бойынша бас менеджері Жанна Мальгаждарова мен ҚФФ Элиталық жасөспірімдер футболы және дарындарды анықтау департаментінің директоры Тимур Құсайынов ойыншыларды дамыту мен футбол жүйесінің түрлі бағыттарын қамтитын бағдарламаға белсене қатысты.

Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бапкері әрі ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Бегайым Қырғызбаева да семинар спикерлері қатарынан көрінді.

Аталған бағдарлама қатысушыларға футболдағы түрлі кәсіби бағыттармен танысуға және өз тәжірибелерін бапкерлік, физикалық дайындық, басқару, төрешілік немесе аналитика сияқты жаңа рөлдерде қолдану туралы ойлануға мүмкіндік берді.

Safeguarding: қауіпсіз спорттық орта

Семинар бағдарламасында Safeguarding бағытына – футболда қауіпсіз, өзара құрметке негізделген әрі қолдаушы орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл тақырыпта Қазақстан футбол федерациясының Safeguarding бойынша тәуекел-менеджері Шыңғыс Темірханов баяндама жасады. Ол спортшы қыздардың жеке шекарасын сақтау, олардың негізгі құқықтарын қорғау және әрбір футболшы өзін қауіпсіз сезініп, назарын тек жаттығу мен ойынға аудара алатын атмосфераның маңыздылығын түсіндірді.

Талқылаудың өзекгі практикалық сұрақтар болды: қысым мен басқалай кемсітушілік жағдайларын қалай тануға болады, өзгенің жеке шекарасын құрметтеу неге маңызды және мұндай ережелер бұзылған жағдайда қандай әрекет жасау қажет. Қатысушыларға қауіпсіздік мәселелері тек дене саулығына ғана емес, сонымен бірге психологиялық жай-күйге, ар-намысты сақтауға және қысымсыз, қорықпай көмек сұрай алу мүмкіндігіне тікелей байланысты екені ескертілді.

Сонымен қатар футболшылар мұндай жағдайлар туындағанда қолданылатын әрекет ету алгоритмдерімен де танысты. Заңсыз немесе орынсыз әрекеттерге тап болғанда немесе куәгер болғанда мәселені жасырын әрі қауіпсіз түрде хабарлау арналары егжей-тегжейлі түсіндірілді.

UEFA Playmakers: футболды ойын әрі қиял арқылы таныту

ҚФФ Әйелдер футболы департаменті 5-12 жас аралығындағы қыздарға арналған УЕФА мен Disney бірлесіп әзірлеген UEFA Playmakers бағдарламасын елімізде өркендетуді жалғастырып келеді. Ай сайын дерлік еліміздің түрлі қалалары мен футбол клубтары базасында арнайы сабақтар мен үйрету шаралары ұйымдастырылып, жоба географиясы кеңейіп келеді.

Playmakers жобасының басты ерекшелігі – ойын форматында болуында. Мұнда үйреншікті техникалық жаттығулардың орнына қыздар Disney кейіпкерлерінің әлеміне сүңгіп, қозғалыс жаттығуларын орындайды, бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, футболдың алғашқы дағдыларын меңгереді. Бұл әдіс футболға алғаш келген баланың қызығушылығын арттырып, үйлесімділігін, қиялын, өзіне деген сенімділігін дамытады және ұжымда жұмыс істеп, жаңа достар табуға көмектеседі. Бағдарламаның маңызды бөлігі – баланың қателесуден қорықпай, жаңа дүниені еркін байқап көруіне жағдай жасайтын қауіпсіз әрі позитивті атмосфера. Playmakers ең алдымен футболмен енді танысып жатқан, бұған дейін тәжірибесі жоқ қыздарға арналған.

Қараша айында үш клубпен бірлескен қорытынды кезең жоспарланған. 9-11 қараша аралығында Астанада «Астана» ФК базасында УЕФА өкілінің қатысуымен шаралар өтеді. Содан кейін 12–14 қарашада Қостанайда «Тобыл» ФК-мен, ал 16–18 қарашада Петропавлда «Қызылжар» ФК-мен бірлескен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл шаралар өңірлерде бағдарламаны одан әрі дамытудың және қыздардың футболдағы алғашқы қадамдарына жағдай жасайтын клубтарды қолдаудың жалғасы болмақ.

Қазан айындағы бұл кешенді жұмыстар жас футболшылардың жарыстарын, ойыншыларды кәсіби оқытуды және қауіпсіз спорттық орта қалыптастыру бағыттарын бір арнаға тоғыстырды. Аталған бағыттар бір-бірін толықтырады: футболды дамыту тек спорттық нәтижелермен шектелмейді, ол мамандар даярлауды, мансаптық мүмкіндіктерді кеңейтуді және өмірдің әртүрлі кезеңдерінде спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасауды көздейді.

ҚФФ Әйелдер футболы департаменті Қазақстанда әйелдер футболын жүйелі түрде дамыту жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра береді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары
Jankúier қосымшасы