ҚФФ президенті мен Қазақстан құрамасы бас бапкерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

ҚФФ президенті мен Қазақстан құрамасы бас бапкерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

29 сәуір 2024, 22:34
Астанада Қазақстан футбол федерациясы президенті Әділет Барменқұлов пен футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

Федерация басшысы қазақстандықтардың футболға деген қызығушылығының артып келе жатқанан айтты. Әділет Барменқұлов қазіргі таңда елімізде футболмен 1 250 000 бала шұғылданатынын атап өтті. Ал оларды жаттықтыру үшін 2400 бапкер дайындықтан өтті. Бұған қоса, 55 Еуропа елі үміткер болған УЕФA-ның бұқаралық футбол бойынша үздік жобасы номинациясында Қазақстанның жеңіске жеткені еліміздегі футболдың дамып жатқанына дәлел.

«Экономикалық потенциалы миллиард долларды құрайды. Қазір Қазақстанда шетелден келген сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Олардың шығынын толықтай ҚФФ өтеп отыр. Мемлекеттің бюджетінен шашау шығып жатқан жоқ. Еліміздегі басты футбол ұйымының бюджетіне келер болсақ, ҚФФ тек УЕФА, ФИФА және бизнес компаниялардың ақшасымен қаржыландырылады», – деді Барменқұлов.

– «Астана Аренада» жөндеу жұмысы өтіп жатыр, ал Алматыдағы Орталық стадион УЕФА төртінші санатынан айырылып қалуы мүмкін. Сонда күзде Ұлттар лигасы матчтары қайда өтеді?

– Әлі нақты шешім қабылданған жоқ. УЕФА комиссиясы Алматыдағы Орталық стадионда инспекциялау жұмысын өткізді. Қорытындысы екі-үш аптадан кейін белгілі болады. Сондай-ақ «Астана Аренада» Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу бойынша нақты шешімін күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, процесті жылдамдату үшін алаңды тегін ұсынуға дайынбыз. Матчты нейтралды стадионда өткізу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз.

– Биыл QFL жұмысына наразылық арта түсті. ТВ-трансляцияның сапасы сыналып жатыр. Бұл туралы не айтасыз?

– Матч трансляциясы өте қиын процесс. Оның сапасына тек құрал-жабдықтар емес, стадион инфрақұрылымына да әсер етеді. Біздің клубтар қандай стадиондарда ойнап жатқанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Биыл клубтарға жеңілдік жасадық. Бірақ бұл проблеманы шешуге жасалған соңғы мүмкіндік. Егер келесі жылы лицензиялаудан 6-8 клуб қана өтсе де, чемпионатты өткізе береміз. Өкінішке қарай, матч кезінде төтенше жағдайлар болып тұрады. Кабельді үзіп кету, электр жарығын сөндіріп кету секілді диверсиямен де кездестік. Бұл миллиондаған жанкүйерлер алдындағы қылмыс. 

– «Ахмат» ФК Магомед Адиев жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда, келісімшартты ұзартуға дайын екенін мәлімдеді. Бұған қатысты қандай шешім қабылданады?

– Клуб басшылығының бұл жөнінде маған хабарласқаны құпия емес. Магомед Мұсаұлы 1 маусымға дейін еңбек демалысы уақытында қайда болатынын өзі шешеді. Бұл туралы өзара келісім болды. Магомед Мұсаұлы туған клубына көмектесемін деп дұрыс шешім қабылдады. Қазіргі уақытта екі жақты қатар алып жүру бойынша келіссөз жүріп жатыр. Барлық тараптың да көңілінен шығатын шешім қабылдану керек. Егер ұлттық құрамаға кері әсерін тигізетін болса, басқа шешімді қарастырамыз.

– Стадион құрылысы туралы сөз болғанда, көрші елдермен салыстырғанды жақсы көреміз. Мысалы, Қырғызстанда ұлттық құрама үшін жаңа стадионның таныстырылымы өтті. Ал біздегі стадиондарды мектеп оқушылары жасаған секілді көрінеді. ҚФФ Қазақстанда сапалы стадион салатын құрылыс компанияларымен келіссөз жүрізе ме?

– Қандай компания келмесін, бәрі УЕФА стандарты бойынша стадион салады. Облыстар стадион құрылысы туралы мәлімдеме жасағанда, шындыққа жанаспайтын стадиондардың эскизін ұсынатындар бар. Әлі іске аспаған біреудің идеясын БАҚ дайын жоба ретінде жариялайды. Осыған байланысты, биылдан бастап қосымша шара қолданамыз: спорт туралы Заң бойынша бірде бір инфрақұрылым нысаны аккредиттелген ұлттық федерацияның келісімінсіз салынбайды. Шымкент пен Ақтөбедегі нысандардың құрылысы туралы ақпарат алған сәтте УЕФА-ға ұсыныс тастап, келіссөз жүргіздік. Бүгінде УЕФА тәжірибесін бөлісіп, құрылыс барысын қадағалайтын мамандарды беруге дайын.

Ұлттық құраманың бас бапкері клуб пен құрамадағы жұмысын қатар алып жүру, құрамды жасарту туралы ойын айтты.

– Магомед Мусаұлы, жақында «Ахматтың» тізгінін ұстадыңыз. Сізбен бірге Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы да жұмыс істеп жатыр. Ұлттық құрама штабына сараптама жасап, болашақ құрама ойыншыларын іздейтін мамандар қосыла ма?

– Штабтың жұмысы тоқтамайды. Әрине, кейбір матчтарға бара алмауымыз мүмкін. Бірақ әр тур туралы барлық ақпаратты алып отырамыз. Біраз жаттықтырушылармен байланыстамыз, оның үстіне ұлттық құрамалар департаменті қосымша ақпаратты беріп отырады. 25 мамырға дейін клубтағы жұмысымды аяқтап алуым керек. Сосын Қазақстанға оралып, құраманың жұмысына толық кірісеміз.

– Клуб сізбен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Келісімшарт мерзімін создыру туралы шешім қандай болады?

– ҚФФ президенті айтқандай, федерация басшылығы мен клуб арасында келісім болған. Мен мұндайды күткен жоқпын. Аяқ-асты болған іс қой. Қазір маған бапкер ретінде үлкен тәжірибе болды. Бұрын ұлттық құрамалар ойындары арасындағы үзілісте өзімді қоярға жер таппай кететін едім. Сондықтан маған көбірек жұмыс істеп, бабымда болу керек екенін түсіндім. Қазір болып жатқан жағдай бапкер үшін қалыпты құбылыс. Ал келісімшарт туралы айтатын болсам, президентпен келісім бар. 1 маусымнан ұлттық құрамаға оралып, жолдастық матчтарға дайындаламыз. Келісімшартым 1 желтоқсанға дейін жасалған, оның үстіне өзім де ұлттық құрамамен жұмыс істегім келеді. Президентпен жеке сөйлесу барысында тағы ақылдасармыз. 

– Ұлттық құрама сапын жасарту, жаңа ойыншыларды шақыру туралы айта кетсеңіз.

–  Бұл тұрғыда жоспар бойынша жұмыс істейміз. Кейінгі екі ойында, қанша маңыздыт болса да, қосалқы құрамның жігіттеріне мүмкіндік бердік. Біз заманауи футбол талаптарына сай болып, жылдам футбол ойнағымыз келеді. Бапкер ретінде болашақты қалай көретінімді ҚФФ президентіне айттым. Биыл біздің құрама үшін маңызды жыл. Барлық жолдастық ойындар, Ұлттар лигасы матчтарын 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындық ретінде қабылдауымыз керек. Жылдам футбол ойнап, жастар құрамасынан футболшыларды тартуымыз қажет.

– Сіз «Ахмат» тізгініне келгелі матчтарды үзбей көреміз. Бапкерге де, ойыншылар секілді үнемі бабында болу керек. Қазір әр апта сайын комаданы жаңа қарсыласқа дайындайсыз. Бұл өз кезегінде бапкер ретінде ой-өрісіңізді кеңейтіп, ұлттық құрамаға көмектесе ме?

– Баспасөз мәслихаттарында кейбір матчтарда менталды тұрғыда дайын емес екенімізді айтқан едім. Мықты қарсылас, лық толған стадион, футболшыларымыз психологиялық тұрғыдан есе жіберді. Бірақ бапкер ретінде менталды тұрғыда дайын емеспін деп айтқан жоқпын. Бір құпия айтайын. Іріктеу кезеңінің алғашқы турында Словенияға қарсы матч алдында бәріне дайын секілді көріндім. Бірақ Әзербайжан мен Словения ойындарының арасы төрт айды құрады. Алаңға шыққанда уайымдап, «бар ойым ойында» болу керегін өзіме қайталаумен болдым. Сол сәтте ұзақ уақыт үзіліс болғанын, көбірек жұмыс істеу керегін түсіндім.

Әділет Назарбайұлымен екі жұмыс қатар алып жүру туралы сөйлескенде, көбірек жұмыс істеуім керек екенін, үзіліс тым көп екенін айттым. Бапкер ретінде дамуға осы мүмкіндікті жіберіп алмауды сұрадым. Шешімім дұрыс болды деп ойлаймын. Жаттықтырушы ретінде дамып жатқанымды сеземін. «Ахмат» құрамындағы ойыншылар Премьер-лига клубтарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Бапкер ретінде, қарсыласымыздың қарымын түсіп, кемшілігімізді барынша жабуға тырысамын. Бір құпиямды бөлісейін: «Нижний Новгородқа» қарсы кешегі ойынға құрамды жасақтағанда, қарсыласымызға қарағанда мықты екенімізді түсіндім. Жігіттерге қарсыласқа құрмет танытып, бей-жай қарамауды өтіндім. Бірақ жеңіске жететінімізді айттым. Бұл расында бапкер ретінде дамуға керемет тәжірибе.

Қазақстан құрамасына пайдасы туралы айтатын болсам, көмегі болар. Бапкердің біліктілігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ол әртүрлі. Мықты қарсыласпен ойнағанда, көп кемшілігіңді жабуға болады.

– «Ахматпен» маусымды сәтті аяқтап, клубта қалып жатсаңыз, Қазақстан құрамасының ойыншыларын шақырасыз ба?

– «Ахматтың» спорт директоры Қазақстан құрамасының қай ойыншылары назар аудару керегін сұраған болатын. Тізім жазып бердім. Бірақ бұл жерде басқа факторлар да бар. Футболшының өзі ауысқысы келсе, трансферлік құны клубтың көңілінен шықса дегендей. Сондықтан ойыншыларымызды «Ахматта» көреміз бе жоқ па – білмеймін.

Бөлісу
Жоғары