Талғат Байсуфинов: «Әлем чемпионымен ойнау зор абырой»
– Қазақстан құрамасының Францияға қарсы өтетін кездесуі қалың көрерменнің қызығушылығын тудыртып отыр. Әлем чемпионына қарсы ойынға құрама командамыз қалай дайындалды?
– Біз жеребе тартылған соң дайындықты бірден бастадық. Қарсыластарды зерттеп, олардың қазіргі жағдайы қалай, ойын тактикалары қалай өзгергенін сараладық. Сосын алғашқы матч жайлы тереңірек қарастырдық. Франция құрамасы Әлем чемпионы. Оны барлығыңыз білесіздер. Бұл командаға қарсы ойнау өте қиын. Десе де, бізге өзімізді көрсететін кез келіп тұр. Бар күшімізді жинап, бір ойынға барымызды салсақ деп отырмыз. Әлем чемпионымен күнде ойнай бермейміз.
Дайындық мәселесіне келсек, біз бапкерлер штабы болып Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына бардық. Онда ұлттық құрамаға аламыз деген футболшылардың біршамасын тексердік. Сосын, Павел Черепановпен бірге арнайы тест ұйымдастырып, барлық футболшының қал-жағдайын байқадық. Одан кейін Түркістан қаласында өткен Суперкубок ойындарына бардық. Ол жерде де бізге ұнаған бірнеше футболшы болды.
– Құрама командаға бапкер болып келгеннен кейін біршама өзгерістер алып келетініңіз анық. Жаңадан алынған футболшылар жайлы айта отырсаңыз.
- Иә, біз қазір құрамаға жастарды көптеп шақыруымыз керек. Олар командамыздың болашағы. Сондықтан да, «Ордабасы» сапында ойнайтын Елхан Астановты бас командаға алдыртып отырмыз. Оған қоса ортада ойнайтын Рамазан Оразовты шақырдық. Ол қазір ресейдің «Чайка» деген командасында өнер көрсетіп жүр. Мен бұл футболшыны кезінде Қазақстан жастар құрамасына алған едім. Сол командада ол капитан болды. Осы жақында ғана «Ақтөбе» сапында жарқырап шыққан жас талантты футболшы Максим Самородов та құрамаға бой үйретсін деп шештік. Біздің қазіргі басты мәселеміз шабуылшылар болып отыр. «Роторда» ойнайтын Алексей Щеткиннің кішігірім жарақаты бар. Тіпті, қорғаушыларымыз Дмитрий Шомко мен Юрий Логвиненконың да денсаулықтары сыр беріп тұр. Одан бөлек тәжірибисі мол аяқдопшылар керек болғандықтан Серікжан Мұжықов пен Азат Нұрғалиевті құрамаға қайта шақырдық. Олар соңғы кезде керемет ойнап жүр. Жанкүйерлер оны мен айтпасам да білетін шығар.
– Сіз Қазақстан жастар құрамасының бапкері ретінде Францияға қарсы кездесулер өткіздіңіз. Сол кезде алған әсеріңізбен бөлісе кетсеңіз.
– Мен бас бапкер болған кезде Франция жастар құрамасы өте мықты болды. Олардың құрамында ойнайтын футболшылар еуропаның алпауыт ұжымдарында доп теуіп жүрді. Дегенімен, бірінші таймда ойын тең аяқталды. Тіпті, біздің гол салатын мүмкіндігіміз де болған еді. Ал екінші таймда алма-кезек шабуылдармен өрілген кездесуде шеберлігі басым болған француздар 12 минутта екі гол салып кездесу тағдырын шешіп тастады. Сол кезде ойнаған жастар қазір Франция құрамасының белді футболшылары.
– Франция құрамасының шабуыл шебі өте мықты. Мбаппе, Гризманн, Жиру секілді әлем футболының шоқ жұлдыздарына қарсы қандай амал бар?
– Франция құрамасының шабуылын бүкіл әлем жақсы біледі. Оларға қарсы ойнаған командалардың барлығы біріншің кезекте қорғанысты ойлайды. Дегенімен, біздің қапталдағы қорғаушыларымыз тек қана қорғанып қана қалмай, аракідік шабуылға да араласуы тиіс. Ал Мбаппе, Гризманн секілді ТОП шабуылшыларды ұстау үшін персоналды қорғаныс пайдалану өте қиын. Олар жеке шеберліктерінің арқасында жұлқып өтіп, айып алаңымыздың маңында бос кеңістік тудыртады. Біз ондайдан қашуымыз керек. Бапкерлер штабы арнайы видеолар көрсетіп, оларға қарсы қалай қорғану қажет екенін үйретеміз. Одан бөлек ортадағы жартылай қорғаушыларымыз да қорғанысқа көп көмектеседі. Жалпы құрамадағы ойыншылар бір-біріне көмектесіп, бір-бірін сақтандырып жүруі тиіс. Бұл мәселені де біз арнайы тоқталып түсіндіретін боламыз.