1913-14

Алғашқы қазақ командалары.

Семей қаласында ССК, «Олимп», «Ласточка», «Орлята» және «Ярыш» атты алғашқы қазақстандық командалар пайда болды. Кейбір деректерде аяқ доп ойынын Орталық Азия мен Сібір бойынша ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласына ағылшын саудагерлері алып келгені айтылады.

Кезінде «Ярыш» футбол клубының сапында қазақ атын әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен танытқан әдебиет алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897 - 1961) ойнаған. Оның өмірлік туындысы қырық сегіз елдің тіліне аударылып, жалпы жиынтығы 2 000 000 данамен таратылған әлемдік әдебиеттің алтын қорындағы құнды шығармалардың бірі.

Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты.

Семейлік футбол жылнамашысы Евгений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есептеледі. Әңгіме «Ярыштың» Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қатысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қарсы 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы ойнаған. Қазақстандық футболдың қарлығаштары алғашқы ойындарын Қазан төңкерісіне дейін күз сайын өткізілетін атақты Семей жәрмеңкесі өтетін алаңқайда өткізіп келді.

1915-16

Ертіс жағасындағы футбол. Танымалдығы күн санап артқан аяқдоп ойыны Павлодарға да жетті. Ертіс жағасындағы қалада «Ястреб» және «Звездочка» командалары пайда болды. Семей мен павлодарлық командалар Ресей империясының көршілес орналасқан губернияларының командаларымен жиі кездесе отырып футболдың Орта Азия мен Сібірде кең танылуына жол ашты.

1921

Алғашқы футбол алаңы.

Жамбыл қаласында Қазақстандағы алғашқы футбол алаңы пайдалануға берілді.

1928

Тұңғыш ресми жарыс. Петропавл қаласында Қазақ АКСР (Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы) губернияларының командалары арасында ресми жарыс өткізілді. Аталмыш турнирге қатысқан ойыншылардан Қазақстан тарихындағы тұңғыш құрама команда жасақталып, бұл ұжым РКФСР (Ресей Кеңестік Федеративті Социалистік Республикасы) облыстары мен автономиялары халықтарының I Бүкілодақтық жұмысшылар Спартакиадасы іріктеу бәсекесіне қатысты. Қазан қаласында өткен жарыста қазақстандық команда бес кездесу өткізіп, турнир қортындысы бойынша екінші орынға ие болды.

1936

Бүкілодақтық бәсекеге алғаш қатысу.

Қазақстандық команда алғаш рет Бүкілодақтық ресми бәсекеге қатысты. I КСРО Кубогының 1/32 финалдық кездесуіне қатысудан бас тартқан куйбышевтік клубтастарын алмастырған Ақтөбе қаласының «Динамо» командасы мәскеулік ЦСКА-мен кездесу өткізді. Матч қорытындысы мәскеуліктердің пайдасында 4:0 болып аяқталды.

1937

«Шығыс қалалары» тобы.

Қазақстандық команда алғаш рет кәсіпқой клубтар арасындағы КСРО чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Кеңес Одағының ІІІ Чемпионатындағы «Шығыс қалалары» тобында ойнаған алматылық «Динамо» жеті қатысушының арасында үшінші орынға ие болды.

1940

Алғашқы жеңіс!

Қазақстандық клубтың бүкілодақтық деңгейде алғаш рет жеңіске жеткен жылы. Алматылық «Динамо» Таганрогта өткен КСРО-ның Денешынықтыру ұжымдары Кубогының финалындағы екінші матчта жергілікті «Торпедоны» 3:1 есебімен ұтып, бағалы жүлдеге қол жеткізді. Халық арасында «Миллиондар кубогы» деген атқа ие бұл жарыстың бастапқы кезеңінде ұзын саны 2150(!) қатысқан.

1946

Бірінші чемпионат.

Қазақстанның спорттық ұжымдар арасындағы І Чемпионаты тұсауын кесті. Турнирдің алғашқы жеңімпазы жамбылдық «Локомотив».

1948

Алғашқы кубок.

Спорттық ұжымдар арасындағы алғашқы Қазақстан Кубогы сарапқа салынды. Аталмыш жүлденің алғашқы жеңімпазы - қарағандылық «Динамо».

1951

Финалдағы жеңіс.

Алғашқы кезеңдерде Баку, Одесса және Сталинградттық ұжымдарды жеңген шымкенттік «Металлург» ВЦСПС Кубогының финалына жолдама алды. Шешуші сында оңтүстікқазақстандық ұжым кемеровтік «Шахтерді» 3:1 есебімен ұтты.

1957

Алғашқы ресми халықаралық матч.

Қазақстан футболының тарихындағы алғашқы ресми халықаралық матч. Алматыда жергілікті «Қайрат» финляндиялық «Вааса» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 4:0 есебімен жеңіске жетті.

1959

Футбол федерациясының құрылуы.

Қазақ КСР футбол федерациясы құрылды.

1960-61

КСРО чемпионатына қатысу.

Алматылық «Қайрат» қазақстандық командалар арасында алғаш рет жоғары дивизион клубтары арасындағы КСРО чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Тарихи гол.

Қазақстандық футболшылар КСРО Чемпионатының жоғары дивизионындағы алғашқы голдарын соқты. Мәскеулік «Локомотивтің» қақпасына соғылған тарихи голдың авторы қайраттық Сергей Квочкин.

Жартылай финалда - «Торпедо».

Өскемендік «Торпедо» Миллиондар Кубогының жартылай финалына шықты.

1962

«Шахтер» жетістігі.

Қарағандылық «Шахтер» қазақстандық клубтар арасында алғаш болып КСРО-ның «Б» класындағы командалар ойнайтын чемпионатының ІІ аймағында жеңімпаз атанды. Аталмыш турнирдің І және ІІ аймағындағы жеңімпаздар арасында өткен екі кездесуден тұратын финалдық ойынның қорытындысы бойынша қарағандылықтар Гомель қаласының «Локомотив» командасын ұтып (1:0 және 0:0), КСРО чемпионатының «А» класындағы командалар бәсекесіндегі ІІ топта ойнауға мүмкіндік алды.

1963

КСРО Кубогының жартылай финалы.

Алматылық «Қайрат», КСРО–ның XXII Кубогының жартылай финалына шығып, қазақстандық клубтардың аталмыш турнирдегі ең жоғары жетістігіне қол жеткізді. Финалдың жолдамасына таласқан алматылықтар мен донецкілік «Шахтер» арасындағы жартылай финалдық кездесудің тек қосымша уақытында ғана украиналық команда 2:1 есебімен жеңіске жете алды.

1964

«Торпедо» - үшінші орын!

Алғашқы кезеңдерде жоғары нәтиежелерге қол жеткізген өскемендік «Торпедо» Миллиондар Кубогының «Үлкен финалына» жолдама алды. «Динамо-3» (Мәскеу) - 3:2 есебімен ұтып, молодечиналық «Норочьпен» өткізген кездесуді 0:0 нәтижесімен аяқтап, Белая Калитвалық «Трудтан» 2:0 есебімен жеңіліп қалған шығысқазақстандықтар турнирде үшінші орынға ие болды. Бұл бәсекеге сол жылы тұтастай алғанда 40286(!) команда қатысқан. Жарыс қорытындысы бойынша торпедолық қақпашы А. Лазарев пен шабуылшы Ю. Тимошенко өз ойын жүйелері бойынша үздік футболшылар болып танылса, ұйымдастырушылар «Торпедо» футбол клубын «Таза ойын» жүлдесімен де марапаттады.

1966

«Қайрат» жүлдесі.

Алматылық «Қайрат» жоғары лига командаларының арасындағы КСРО чемпионатының қорытындысы бойынша «Жеңіске деген ынтасы» үшін жүлдесіне ие болды.

1967

«Шахтер» үшін шешуші сын.

Қарағандылық «Шахтер» «А» класындағы ІІ топтың ІІІ бірлестігіндегі командалар арасында жеңіске жетіп КСРО чемпионатының жоғары лигасында ойнауға мүмкіндік беретін жолдама сарапқа салынар шешуші турнирге қатысты. Бұл бәсекенің финалдық кезеңінде «Шахтер» кировабадтық «Динамомен» бірдей ұпай жинағанымен, қосымша белгіленген кездесуде қарсыластарынан 1:0 есебімен жеңіліп қалды.

1968

Жезқазғандық «Еңбек» жеңісі.

КСРО Футбол федерациясы «Б» класындағы командалардың қазақстандық аймағын құрады. Жалпы саны 21 клуб қатысқан аймақтық жарыстың алғашқы жеңімпазы - жезқазғандық «Еңбек».

Целиноградтық «Динамо» табысы.

Кәсіби клубтар арасындағы алғашқы Қазақстан Кубогының бәсекесі өткізіліп, бас жүлдеге целиноградтық «Динамо» қол жеткізді.

1971

Ең ірі жеңіс!

Қазақстанның клубтық футбол тарихындағы ең ірі жеңісі тіркелген жыл. Алматылық «Қайрат» Кеңес Одағы клубтарының арасында алғаш болып Теміржолшылардың Халықаралық Спорттық Одағы Кубогын жеңіп алды. Шешуші сынға барар жолда алматылықтар кошицелік «Локомотивті» (Чехия) үйде 4:1, сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Содан кейін біздің команда Алматыда софиялық «Славиядан» (Болгария) 1:3 есебімен жеңіліп қалғанымен, сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалда Бухаресттің «Рапидімен» кездесті. Румынияда өткен кездесуде 1:1 нәтижесімен аяқталды. Ал, Алматының Орталық стадионында 32 мың жанкүйер тамашалаған тарихи кездесуде «Қайрат» 1:0 жеңіске жетіп, мәртебелі жүлдені ұтып алды.

Сейілда Байшақов - жаңа есім!

Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Сейілда Байшақов «Смена» жастар апталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша КСРО чемпионатының жоғары дивизионындағы «Үздік жаңа есім» болып танылды.

1973

Жастардың күміс жүлдесі.

Қазақстан жастар құрамасы Бүкілодақтық «Переправа» турнирінің күміс жүлдегері атанды.

1975

Теміртаулық «Болаттың» табысы.

Теміртаулық «Болат» футбол клубы қазақстандық командалар арасында екінші болып Миллиондар Кубогын ұтып алды. Финалдық кездесуде металлургтер Раменскінің «Сатурнды» 1:0 есебімен ұтып кетті.

1976

Бірінші лига жеңімпазы.

Алматылық «Қайрат» қазақстандық футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті.

Еуропа чемпионатының жеңімпаздары.

Алматылық шабуылшы Александр Хапсалис пен павлодарлық қорғаушы Александр Кадейкин жасөспірімдер арасындағы (U-19) Еуропа чемпионатында жеңіске жетті.

1977

КСРО құрамына қабылдану.

Алматылық «Қайраттың» қорғаушысы Сейілда Байшақов қазақстандық футболшылар арасында бірінші болып КСРО құрамасына шақырту алды. Футболшы Кеңес Одағы құрамасы сапындағы алғашқы матчын 1978 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Будапештте Венгрия құрамасына қарсы өткізді.

1980

Павлодарлық «Трактор» жетістігі.

Павлодарлық «Трактор» самарқандтық «Динамо» мен тольяттилік «Торпедо» біріккен топтан үздік шығып, екінші лига клубтарының арасындағы КСРО чемпионатының VII аймағында жеңіске жету арқылы Қазақстан атынан Кеңес Одағы біріншілігінің бірінші лигасында ойнауға мүмкіндік алды.

«Қайраттың» кезекті жүлдесі.

Алматылық «Қайрат» екінші рет жоғары лига командаларының арасындағы КСРО чемпионатының қорытындысы бойынша «Жеңіске деген ынтасы» үшін жүлдесіне ие болды.

1981

Қысқы халықаралық турнир жеңімпазы.

Алматылық «Қайрат» ұжымы «Неделя» газетінің жүлдесі үшін өткен Қысқы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Алматылықтар мен мәскеулік «Динамо» арасында өткен финалдық кездесудің негізгі уақыты нәтижесіз тең есеппен аяқталған болатын. Жеңімпаз матч соңындағы пенальтиде анықталды. «Қайрат» 5:4 есебімен жеңіске жетті.

1983

Бірінші Лиганың алтын жүлдесі.

Алматылық «Қайрат» екінші рет Бірінші Лига командаларының арасындағы КСРО Чемпионатының алтын жүлдесін ұтып алды.

1985

Балалардың алғашқы ірі жеңісі.

Қазақстандық балалар мен жасөспірімдер футболының түлектері Бүкілодақтық аренадағы алғашқы ірі жеңістеріне қол жеткізді. Минскіде өскемендік «Спутник-2» командасы «Былғары доп» турнирінің ересек жас дәрежесіндегі футболшылар турнирінде бас жүлдеге ие болса, Қазан қаласында өткен орта жас дәрежесіндегі балалар жарысында жамбылдық «Жалын» жеңімпаз атанды.

1986

Вахид Масудов - үздік гол авторы.

«Футбольное обозрение» бағдарламасының жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша Алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Вахид Масудовтың Алматыда өткен кездесуде днепропетровскілік «Днепрдің» қақпасына соққан голы Жоғары Лига командаларының арасындағы XLIX КСРО Чемпионатының үздік голы болып танылды.

КСРО чемпионаты - жетінші орын.

Жоғары Лига командаларының арасында өткен КСРО чемпионатында қорытынды жетінші орынға ие болған алматылық «Қайрат» қазақстандық клубтардың аталған турнирдегі ең үлкен нәтижесіне қол жеткізді.

1988

Алғашқы Олимпиада чемпионы.

Алматылық «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Евгений Яровенко КСРО олимпиадалық құрамасының сапында Сеулде өткен ХХIV жазғы Олимпиалық ойындардағы футбол турнирінің алтын жүлдесін жеңіп алу арқылы отандық футбол тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.

Федерация Кубогының жеңімпазы.

Алматылық «Қайрат» КСРО Федерация Кубогының жеңімпазы атанды. Кишиневтің Республикалық Стадионында өткен финалдық кездесуде алматылықтар бакулік «Нефтчиді» 4:1 есебімен ұтты.

Қыздар командасының ресми ойыны.

Қазақстандық қыздар командасы Бүкілодақтық ресми кездесуге қатысты. Мәскеу облысындағы Кашира қаласындағы «Собеседник» апталығының жүлдесі үшін өткен ІІ Бүкілодақтық турнирге «Претендент» қыздар командасы атсалысты.

1989

Футбол қауымдастығының құрылуы.

Қазақ КСР Футбол қауымдастығы құрылды.

Шетелге ауысқан алғашқы футболшы.

Алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди қазақстандық футболшылар бірінші болып шетелдік клубпен келісімшарт бекітті. Оның алғашқы шетелдік клубы грекиялық «Левадиакос» болды.

1990

Ардагерлер күміс жүлде иеленді.

Алматылық «Қайраттың» ардагерлері КСРО чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Сочиде өткен финалдық ойында қазақстандық команда Краснодар қаласының «Кубань» клубына 2:4 есебімен есе жіберді.

Қыздар жоғары лигаға қосылды.

Алматылық «Мерей» жоғары лига командалары арасында КСРО әйелдер чемпионатына қатысқан алғашқы қазақстандық клуб атанды.

1991

Мерейі үстем - «Мерей».

Алматылық «Мерей» клубы ГФР-де өткен Халықаралық әйелдер турнирінде жеңімпаз атанды. Олар Германия, Швейцария, Венгрия және өзге елдерден келген 33 команданың ішінен озық шықты.

1992

Қауымдастықтың атауы өзгерді.

Қазақ КСР футбол қауымдастығы Қазақстан Республикасы футбол қауымдастығы болып өзгерді.

Азия футбол конфедерациясына қабылдану.

Қазақстан Халықаралық футбол қауымдастықтарының федерациясы (ФИФА) мен Азия футбол конфедерациясының (АФК) мүшесі болып қабылданды.

Тұңғыш ел чемпионаты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Кубогы өтті. Екі турнирде де алматылық «Қайрат» жеңіске жетті.

Орталық Азия Кубогы.

Қазақстан Ұлттық құрамасы халықаралық аренада алғашқы матчын өткізді. Орталық Азия Кубогының І жарысында екі айналымнан тұратын турнирде жеңіске жетіп, алғашқы ірі табысқа кенелді.

1993

Футзалшы қыздар кубок жеңімпазы.

Алматылық «Мерей» футзалдан әйелдер арасындағы І Ұлтаралық Кубоктың жеңімпазы атанды.

«Мерейдің» кезекті жеңісі.

Алматылық «Мерей» футзалдан әйелдер арасындағы І Ресей ашық чемпионатында жеңіске жетті.

1994

Қазақстан - ФИФА мүшесі.

Қазақстан ФИФА мен АФК толық құқылы мүшесі болып қабылданды.

Азия бәсекесі.

Қазақстан жасөспірімдер (U-16) және жастар (U-19) құрамасы жасөспірімдер арасындағы VI Азия чемпионаты мен жастар арасындағы ХХIХ Азия чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатысып, халықаралық аренада алғашқы ойындарын өткізді. Азия чемпионатының іріктеу және финалдық турнирі осы жас категориясы бойынша Әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңі саналады.

Жастар финалға өтті.

Қазақстан жастар құрамасы ХХIХ Азия чемпионатының іріктеу тобының жеңімпазы атанып, финалдық кезеңге жолдама алды.

Азиядағы алғашқы сын.

Павлодарлық «Аңсат» пен жамбылдық «Тараз» клубтары ХIV Азия чемпиондарының Кубогы мен V Кубок иегерлерінің Кубогына қатысып, Азия футбол конфедерациясының ресми клубтық турниріне қатысқан алғашқы қазақстандық команда атанды.

«Тараз» табысқа кенелді.

Жамбылдық «Тараз» Азияның V Кубок иегерлерінің Кубогында Орталық Азия іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, турнирдің екінші айналымына өткен алғашқы қазақстандық команда атанды.

Ардагерлер алған үшінші орын.

Алматылық «Қайраттың» ардагерлер құрамасы Австралияның Брисбен қаласында өткен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орын үшін тартыста Сидней (Австралия) қаласының ардагерлер құрамасын 2:1 есебімен ұтты.

1995

Олимпиада жолында тартыс.

Қазақстан олимпиадалық құрамасы халықаралық аренада алғашқы жарысын бастап, Атлантадағы ХХVI Олимпиадалық Ойындардың Азия аумағы бойынша топтық іріктеу кезеңінде жеңіске жетті.

Олег Литвиненко - сұрмерген.

Семейлік «Елімай» мен ҚР олимпиадалық құрамасының шабуылшысы Олег Литвиненко Азия аумағы бойынша «Атланта-96» іріктеу кезеңінде 10 гол соғып, ең үздік сұрмерген атанды.

Олег Литвиненко - Азия үздігі.

Жоғарыда аталған көрсеткіштері үшін қазақстандық Олег Литвиненко 1995 жылдың қазанында Азия футбол конфедерациясының үздік ойыншысы деп танылды.

Халықаралық аренада - әйелдер.

Қазақстан әйелдер құрамасы халықаралық аренада алғашқы жарысын бастады. Олар әйелдер арасындағы Х Азия чемпионатының іріктеу турниріне қатысты.

«Елімай» екінші кезеңге өтті.

Семейлік «Елімай» ХV Азия чемпиондарының Кубогы қатысып, алғаш рет турнирдің екінші кезеңіне шыққан қазақстандық команда атанды.

1996

Достастық Кубогы.

Семейлік «Елімай» Достастық Кубогында ширек финалға шығып, турнирдің екінші кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық клуб атанды.

Алыс шетелден келгендер.

Бразилиялық шабуылшы Маркос Роберто Сампайо Пимента мен жартылай қорғаушы Антонио Роберто зе Мария семейлік «Елімайға» шақырту алып, қазақстандық клубтарда ойнаған алғашқы алыс шетелдік футболшылар атанды.

Қазақстан төрешісі шақырылды.

ФИФА төрешісі, семейлік Александр Борисов жасөспірімдер арасындағы VII Азия чемпионатының финалындық матчына төрелік етіп, Азия футбол конфедерация құрлықтың басты матчтарына шақырылған алғашқы қазақстандық төреші атанды.

Ұлттық құраманың алғашқы ойыны.

Қазақстан Ұлттық құрамасы XI Азия чемпионатына қатысып, Азия футбол конфедерациясы аясында алғашқы ойынын өткізді.

Тегерандағы іріктеу ойыны.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Иран астанасы Тегеранда III Әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысып, ФИФА аясында алғашқы ресми турнирін өткізді.

Ширек финалға шыққан клуб.

Шымкенттік «СКИФ-Ордабасы» Азия Кубок иегерлері Кубогының VII чемпионатының ширек финалына шығып, турнирдің үшінші кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық клуб атанды.

1997

Халықаралық турнирдің қоласы.

Семейлік «Елімай» «Түркіменбашы Кубогы» Халықаралық турнирінің қола жүлдегері атанды.

«Елімайдың» Германиядағы жеңісі.

Семейлік «Елімай» Германияның Штаккерау қаласында өткен «Штаккерау-97» Халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Олар шешуші ойында Австрияның Тироль қаласының «Сваровски-Тироль» командасын 2:0 есебімен ұтты.

Әлем Чемпионатына іріктеу.

Қазақстан Ұлттық құрамасы 1998 жылғы Францияда өткен XVI Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып, Азия құрлығындағы алғашқы іріктеу кезеңінің тобында жеңіске жетеді.

1998

Жастар финалға жолдама алды.

Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатының іріктеу тобының екінші мәрте жеңімпазы атанып, турнирдің ХХХI жарысының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Әлем Кубогына тұңғыш жолдама.

Қазақстан жастар құрамасы ХХХI Азия чемпионатының финалдық кезеңінде төртінші орынға ие болып, жасөспірімдер арасындағы Х Әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғау құқығын жеңіп алды. Тұңғыш рет қазақстандық футбол Әлем Кубогының финалдық кезеңіне шықты.

Владимир Фомичев - үздік бапкер.

Азия футбол конфедерациясы 1998 жылдың қазанында Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Владимир Фомичевті Азияның ең үздік деп таныды.

Ардагерлер құрамасы топ жарды.

Қазақстандық футболдың ардагерлер құрамасы Біріккен Араб Әмірлігінде ардагерлер арасында азиялық Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды.

«Елімай» - үш дүркін чемпион.

Семейлік «Елімай» қазақстандық клубтар арасында бірінші болып Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды.

1999

Ерлан Оразаев голы.

Алматылық «Қайрат» пен Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Ерлан Оразаев жасөспірімдер арасындағы Х Әлем чемпионатында Хорватия құрамасының қақпасына гол соғып, футболдан әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде гол соққан алғашқы қазақстандық футболшы атанды.

«Тобыл» Тунисте топ жарды.

Қостанайлық «Тобыл» Тунисте өткен Халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Қостанайлықтар шешуші ойында Африка чемпиондары Кубогының иегері Сус (Тунис) қаласының «Этуаль» футбол клубымен 0:0 есебімен ойнап, ұпай саны бойынша басым түсті.

Әлемнің үздік ондығы.

ФИФА 1998 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанды өз футболының дамуында ілгері жылжыған әлемнің он үздік елінің қатарына енгізді.

Азияның үздік бестігі.

Азия футбол конфедерациясының 1998 жылғы маусымының қорытындысы бойынша Қазақстан өз футболын дамытуда ілгері жылжыған азиялық бес елдің қатарына енді.

Сидней жолында тартыс.

Қазақстанның олимпиадалық құрамасы 2000 жылғы Сиднейдегі ХХVII Олимпиада ойындарының Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирінің бірінші кезеңінде өз тобында жеңіске жетті.

Куала-Лумпурде алған қола.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Азия футбол конфедерациясының ресми турниріне алғаш рет қатысты. Олар Малайзия астанасы өткен І Азия чемпионатында сынға түсіп, қола жүлде жеңіп алды.

Андрей Травин соққан гол.

Азия футбол конфедерациясы 1999 жылдың қараша айында алматылық «Қайрат» пен Қазақстан олимпиадалық құрамасының жартылай қорғаушысы Андрей Травинді ең үздік гол авторы деп таныды. Ол голды Азия аумағы бойынша «Сидней-2000» іріктеу кезеңінде Таиланд олимпиадалық құрамасының қақпасына соқты.

Ең үздік бапкер.

Азия футбол конфедерациясы 1999 жылдың маусымында Қазақстан олимпиадалық құрамасының бас бапкері Владимир Фомичевті ең үздік жаттықтырушы деп таныды.

100 гол соққан алғашқы футболшы.

Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының ойыншысы Андрей Мирошниченко Қазақстан чемпионатында 100 гол соққан, алғашқы футболшы атанды.

«Ертістің» ерлігі.

Павлодарлық «Ертіс» ХIХ Азия чемпиондары Кубогының ширек финалына шығып, турнирдің үшінші кезеңіне өткен алғашқы қазақстандық команда атанды.

2000

Андрей Мирошниченко голы.

Азия футбол конфедерациясы павлодарлық «Ертістің» ойыншысы Андрей Мирошниченконы 2000 жылдың ақпанындағы ең үздік голдың авторы деп таныды. Гол ХIХ Азия чемпиондары Кубогының ширек финалында Ирактың «Полис клаб» (Бағдад) командасының қақпасына соғылды.

Азия жұлдыздарының құрамасы.

Алматылық «Қайрат» жартылай қорғаушысы Руслан Балтиев Азия футбол конфедерациясының шақыруымен Азия футбол жұлдыздарының қатарына қабылданады. Оның құрамамында Иранға қарсы ойын өткізеді. Матч Иран елінің тәуелсіздік күніне арналды.

Біздің төреші.

ФИФА төрешісі, алматылық Сергей Уфимцев клубтар арасында І Әлем Чемпионатының ойындарына шақырылды. Ол әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде төрелік еткен алғашқы қазақстандық төреші атанды.

Әлем Чемпионатының жолдамасы.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Таиланд астанасы Бангкокте өткен Азия чемпионатына күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл жетістік арқылы Қазақстан құрамасы футзалдан IV Әлем Чемпионатына жолдама алды. Спорттың бұл түрінен Қазақстан тұңғыш рет финалдық кезеңге өтті.

Батыс Азия Кубогы.

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Иордания королі Хуссейн бин Талал атындағы Батыс Азия Кубогының І жарысына қатысты.

Ширек финалда - екі команда.

ХХ Азия Чемпиондар кубогы мен ХI Азия Кубок иегерлерінің кубогында павлодарлық «Ертіс» және алматылық «Қайрат» тарихта алғаш рет осы турнирлердің ширек финалына бір уақытта шықты.

Қазақстан футбол одағы.

Қазақстан Республикасының футбол қауымдастығы Қазақстан футбол одағы болып атауын өзгертті

Бразилияға салған гол.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы мен алматылық «Әліби» футзал клубының шабуылшысы Талғат Баймұратов IV Әлем Чемпионатында Бразилия құрамасының қақпасына гол соғып, футзалдан Әлем Кубогының финалдық кезеңінде гол соққан алғашқы қазақ футболшысы атанды.

2001

Еуропаға бетбұрыс.

Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиев 2000 жылдың 23 қарашасы мен 2001 жылдың 21 қаңтарында Мәскеуде ФИФА мен УЕФА президенттері Леннарт Йоханссон және Йозеф Блаттермен кездесті. Келіссөздердің басты мақсаты Қазақстанның АФК құрамынан шығып, УЕФА-ның мүшелігіне өту болды. Келіссөздердің алғашқы кезеңінде екі көшбасшы да Қазақстан футбол одағының УЕФА-ға өтуіне қарсы пікір білдірмеді. Тек Азия футбол конфедерациясының ресми пікірін тыңдауды ұсынады.

Азия футбол конфедерациясы 10 мамыр күні Атқарушы комитет отырысында осы мәселені қарап, кейін ресми сайты арқылы Қазақстан футбол одағы өз таңдауын жасауға құқылы екенін хабарлады.

Осыдан кейін 15 мамыр күні Дортмундта (Германия) өткен баспасөз мәслихатында Леннарт Йоханссонның Қазақстанды УЕФА-ның 52-ші мүшесі ретінде көргісі келеті туралы ақпаратты «Reuters» агенттігі мен УЕФА-ның ресми сайтында жарияланды.

Йоханссон мырза Қазақстанның УЕФА-ға қайта оралатынын жөнінде атап көрсеткен. Өйткені, бұған дейін Қазақстан Кеңес Одағы құрамы арқылы Еуропа аумағында болды. УЕФА атқарушы директоры Герхард Айгнер Қазақстан футбол одағы тарапынан барлық талаптар орындалған жағдайда 2002 жылдың сәуірінде Стокгольмде өтетін УЕФА-ның Атқарушы комитеті мен Конгресінде қаралуы мүмкін екенін жеткізді.

2001 жылдың 21 мамырында Қазақстан футбол одағы баспасөз мәслихатында осы мәселені қарастыруда УЕФА жетекшілерінің сөзі кепілдік болатынын айтты. Осыдан кейін Қазақстан футбол одағы Азия футбол конфедерациясы құрамынан шығу туралы құжаттарды дайындауға кірісті.

Виктор Зубарев және Кипр.

«Апполон» (Лимасол, Кипр) футбол клубында ойнайтын павлодарлық шабуылшы Виктор Зубарев 2001 жылдың қаңтарында жоғары командалар арасындағы Кипр чемпионатында ең үздік голдың авторы деп танылды.

«Ертістің» екінші рекорды.

ХХ Азия Чемпиондары Кубогы бәсекесінде ел намысын қорғаған павлодарлық «Ертіс» бір жыл бұрынғы рекордын қайталады. Павлодарлық ұжым екі жыл қатарынан Орталық Азияның үздік командасы атанды. Жарыстың екі кезеңінен іркілмей өтіп, турнирдің ширек финалына шықты.

Үздік төрттік.

Павлодарлық «Ертіс» Азия Чемпиондар Кубогында жаңа жетістікке қол жеткізді. 2001 жылдың 7-11 наурыз аралығында Тегеранда өткен ХХ Чемпиондар Кубогының ширек финалдық тобында екінші орын алып, жартылай финалға өтті. Бұл табыс арқылы «Ертіс» Азияның үздік төрт командасының қатарына енді.

Азияның үздік бапкері.

Азия футбол конфедерациясы павлодарлық «Ертіс» клубының бас бапкері Леонид Назаренконы 2001 жылдың наурызында Азияның үздік бапкері деп атады.

Қазақстан және Ирак.

Қазақстан Ұлттық құрамасы 2002 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріне қатысады. Іріктеу тобындағы қарсыластар - Макао, Ирак және Непал құрамалары. Бастапқыда турнир бір айналымнан тұрып, Непалда өтуі тиіс еді. Алайда, бұл елдің федерациясы жарысты өткізуден бас тартты. Нәтижесінде турнир екі кезеңнен тұрды. Біріншісі Бағдадта өтсе, екіншісі Алматыда болды.

Екінші кезеңге берілетін жалғыз жолдаманың тағдыры Қазақстан мен Ирак құрамалары арасындағы жеке кездесуде шешілді. Құрамалар арасында өткен екі кездесуде тең аяқталды. Қалған қарсыластарын ірі есеппен ұтқан Ирак құрамасы доп айырмасын бойынша бірінші орынға шықты. Қазақстан екінші орынды иеленді. Жапония мен Кореяға берілетін жолдамаға тартысты Ирак жалғастырды.

Төртінші орын.

Павлодарлық «Ертіс» Кореяда өткен Азия Чемпиондар Кубогының финалдық кезеңіне қатысты. Жартылай финалда жапондық «Джубило Иватаға» жол берді. Үшінші орын үшін өткен ойында ирандық «Пирузиден»

айласын асыра алмай, төртінші орынды иеленді.

Азия чемпионаты.

Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Иранның астанасы Тегеранда өткен III Азия чемпионатына қатысты. Топтық кезеңде қарыластардан озып шыққан отандастарымыз ширекфиналда Жапония құрамасынан ұтылады.

Азиядан шығу.

Қазақстан футбол Одағы УЕФА құрамына қабылдануға ұмтылып, Азия футболының Конфедерациясының (АФК) құрамынан шықты.

Ел футболын таныстыру.

Қыркүйек айында өткен УЕФА-ның Атқарушы комитетінде Қазақстан және еліміздің футболы танысыстырылды. Қазақстан футбол Одағының вице-президенті Тілек Ақбаев он минуттық баяндамамен шықты. Одан кейін Қазақстанның тарихы мен еліміздің футболы жайында таныстырған «Хабар» агенттігі дайындаған 20-минуттық фильм көрсетілді.

УЕФА делегациясы - Қазақстанда.

УЕФА вице-президенті Дезом Кейси (Ирландия) бастаған делегация Қазақстанға келді. Құрметті қонақтар Астана мен Алматыға барды. Іссапар барысында олар спорт ғимараттарымен, билік және спорт қауымдастығы өкілдерімен, кәсіпкерлермен танысты.

Қабылданған шешім.

УЕФА-ның Атқарушы комитеті 12 желтоқсанда дауыстардың көпшілігімен аталған ұйымның Конгресіне Қазақстан футбол одағын қабылдау жайында шешім қабылданды. Конгресс 2002 жылдың сәуірінде Швецияда (Стокгольм) өтеді.

2002

Қазақстан УЕФА-ға қабылданды.

Стокгольмде өткен УЕФА Конгресінде Қазақстан футбол одағы Еуропа футбол қауымдастықтары одағының құрамына қабылданды.

Алғашқы ойын.

Қазақстан Ұлттық құрамасы УЕФА аясында алғашқы матчын өткізді. Алматыда Эстония құрамасымен өткен жолдастық матч 1:1 есебімен аяқталды.

Чемпиондар Лигасының бастауы.

Қазақстан клубтары еурокубокта алғашқы ойындарын өткізді. Қазақстан чемпионы «Жеңіс» Чемпиондар Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде молдовалық «Шериф» клубымен кездесті. Тираспольдық команда жарты жылдан кейін Мәскеуде өткен Достастық Кубогының жеңімпазы атанды. Тираспольде өткен алғашқы ойын 2:1 есебімен Молдова чемпионының пайдасына шешілді. Қарымта ойында «Жеңіс» 3:2 есебімен жеңіске жетті, бірақ келесі айналымға сырт алаңда соғылған голдардың саны бойынша «Шериф» шықты.

УЕФА Кубогына қатысу.

Қазақстан вице-чемпионы «Атырау» мен ел кубогының иегері «Қайрат» УЕФА Кубогының іріктеу кезеңіне қатысқан алғашқы қазақстандық клуб атанды. «Атырау» екі ойын қорытындысы бойынша Словакияның Пухов қаласының «Матадор» командасына есе жіберді (өз алаңында - 0:0 және сырт алаңда - 0:2). «Қайрат» Югославияның Белград қаласының клубы «Црвена Звездадан» айласын асыра алмады (өз алаңында - 0:2 және сырт алаңда - 0:3).

«Әліби» жорығы.

Алматылық «Әліби» мини-футбол клубы футзалдан УЕФА Кубогына қатысты. Қазақстандық клубтың топтық кезеңдегі қарсыластары «Зрински Карака» (Босния және Герцеговина), «Клирекс» (Польша) және «Антена 3 Бумеранг» (Испания) атанды. Топтық кезеңдегі барлық матч Босния және Герцеговинада өтті. Қазақстандық футболшылар алаң иелерінен 1:3, испаниялықтардан 1:11 есебімен жеңілді. Ал, польшалық клубпен 4:4 есебімен тең ойнады.

Леннарт Юханссон сапары.

УЕФА президенті Леннарт Юханссон Қазақстанға ресми сапарын жасады. Еуропалық футбол басшысымен бірге УЕФА вице-президенті Пер-Равн Омдал, УЕФА бас директорының орынбасары Маркус Штудер және УЕФА қазынашысы Джо Шпрингерс келді. Алматыда Леннарт Юханссонның Парламент Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов және қала әкімі Виктор Храпуновпен кездесуі өтті. Леннарт Юханссонның сапарының мақсаты қазақстандық футболдың жағдайымен танысу болды.

Әйелдер құрамасының жеребесі.

Қазақстан әйелдер құрамасы арасында алғаш рет Еуропа чемпионатының жеребе тарту рәсіміне қатысты. Біздің команданың қарсыластары Израиль, Беларусь және Эстония атанды.

Жасөспірімдер жарысқа араласты.

17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамалары арасында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне жеребе тарту рәсімі өтті. Қазақста жеребе тарту рәсіміне алғаш рет қатысты. 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары Украина, Молдова және Эстония, 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының қарсыластары Австрия, Югославия және Швеция болды.

Жаңа бапкер - Пахомов.

Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне ресейлік маман Леонид Пахомов тағайындалды. Ол ел құрамасын жаттықтырған алғашқы шетелдік бапкер атанды.

2003

Ел чемпионатының көрсетілімі.

Қазақстан футбол одағы, «Хабар» агенттігі және «Самсунг Электроникс» компаниясы әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Олар 2003 жылғы ел чемпионатының әр турынан телевизиялық трансляция жүргізудің ортақ жобасын әзірледі.

2004

Кітаптың тұсаукесері.

«Қазақстандық футбол: 1913—2003 ж.ж.» анықтамалығының үшінші томының тұсаукесері өтті. Бұл «Қазақстандық футбол: 1913—2003 ж.ж.» анықтамалығының соңғы томы болды. Басылым отандық футболдың төңірегіндегі статистикалық мәліметтермен толық қамтылған.

Құрметті Президент - Н.Ә.Назарбаев.

Қазақстан футбол одағының Атқарушы комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан футбол одағының Құрметті Президенті атанды.

Еуропа додасы басталды.

Қазақстан Ұлттық құрамасы өз алаңында Украина құрамасын қабылдап, Әлем чемпионатының еуропалық іріктеу турнирін бастады. Бас бапкер Сергей Тимофеев болды. Бір күн бұрын Ойрат Сәдуовтің жетекшілігімен Қазақстан жастар құрамасы (U-21) Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде алғашқы матчын өткізді.

Йозеф Блаттер - Қазақстанда.

ФИФА президенті Йозеф Блаттер Қазақстанға ресми сапар жасады. Сапар барысында әлемдік футболдың басшысы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімовпен кездесті. Сонымен қатар, Блаттер мырза Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиевпен Талғар қаласындағы (Алматы облысы) футбол алаңы құрылысының алғашқы кірпішін қалады.

Бұл футбол академиясын құрудың бастауы болды. ФИФА президентімен бірге Азия футбол конфедерациясының президенті Мохаммед Бин Хамам, ФИФА президентінің көмекшісі Гай Филипп Мэтью, Азия футбол конфедерациясы президентінің көмекшісі Али Аль-Мешади, ФИФА-ның даму менеджері Ева Паскьер, ФИФА-ның Мәскеудегі өкілі Валерий Чухрий және қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Дэвид Ауссеил келді.

ФИФА марапаты.

ФИФА Қазақстандағы футболды дамыту және өркендетуге қосқан үлесі үшін Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиевті жоғары дәрежелі орденмен марапаттады.

2005

Руслан Дүзмамбетов еңбегі.

Қазақстандық лайнсмен Руслан Дүзмамбетов Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы (U-17) Еуропа чемпионатында қызмет атқарды.

Футбол алаңы ашылды.

Алматыдағы «Цесна» стадионында Қазақстан футбол одағы мен УЕФА бірлесіп салған футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Швейцарияда әзірленген 22м х 12м көлеміндегі жасанды алаң үлкен футбол жеңістерін армандайтын қазақстандық балаларға ерекше сыйлық болды. Ашылу салтанатына Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиев, УЕФА өкілдері Эггерт Магнуссон (Исландия футбол одағының президенті, Атқарушы комитетінің мүшесі), Якоб Эрель (Ұлттық қауымдастықтар департаментінің басшысы) және Гри Сандо (Ұлттық қауымдастықтар департаменті басшысының көмекшісі) қатысты.

Мишель Платини сапары.

ФИФА және УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі, үш дүркін «Алтын доп» иегері Мишель Платини Қазақстанға ресми сапар жасады. Атақты футболшы Алматыда Еуропа-2006 жастар чемпионатының іріктеу турнирі мен 2006 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан-Грекия матчын тамашалады.

Президенті Кубогы.

Алматының Орталық стадионында ҚР жоғары оқу орындары арасында Қазақстан Президенті Кубогының финалдық матчы өтті. Турнир осы жылдың сәуірінде бастау алды.

Арно Пайперс - жаңа бапкер.

Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне голландиялық маман Арно Пайперстің тағайындалуы жөнінде келісімшарт жасалғаны жөнінде хабарланды. 2006 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан футбол одағының кеңсесінде ол жаңа қызметтегі алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді.

2006

Қайта сайлау.

Қазақстан футбол одағының конференциясы өтті. Конференция жұмысына Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиев, Атқарушы комитет мүшелері және аймақтық футбол федерацияларының делегаттары қатысты. Жиынның қорытындысы бойынша Қазақстан футбол одағының президенті Рахат Әлиев төрт жылға қайта сайланды. Қазақстан футбол одағының президенті үміткерлігін делегаттар толық қолдады.

Ең жас футболшы.

Иордания — Қазақстан (2:0) жолдастық матчында Ұлттық құрама тарихында ең жас футболшы алаңға шықты. Ол «Астана» жартылай қорғаушысы Жамбыл Көкеев болды. Сол күні ол 17 жас, 4 ай және 25 күнде болды.

Оқушылар арасында турнир.

Қазақстанда мектеп оқушыларына арналған «Coca-Cola Былғары Доп» футбол турнирі басталды. Жарысты Қазақстан футбол одағы, ҚР Білім және Ғылым министрлігі, сонымен қатар, «Coca-Cola» компаниясы ұйымдастырды.

Үш жас категориясынан тұратын турнирге еліміздің 5 000 мектебінің оқушылары жиналды. Жыл қорытындысы бойынша турнир Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер футболындағы ең маңызды оқиға ретінде УЕФА дипломын алады.

УЕФА Кубогының жартылай финалы.

Футзалдан Қазақстан чемпионы «Қайрат» (Алматы) халықаралық деңгейдегі ірі табысқа қол жеткізді. Олар 2005/2006 жылғы УЕФА Кубогының жартылай финалына шықты.

2007

Қайта құру.

Қазақстан футбол федерациясы құрылды

Руслан Балтиев - 50 матч.

Жартылай қорғаушы Руслан Балтиев «Кубок-АЛМА-ТВ» Халықаралық турнирінде Қырғыз құрамасына қарсы алаңға шығып, Қазақстан Ұлттық құрамасының жейдесінде 50 матч өткізген алғашқы футболшы атанды.

Еуропадағы алғашқы жеңіс.

Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан Ұлттық құрамасы алғаш рет УЕФА аясындағы ресми ойында жеңіске жетті. EURO-2008 іріктеу турнирі шеңберінде біздің футболшылар 2:1 есебімен Сербия құрамасымен басым түсті. Гол соққан футболшылар Қайрат Әшірбеков (48 минут) және Нұрбол Жұмасқалиев (67 минут).

Сайлау конференциясы.

Қазақстан футбол федерациясының сайлау конференциясы өтті. Конференцияның шақыруы жайындағы шешім 3-тамызда қабылданды. Аталған іс-шараның делегаттары Федерация басшысы Рахат Әлиевті оның өз міндеттерін атқара алмауына байланысты 2007 жылдың 27-тамызынан бастап отставкаға шығару жайында шешімді мақұлдады. Жаңа президенттің және Атқарушы комитеттің құрамының сайлануы Алматыда өтті. Қазақстан футбол федерациясының президенті болып Әділбек Жақсыбеков сайланды.

- Мен федерацияның бұрынғы басшылығына мен Атқарушы комитет мүшелеріне атқарылған жұмыстар үшін өз алғысымды білдіргім келеді,- деп атап кетті Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті.

Қазіргі кезде бізге еліміздің футболын дамыту үшін бірігу керек. Ол барлықтарымызға қолжетімді болі керек. Балаларға, жастарға және әйелдерге футболға деген қызығушылықты тудыру керек. Еліміздің жоғары экономикалық мүмкіндіктері бар және біз әлемдік футбол сатысындағы беделді орынға лайықтымыз. Ол үшін үлкен күш салу керекпіз. Футбол алаңдарын салу, жасөспірімдер футболын дамыту және клубтарды дамыту. Маған Қазақстан жанкүйерлері тарапынан жүктелген үмітте мен сенімдерді ақтауға барлық күшімді саламын. Атқарушы комитетке мүше ретінде сайланғандар: Ақпаев Т. А., Әміреқұлов Б. А., Бабаян Э. Г., Байшақов С. И., Баталов А. Б., Головатюк В. М., Горбунов Н. К., Құлназаров А. К., Найманов Р. А., Нам Е. А., Нигматулин Н. З., Оразалиев М. Н., Сыздықов Е. К., Хамитжанов С. Ж. сайланды.

Конференция аяқталғаннан кейін Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеттің жаңа мүшелерінің қатысуымен бірінші жиыны өтті. Аталған жиында ҚФФ-ның бірінші вице-президенті болып Саян Хамитжанов, вице-президенті болып Сейілда Байшақов сайланды. Сонымен қатар, бас хатшы Асқар Ахметовтың қызметінен кету жөніндегі шешім қабылданды, Қазақстан футбол федерациясының барлық комитеттерінің басшылары тағайындалды. Максим Лебедев бас хатшы болып тағайындалды.

2008

Премьер-Лига.

ҚФФ Атқарушы комитеттің шешімі бойынша жоғары дивизион атауы «Суперлигадан» - «Премьер-Лигаға» ауысты.

Қайта оралған суперкубок.

Қазақстан Суперкубогы қайтадан өткізіле бастады. Алматының Орталық стадионында 2007 жылдың чемпионы «Ақтөбе» мен 2007 жылғы кубоктың иегері «Тобыл» кездесті. Ойынға 12 мың жанкүйер келді. «Ақтөбе» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

УЕФА және ФИФА.

Әділбек Жақсыбеков бастаған ҚФФ делегациясы УЕФА мен ФИФА-ның штаб-пәтеріне барды. ҚФФ басшысымен бірге іссапарда бас хатшы Саян Хамитжанов пен халықаралық бөлімнің жетекшісі Евгений Ильин болды. ҚФФ делегациясы ФИФА президенті Й.Блаттермен, УЕФА президенті М. Платинимен және халықаралық футбол федерацияларының әртүрлі департаменттерінің жетекшілерімен келіссөздер жүргізді.

Президент Кубогының бастауы.

Алматы қаласында «Нұр Отан» Ұлттық-Демократиялық партияның қолдауымен Қазақстан футбол федерациясы және «Цесна» футбол клубының ұйыдастыруымен тұңғыш рет «Қазақстан Республикасының Президентінің Кубогы» халықаралық жасөспірімдер турнирі өтті.

10 000 АҚШ долларын құрайтын бас жүлдені 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер командалар сарапқа салды. Олар «ЦСКА», «Спартак» (Мәскеу), ЦСКА (барлығы - Ресей), «Бешикташ» (Түркия), «Динамо» (Минск, Беларусь), «АДО Ден Хааг» (Нидерланд), «Оле Бразил» (Бразилия) және алматылық «Цесна» клубының атынан қатысқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы.

Қатысушылар екі топқа бөлінді, ойындар айналма жүйесі бойынша өтті. Одан кейінгі ойындарда қатысушылар бірінші-сегізінші орындарға таласты. Турнир ойындары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінің алаңында, Алматының Орталық стадионында өтті.

Еліміздің бас аренасынада «Оле Бразил» — «АДО Ден Хааг» командалары арасындағы ашылу ойыны және «Бешикташ» пен ЦСКА арасындағы финалдық матчы өтті. Ашылу ойынына 10 мың адам келсе, финал ойыны 16 мың жанкүйер жинады.

Құрметті қонақ ретінде ФИФА-ның техникалық директоры Жан-Мишель Бенезье, ФИФА-ның даму менеджері Ева Паскье және УЕФА-ның «Хет-Трик» жобасының менеджері Джозеф Климент турнир матчтарына қатысты. Сонымен қоса, финал ойынына ПФК ЦСКА (Ресей) президенті Евгений Гинер қатысты.

Ыстамбұлдық «Бешикташ» барлық ойындарды ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Финалдық ойында түрік командасы мәскеулік ЦСКА командасын 3:1 есебімен ұтты. Үшінші орын «Спартактың» еншісінде.

Әміржан Мұқанов шәкірттері.

Футзалдан Қазақстан жастар құрамасы Венгрияда өткен 2008 жылға Еуропа Чемпионатына іріктеу турнирін ұтты. Бас бапкердің қызметін атқарушы Әміржан Мұқанов бастаған біздің құрама Венгрия, Беларусь және Латвияны ұтып, финалдық турнирге жолдама алды.

2009

Төртеудің финалы.

Алматылық «Қайрат» соңғы төрт маусымда үш рет УЕФА Кубогында төртеудің финалына шықты. 2008/2009 маусымда төртеудің финалы Ресейдің Екатеринбург қаласында өтті. Үшінші орын үшін ойында қазақстандықтар мәскеудің «Динамосын» 1:0 есебімен ұтты.

Йозеф Блаттер - Алматыда.

ФИФА президенті Йозеф Блаттер бастаған делегация 29 сәуірде Алматыға келді. Сонымен қоса, делегация құрамында ФИФА-ның дамуы бойынша менеджері Ева Паскье, ФИФА президентінің көмекшісі Гай-Филипп Матье және ФИФА президентінің медиа-атташесі Даниэла Лееб болды. Қазақстан қонақтары үшін бұл күн өте маңызды өтті. Түске дейін Қазақстан футбол федерациясының жетекшілерімен кездесу өтті. Одан кейін Блаттер мырза Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Елбасы ФИФА басшысына «Достық» орденын сыйға тартты. Содан соң Блаттер мырза мен ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбековтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Кешке ФИФА делегациясы Қазақстан Республикасының Президенті Кубогы халықаралық турнирінің топтық кезеңінің соңғы ойынындағы «Семей-93» және «Рубин» командалары арасындағы матчты тамашалады.

«Астана Аренаның» ашылуы.

3 шілдеде Астанадағы жаңа стадионның салтанатты ашылуы өтті. Кейін «Астана Арена» атауына ие болған стадион сыйымдылығы 30 000 орын. Кешеннің төбесі жылжымалы, заман талаптарына сай жасанды футбол алаңы төселген. Ашылу салтанатында жанкүйерлерді алаң ортасында орналасқан шаршы қызықтырды. Шаршының ішінде не орналасқанын олар шараның соңында ғана білді. Жанкүйерлерге екі мыңнан астам адамның қатыусымен театрландырылған әсерлі көрініс ұсынылды. Көріністің соңында Астана мен Қазақстанның үлкен тулары пайда болды және еліміздің әнұраны орындалды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғыс сөз сөйледі.

«Астана күні қарсаныңда біз қазақстандықтарды жаңа кешендермен қуантамыз. Бүгінгі күн ерекше, біз әлемдегі ең жақсы стадиондарының бірін ашудамыз. Бұл кешендер біздің өңірде жоқ. Жабық стадион УЕФА-ның барлық талаптарына сай және ол біздің спортшыларға кыста да, жазда да жаттығуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Елбасы. Жанкүйерлер алдында стадион құрылысымен айналысқан түрік құрылыс компаниясының өкілі Талғат Адырбеков те сөз сөйледі.

Содан соң, «Ринго» тобының әні орындалып, ұйымдастырушылар шаршыны ашты. Одан үлкен доп шығып, аспанға көтерілді. Сондай-ақ, жүзден астам доптарды жас футболшылар жанкүйерлерге таратты. Осыдан кейін стадион тарихындағы алғашқы матч басталды. Астаналық «Локомотив» пен Қазақстан жастар құрамасымен кездесті. Командар құрамында әлемдік деңгейдегі футбол жұлдыздарының бар болғаны жанкүйерлерге тосынсый болды. Қазақстан жастар құрамасының сапында Грузия құрамасы мен италиялық «Миланның» ойыншысы Каха Каладзе, Украина құрамасы мен ағылшындардың «Челси» командасының шабуылшысы Андрей Шевченко ойнады. Ал, «Локомотив» сапында әйгілі түрік ойыншылары Хасан Шаш пен Хакан Шүкір доп тепті. Матч басында белгілі италиялық төреші Пьерлуиджи Коллина ысқырық шалғаннан кейін, допты ойынға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қосты.

«Атырау» алған кубок.

2009 жылғы Қазақстан Кубогының финалы «Астана Аренада» стадионында өтті. Шешуші сында «Атырау» мен «Шахтер» командалары кездесті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен УЕФА басшысы Мишель Платини тамашалаған матч атыраулықтардың жеңісімен аяқталды. Марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен Мишель Платини қатысты.

2010

2010 жылдың сәуірінде Әлемдік тур аясында FIFA Кубогы Қазақстанға келді.

«Ақтөбе» УЕФА Кубогының плей-офф кезеңіне дейін жетті. Жарыстың бұл кезеңінде ол немістердің «Вердерінен» ұтылған болатын.

2011

29 сәуір-1 мамыр аралығында Қазақстанда тұңғыш рет футзалдан УЕФА Кубогының төртеудің финалы өткізілді. Жарыс Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Нәтижесінде алматылық «Қайрат» кола жүлдеге ие болды.

13 желтоқсанда Қазақстан Футбол Федерациясы УЕФА-ның төрешілер конвенциясының толыққанды мүшесі атанды.

2013

Қарағандының «Шахтері» Еуропа Лигасының топтық кезңіне жолдама алды. «Шахтер» қазақстандық клубтардың арасында еурокубоктардың топтық кезеңіне жеткен тұңғыш команда.

Футзалдан алматылық «Қайрат» тұңғыш рет УЕФА Кубогының чемпионы атанды.

2014

Футзалдан алматылық «Қайрат» еліміздің тарихында тұңғыш рет Әлем Суперкубогының иегері атанды.

2015

Футзалдан алматылық «Қайрат» екінші рет УЕФА Кубогының жеңімпазы атанады. Финалдық ойында Какау командасы атақты «Барселонаны» ұтты.

27 тамыз күні «Астана» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өткен тұңғыш қазақстандық клуб. Екі ойынның нәтижесінде Стойлов командасы кипрдық АПОЭЛ-ды жалпы нәтиже бойынша 2:1 есебімен ұтты (үйде 1:0, сырт алаңда 1:1). Топтық кезеңде қазақстандық команданың қарсыластары «Бенфика», мадридтік «Атлетико» және түріктердің «Галатасарайы» болды.

28 тамыз күні Алматының Орталық стадионында КСРО құрамасы мен алматылық «Қайрат» клубының атақты футболшысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Икрамұлы Байшақовтың 65 жылдық мерейтойына орай «Қайрат» және «Арлан» клубының ардагерлері арасында матч өтті. Ойын 3:2 есебімен Байшақов командасының жеңісімен аяқталды.

«Қайрат» құрамында бұл күні алаңға Құралбек Ордабаев, Юсуп Шадиев, Вахид Масудов, Михаил Гурман, Александр Мазманьян, Бақтияр Байсейітов, Дмитрий Огай, Руслан Балтиев және т.б. қазақстандық футболдың атақты футболшылары шықты.

«Арлан» командасына да бұрынғы белгілі футболшылар ойнады. Олар – Асхат Қадырқұлов, Болат Есмағамбетов, Сергей Волгин, Фанас Сәлімов және т.б.

Жолдастық матч асат тартысты өтті. «Қайрат» командасы Руслан Балтиев пен Телеухан Тұрмағамбетов соққан голдардан кейін 2:0 есебімен алға шықты. Алайда, «Арлан» футболшылары Марат Әбділдабеков соққан қос голдан кейін таразы басын теңестірді. Дегенмен, жеңіс голын «Қайрат» ойыншысы Берік Арғымбаев соқты. Қорытынды есеп – 3:2.

Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда КСРО спорт шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, алматылық «Қайраттың» ардагері, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Икрамұлы Байшақовтың 65 жылдық мерейтойына арналған жолдастық матч өтті.

Жасыл алаңға Қазақстан футбол федерациясы мен Лига кеңесінің командасы шықты. Сейілда Байшақов Қазақстан футбол федерациясы командасының капитаны болды. Ойын 3:1 есебімен ҚФФ жеңісімен аяқталды. Федерация сапынан Бағлан Ергешев, Нүркен Мазбаев және Азамат Айтқожин гол соқса, Лига кеңесінен Бауыржан Сейсенбеков көзге түсті.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Катарға жасаған ресми сапарының аясында Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

Келісімге Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов пен Катар футбол қауымдастығының вице-президенті, Азия футбол конфедерациясының вице-президенті Сауд Аль Моханнади қолдарын қойды.

22-27 қазан аралығында Уэльстің Ньюпорт қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің бірінші тобының матчтары өтті. Бұл топта алаң иелері Уэльстен бөлек, Албания, Нидерланд және Швейцария құрамалары ойнады.

Бұл турнирге Қазақстаннан екі төреші тағайындалды. Александр Алиев бас төреші қызметін атқарса, Сергей Васютинге бас төрешінің көмекшісі міндеті жүктелді.

Александр Алиев Нидерланд – Уэльс (1:2) және Албания – Нидерланд (0:5) матчтарына төрелік етіп, 7 сары қағаз көрсетті. Сергей Васютин аталған екі ойыннан бөлек, Уэльс – Албания матчында исландиялық рефери Тороддур Яльталинге көмектесті.

22-27 қазан аралығында Черногорияның Подгорице және Даниловград қалаларында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің матчтары өтті. 11-ші іріктеу тобында алаң иелерінен бөлек, Исландия, Фарер аралдары және Финляндия құрамалары ойнады.

Черногорияда өткен турнирде қазақстандық екі төреші тағайындалды. Лилия Хасанова (Алматы) бас төреші қызметін атқарса, Анастасия Акимоваға (Қостанай) бас төрешінің көмекшісі міндеті жүктелді.

Лилия Хасанова Исландия – Фарер аралдары (8:0) және Фарер аралдары – Черногория (1:3) матчтарына төрелік етті. Қазақстандық төреші үш сары қағаз көрсетіп, бір пенальти белгіледі.

Исландия – Фарер аралдары матчында Лилия Хасановаға Анастасия Акимова мен Саня Рудович (Черногория) көмектесті. Екінші ойында қазақстандық төрешілерден бөлек Полихени Иродоту (Кипр) жұмыс істеді.

Сонымен қатар, Анастасия Акимова топтағы екінші орын үшін өткен Исландия – Черногория (3:0) матчында қызмет атқарды.

2016

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі алғашқы ойынын Ресей құрамасымен өткізді.

Ромуло соққан екі голдан кейін Ресей құрамасы алға шықты. Бір минут өткеннен кейін Игита пасын қақпаға бағыттаған Серік Жаманқұлов есеп айырмасын қысқартты. Бұл Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатының тарихында соғылған алғашқы голы болды. Өкінішке қарай, Какау шәкіттерінің әрі қарай есепті өзгерте алмады.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында екінші ойынын өткізді. Хорватия құрамасымен өткен кездесуді Какау шәкірттері белсенді бастап, 6-минутта есеп ашты.

Павел Такудың соққысынан кейін қақпа бағанасынан қайтқан допты Дуглас қақпаға дарытты. Алайда бір минуттан соң Хорватия ойыншылары қарымта қайтарды. Дегенмен, Дінмұxамбет Сүлейменовке өз құрамасын қайтадан алға шығаруға 15 секунд қажет болды.

Әрі қарай Серік Жаманқұлов екі рет мергендік танытса, Хорватия ойыншылары тек есеп айырмасын қысқарта алды. Қорытынды есеп - 4:2. Қазақстан құрамасы тариxи жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты.

Сербияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында футзалдан Қазақстан құрамасы жеңісті жолын жалғастыруда. Какау шәкірттері топтан екінші орынмен шығып, ширек финалда Кәрі Құрлықтың чемпионы Италия құрамасымен кездесті.

Ойынның 16-минутында команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменовтің бұрыштама добынан берген пасынан кейін Лео қақпаға дәл соққы бағыттап, есеп ашты. Үш минуттан кейін Леоның пасын ұтымды пайдаланған Серік Жаманқұлов есепті 2:0-ге жеткізді. Ойынның алғашқы бөлігі осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда Фортина есеп айырмасын қысқартқанымен, Шыңғыс Есенаманов жеке шеберлінің арқасында есеп айырмасын тағы да ұлғайтты. Италия құрамасы алаңда бесінші ойыншы шығарып, тағы бір гол соқты. Голдың авторы - Мауро Каналь. Алайда, әрі қарай тек қазақстандық футболшылар мергендік танытты. Алдымен Дәурен Нұрғожин Шыңғыс Есенамановтың пасын тиімді пайдаланса, соңғы секундта Лео бос тұрған қақпаны дәл көздеп, кездесу нәтижесін түйіндеді. Қорытынды есеп - 5:2.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа Чемпионатының жартылай финалында Испания құрамасымен кездесті. Өкінішке қарай, бас бапкер негізгі құрамның екі ойыншысының көмегіне жүгіне алмады. Қақпашы Игита ескерту алуына байланысты жартылай финалға қатыса алмаса, Шыңғыс Есенаманов жарақатына байланысты алаңға шыға алмады.

Алайда, Какау шәкірттері алашқы минуттан бастап шабуылға шығып, жылдам гол соқты. Дугластың пасын Александр Довгань голға айналдырды. Дегенмен, бірінші таймның соңына дейін Испания ойыншылары қарсыластарының қателіктерін пайдаланып, 3:1 есебімен алға шықты.

Ойынның екінші жартысы Қазақстан ойыншылары сәтсіз басталды. Үлкен күшпен шабуылға ұмтылған ойыншылар бос қақпаға гол соқтырып алды. Дегенмен, біздің жігіттер есеп айырмасын бір голға дейін қысқартты. Алдымен, Михаил Першин пасын Лео ұтымды пайдаланса, кейін Дугластың соққысынан кейін Серік Жаманқұлов допты қақпаға дарытты. Алайда, соңғы голды Испания футболшылары соқты. Рауль Кампос соңғы минутта ойындағы екінші голын еншісіне жазды.

Еуропа Чемпионатына алғаш рет қатысқан футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен тарихи кездесуде біздің ойыншылар Сербия құрамасымен кездесіп, 5:2 есебімен айқын жеңіске жетті.

22 ақпан күні Вахид Масудов Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.

Қазақстан Ұлттық құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы жолдастық кездесуін Әзірбайжан құрамасымен өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Түркияда өткен ойында жалғыз голы Мақсат Байжанов соқты.

29 наурыз күні Қазақстан Ұлттық құрамасы Тбилисиде Грузия құрамасымен жолдастық матч өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Ойынның 35-минутында Азат Нұрғалиев есеп ашты. Таразы басын үш минуттан кейін Торнике Окриашвили теңестірді.

4-16 мамыр аралығында Беларусь Республикасында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Еуропа Чемпионатының финалдық кезеңі өтеді.

Бұл турнирге алғаш рет Қазақстаннан екі төреші шақыртылды. Финалдық кезеңде қызмет атқаруға ФИФА төрешісі Эльвира Нұрмұстафина (Қарағанды) мен ФИФА төрешісінің көмекшісі Кристина Янушкевич (Қарағанды) мүмкіндік алды.

Айта кетейік, турнирдің финалдық кезеңіне Беларусь, Сербия, Англия, Норвегия, Италия, Чехия, Германия және Испания құрамалары қатысады.

Шымкент қаласында әйелдер арасында 2017 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің аясында Қазақстан мен Израиль құрамалары кездесті.

Кездесудің 69 минутында Мария Ялова қарсыласынан сытылып өтіп, қорғаушыны алдап, қақпаға әдемі соққы бағыттады! Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты. Бұл жанкүйерлер ұзақ күткен сәт еді.

Негізгі уақыт аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасы жеңісті тойлады. Қорытынды есеп - 1:0.

Матч соңындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Калоян Петков тәжірибелі ойыншылардың еңбегін атап өтіп, жас футболшыларды да мақтай түсті:

- Бүгін алаңға негізгі құрамның алты ойыншысы шыққан жоқ. Олар әртүрлі жарқаттарға байланысты ойынға қосыла алмады. Кейбіреуінің ескерту қағаздары болды. Дегенмен, жас футболшылар өздерін көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Голды ең тәжірибелі футболшы Мария Ялова соқты. Ол ерлік жасағанын айтқым келеді. Бірнеше күн бұрын әкесінен айырылғанына қарамастан, ойынға қатысып, бізге жеңіс әкелді.

7 маусым күні Қытайдың Далянь жолдастық матчта Қазақстан құрамасы Қытай құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Матчтың 68 минутында Дмитрий Шомко допты айып алаңына жеткізеді, әрі қарай Юрий Логвиненко берген пасты Азат Нұрғалиев голға айналдырды.

24 маусым күні Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Қазақстан Ұлттық құрамасының жаңа бас бапкерін таныстырылды. Бұл қызметке 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарып келе жатқан Талғат Маруанұлы Байсуфинов тағайындалды.

Айта кетейік, Талғат Байсуфиновтің жетекшілігімен Қазақстан Ұлттық құрамасы үш матч өткізді. Оның шәкірттері Әзірбайжан мен Қытай құрамаларын жеңіп, Грузия құрамасымен тең ойнады.

Жаттықтырушылар штабына отандық мамандар Нүркен Мазбаев, Юрий Новиков және Андрей Ферапонтов кірді.

Колумбияда басталған футзалдан 2016 жылғы Әлем Чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы ойынын Аргентинамен өткізіп, 0:1 есебімен есе жіберді.

Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды бірінші таймның аяқталуына 38 секунд қалғанда Аламиро Вапораки соқты.

Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының (ФИФА) ресми сайтында жарияланған рейтингінде Қазақстан құрамасы алғаш рет 83-орынға орналасты.

Футзалдан Колумбияда өтіп жатқан Әлем Чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші ойынын Коста-Рика құрамасымен өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл - біздің құраманың Әлем Чемпионаты тарихындағы алғашқы жеңісі.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Колумбияда өтіп жатқан Әлем Чемпионатында өз тобындағы соңғы ойында Соломон аралдарын 10:0 есебімен ұтып, алғша рет плей-офф кезеңіне жолдама алды. 2016

Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің шешімімен Әубәкіров Қаныш Қайдарұлы Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, Федерацияның бірінші вице-президенті міндеті де қоса атқарды.

2016 жылдың 19 қазан күні Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтіп, келесі шешім бекітілді:

- ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың білім алу үшін ұзақ уақыт кетуіне байланысты Федерация президентінің міндеті Сейілда Икрамұлы Байшақовқа жүктелді.

28 қарашада Астанада Қазақстан футбол федерациясының XIV кезектен тыс сайлау конференциясы өтті. Күн тәртібінде ҚФФ президентін сайлау мәселесі көтерілді. Конференцияның жұмысына федерация мүшелері және Атқарушы комитеттің мүшелері, ҚФФ аппараты, аймақтық футбол федерацияларының делегаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

Шара шеңберінде делегаттар Сейілда Байшақовтың кандидатурасы үшін дауыс берді. Дауыс берудің қорытындысы бойынша Сейілда Байшақов 2020 жылдың 28 қарашасына дейінгі мерзімге Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды.

УЕФА президенті Александр Чеферин Сейілда Байшақовты Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне тағайындалуымен құттықтады.

ФИФА президенті Джанни Инфантино Сейілда Байшақовты Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне тағайындалуымен құттықтады.

«Құрметті Президент, Сіздің Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметіне сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын және барлық жақсылықтарды тілеймін.

Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз еліңізде тамаша ойынның тұрақты дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз. Сіз бұл мақсатқа қол жеткізу үшін менің жеке қолдауым мен ФИФА көмегіне сүйене аласыз. ФИФА үйінің есігі футболды талқылау мен оны басқару үшін әрдайым ашық.

Сізбен бірге сайланған барлық әріптестеріме менің құттықтауымды жеткізуіңізді өтінемін. Мен сізге жаңа қызметте сәттілік, күш және табыс тілеймін. Сондай-ақ алдағы уақытта Сізбен кездесуді асыға күтемін», - деп жазылған Инфантиноның құттықтау хатында

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақовқа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

2017

19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 8-21 қаңтар аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен Гранаткин Мемориалы халықаралық турнирінде финалға шығып, күміс жүлдеге ие болды. Жарысқа 16 команда қатысқан болатын.

2018

10 ақпан күні Қазақстан футбол федерациясының Президенті қызметіне Әділбек Жақсыбеков қайта сайланды.

Еуропа Лигасының 1/16 финалына шыққан «Астана» футбол клубы «Спортинг» (Португалия) командасымен кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша жол берді.

1 наурыз күні Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Станимир Стоилов тағайындалды.

Жоғары