Қайрат Нұрдәулетов: «Қазақстан жастар құрамасы 80 пайызға жаңарды»

Қайрат Нұрдәулетов: «Қазақстан жастар құрамасы 80 пайызға жаңарды»

30 марта 2021, 21:59
Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Түркияда өткен халықаралық турнирді қорытындылады.

- Қайрат Жұмабекұлы, кезекті оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізіп, «Antalya Cup 2021» халықаралық турниріне қатыстыңыздар. Жарыстың қорытындысын шығарып, команданың ойыны туралы айтып өтсеңіз?

- «Antalya Cup 2021» - өте сапалы турнир. Өйткені, қатысушылардың деңгейі жоғары. Мәселен, Болгария, Солтүстік Македония, Словакия, Украина сынды Еуропаның жақсы командалары болды. Пандемия салдарына байланысты Оңтүстік Корея мен Жапония құрамалары келе алмады. Сол себепті жарыс жоспардағыдай емес, біраз өзгерістерге ұшырады. Індетке байланысты қиындықтарға қарамастан жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Қазақстан футбол федерациясының басшылығына алғыс айтамын. Деңгейі жоғары халықаралық турнирлерге біздің футболшылар жиі қатысу керек деп санаймын. Біздің құраманың мақсаты ойыншылардың мүмкіндігін көру болды. Өйткені, жастар құрамасы 80 пайызға жаңарды. Сол себепті ойыншылардың деңгейін жаттықтырушылар штабына байқап көруге мүмкіндік болды. Өз кезегінде ойыншылар өздерінің шеберлігін дәлелдеуге ұмтылды. Бұл турнирде көп мағлұмат алдық. Өйткені, жас футболшылар алғаш рет шақырылып отыр. Олардың қалай және қай жерде жақсы ойнайтынын зерделеп шықтық. Өте жақсы турнир. 

- Біздің құрама өткізген үш ойынның алғашқы таймы тең аяқталып, ойын жеңімпазы тек екінші таймда анықталып отырды. Мұндай нәтиженің тіркелуі кездейсоқ па?

- Бұл мәселе жастар құрамасының ғана емес, жалпы Қазақстан футболында жиі кездесетін мәселе. Ұлттық құрама болсын, футбол клубтары болсын екінші таймның ортасына қарай біздің футболшылардың күштері жетпей жатады. Сондықтан физикалық дайындықтың деңгейі бірден байқалады. Сол себепті ойыншыларға тұрақты ойын тәжірибесі қажет. Бұл мәселенің түбін тереңнен талдау қажет деп санаймын. Біздің футболшылар тоқсан минут бойы бір қалыпты ойнауы керек. 

- Өзбекстан олимпиадалық құрамасымен өткен кездесуде жасыл алаңда жас ерекшелігі қаншалықты байқалды?  Жалпы қарсыластардың деңгейі қандай болды?

- Өзбекстан құрамасының ойыншылары біздің футболшылардан екі жас үлкен болды. Олар Олимпиада ойындарының іріктеу ойындарына дайындалып жатыр. Бірақ, олардың жастары үлкен болды деп ақталудың қажеті жоқ. Қарсыластың физикалық дайындығы мен деңгейі сәл басымдау болды. Біздің футболшылар лайықты қарсылықты көрсеткенімен, ойынды өзгерте алатын мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Өйткені, жас футболшыларға ойын тәжірибесі жетіспеді деп санаймын. Ойынға қойылған арнайы тактикамыз болды. Сәл концентрацияны жоғалтып алдық деп санаймын. Физикалық дайындықты арттыруға күш саламыз. Солтүстік Македония мен Болгария құрамалары да жарысқа нағыз бабында келді.

- Ақпан айында елордада өткен селекциялық оқу-жаттығу жиынында көзге түскен футболшыларды осы жолы қайта шақырдыңыз? Сол ойыншылар өздерінің шеберліктерін дәлелдей алды ма?

- Ақпан айында өткен жиында бірнеше футболшының ойынын ұнаттық. Олардың арасынан Абылайхан Жұмабек, Мұхаммед Алияр, Дінмұхаммед Қараман, Бекзат Иманғазиев шақырылды. Әрі қарай ойыншылар өздерінің шеберліктерін дәлелдеуі тиіс. Барлығы қаламның ұшында тұр. Ертең жарақат алмай, командасында жақсы ойнаса ғана шақырту алады. Біздің тізімде бірнеше футболшы бар. Мына футболшылар негізі құрамнан ойып тұрып орын алады деп айта алмаймын. Барлығына талап бірдей. 

- Түркияның «Фенербахче» командасының сапында ойнайтын қорғаушы Микаэль Асқаровтың ойынына қандай баға бересіз?

- Халықаралық турнирде Микаэль Асқаровтың деңгейін көрдік. «Фенербахче» футбол мектебінің түлегі екені байқалып тұр. Түрік чемпионатында ойнайтыны да көзге басылды. Алайда, негізгі құрамның нық ойыншысы болатынына кепілдік бере алмаймын. Көңілден шыққаны анық. Бізде де деңгейі кем емес жас ойыншылар бар. Әрі қарай ойыншының өзіне байланысты. Үнемі бақылап жүреміз. Жастар құрамасының кең тізімінде болатыны анық. 

- Жастар құрамасының өткен іріктеу ойындарында көзге түскен футболшылардың бірі – Дмитрий Бачек. Испания чемпионаты ойыншының дамуына қаншалықты көмектеседі деп ойлайсыз?

- Бачек – талантты ойыншы. Испанияда жүргені бірден байқалды. Өйткені, үнемі алға қарай ұмтылады және шабуылды өрбітуге күш жұмсайды. Тағы да қайталап айтамын. Талап барлығына бірдей. Испания чемпионатында ойын тәжірибесі аздау екенін айтты. Ойыншыға бағыт-бағдар беруге дайынбыз. Әрі қарай тұрақты ойын тәжірибесі үшін күресуі қажет. 

- Маусым айында жастар арасында 2023 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің ойындары басталады. Қазақстан жастар құрамасы қаншалықты жасақталды? 

- Франция және Украина құрамаларына қарсы ойынға бірнеше жас футболшы шақырту алды. Талғат ағамыздан шақырту алған ойыншалр Данияр Үсенов, Максим Самородов және Елхан Астанов. Олардың да жастар құрамасына көмегі тиері анық. Еркебұлан Сейдахмет бабына қайта ене бастады. Үлкен үміт артамыз. Вячеслав Швырев те жақсы футболшы. Сенім артатын 4-5 футболшы бар. Олар да ойын тәжірибесі арқылы шеберліктерін дәлелдеуі керек.  Қазақстан жастар құрамасының 80 пайызға жасақталды деп айтуға болады. Алайда, селекция жұмыстары тоқталмайды. Ойыншылар ішкі чемпионатта белсенділік танытып, негізгі құрамға ұмтылуы міндет. Сол арқылы жастар құрамасына шақырту алады. Жас футболшыларға ақыл-кеңесті аямаймыз. Менің тізімімдегі ойыншылар өз клубтарында тұрақты ойнап жүрсе, іріктеу кезеңінде жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз деп санаймын. Олардың саны отыздан асады. Соның ішінен таңдаулыларға ғана жастар құрамасынан орын табылады. 

Поделиться
Наверх