Михал Билек: «Молдовамен өтетін ойында Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырылған футболшылар алаңға шығады»

Михал Билек: «Молдовамен өтетін ойында Ұлттық құрамаға алғаш рет шақырылған футболшылар алаңға шығады»

20 ақпан 2019, 15:48
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны және Молдовамен өтетін жолдастық матч туралы айтып, 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Шотландия және Ресей құрамаларымен өткізген ойындарға қатысты жоспарымен бөлісті.

- Михал, оқу-жаттығу жиынын туралы айтып өтсеңіз. Қандай жұмыстар атқарылды?

- Ең мықты футболшыларды жинауға үміттендім. Алайда, оқу-жаттығу жиыны ФИФА-ның ресми күнтізбесіне сәйкес келмейді. Сол себепті барлығын жинауға мүмкін болмады. Дегенмен көптеген футбол клубтары өз ойыншыларын жіберуге келісті. Оларға алғыс айтамын. Барлық елде футбол клубтары ұлттық құраманың игілігі үшін жұмыс істейді. Жаттықтырушылар штабы жас футболшылардың мүмкіндіктерін қарай алды. Олар үшін ұлттық құраманың қатарына қабылдану мүмкіндігі туды.

- Жаттықтырушылар штабы Түркияда 5 ақпаннан бері жүр. Ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеу үшін қазақстандық командалардың ойындарын зерттей алдыңыз ба? Біздің ойыншылар мен клубтар туралы алғашқы әсеріңіз қандай?

- Қиын сұрақ. Өйткені, командалардың барлығы дайындық жүргізіп жатыр. Ойыншыларға артылған жүк ауыр. Біз қараған барлық ойында көп өзгеріс болды. 15-16 ойынды бақыладық. Сонымен қатар, қазақстандық командалардың бапкерлерімен танысып, әңгімелестік. «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Тобыл» және басқа клубтардың бапкерлерінен футболшылар туралы көзқарастарын тыңдап, пайдалы ақпараттардан хабардар болдық.

- Ең алдыман Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімі жарияланған еді. Сол тізімде болмаған, алайда сізді таңғалдырған футболшылар болды ма?

- Кеңейтілген тізімді менің көмекшілерім ұсынғанын осыған дейін айтқанмын. Қазақстанның үздік ойыншылары енген болатын. Молдовамен өтетін ойын қиынға түспек. Өйткені, ұлттық құрамада жаңа ойыншылар болады. Дегенмен, футболшылар наурыз айындағы тізімге қабылдану үшін алдағы ойынға жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын. «Қайрат» пен «Астананың» қатарында жас футболшыларды байқадым.

- 21 ақпан күні Молдова құрамасымен жолдастық матч өтеді. Осы ойын туралы көзқарасыңызды білгім келеді. Қарсыласқа қандай баға бересіз?

- Молдовамен өтетін ойында барлық ойыншыға мүмкіндік бергім келеді. Сол себепті қосалқы құрамда отыратын футболшылардың санына шектеу қоймаймын. Әр футболшы өзіне берілген уақытта ойнайды. Молдова құрамасының бірнеше ойынын қарадық. Қарсылас та екініші құраммен ойнайды. Алдағы кездесуде Қазақстан құрамасының ойыны ғана мені қызықтырады.

- Қазақстанда кезекті маусым басталады. Суперкубок ойыны мен Премьер-лиганың алғашқы екі туры өтеді. Осыған байланысты іріктеу кезеңіндегі алғашқы екі ойынға дайындықты қалай жүргізесіз?

- Оқу-жаттығу жиынына келе алмаған футболшылармен сөйлестік. Қазақстан құрамасының қандай жүйемен ойнайтыны туралы ақпараттарды ұсындық. Суперкубок ойынын міндетті түрде қараймыз. Кейін екі турдың кездесулерін зерттейміз. Екінші турдың матчтарын алға жылжытуды сұраймыз. Өйткені, ұлттық құраманың дайындығын ерте бастау қажет.

- Жанкүйерлер үшін қызықты сұрақтардың бірі - Ұлттық құраманың капитаны қалай таңдалады?

- УЕФА Ұлттар Лигасында бірнеше футболшы капитан болғанын білемін. Бұл сауал төңірегінде әлі ойланамын. Көшбасшы футболшылар наурыз айында өтетін ойындарға жақсы дайындықпен келеді деп үміттенемін.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары