Ерлан Жамантаев: «Еуропада 14-орын алу – жағажай футболы үшін үлкен табыс»

Ерлан Жамантаев: «Еуропада 14-орын алу – жағажай футболы үшін үлкен табыс»

21 мамыр, 09:31
Жағажай футболынан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ерлан Жамантаев Қазақстан футбол федерациясыеың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Испанияда өткен Әлемнің жағажай ойындарының іріктеу кезеңін қорытындылап, жағажай футболының еліміздегі жағдай туралы әңгімелеп берді:

- Ерлан Айтбайұлы, Әлемнің жағажай ойындарының іріктеу кезеңін қорытындылай өтсеңіз?

- 9-12 мамыр күндері Испанияның Салоу қаласында Әлемнің жағажай ойындарының іріктеу кезеңі өтті. Төрт ойынның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 14-орын алды. Алғашқы ойында Еуропаның ең үздік командасы Португалиямен жолығып, есе жібердік. Сонымен қатар, өткен жылы Еуролига ойындарында ескерту алған үш негізгі футболшы алғашқы ойынға  қатыса алмады. Әрі қарай 9-16 орындар үшін таласқа түстік. Германия құрамасын 2:1 есебімен ұтып тұрып, 2:4 есебімен жеңіліп қалдық. Біздің қақпаға үш пенальти белгіленді. Үшінші ойында Норвегия құрамасын 4:1 есебімен жеңіп, соңғы ойында Чехия құрамасына 2:4 есебімен жол бердік. Еуропада 14 орын алу – жағажай футболы үшін үлкен табыс.

- Нәтижені жақсартуға мүмкіндік болды ма?

- Әрине. Еуропаның құрамалары жоғары деңгейде ойнайды. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы павлодарлық «Арманның» қатарында төтенша жағдайлар қызметі мен зауытта жұмыс істейтін жұмысшылар ойнайды. Бұл команданың ойыншылары толықтай ұлттық құраманы жасақтайды. Сонымен қатар, Испания және Португалия сынды елдер жыл сайын жаттығу жүргізе алады. Ресейде жағажай футболына арналған бірқатар жабық кешендер бар. Шілде айында жағажай футболынан 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысамыз. Ұлттық құраманың қатарына жаңа ойыншылар қабылданады.

- Қазақстан Чемпионаты жөнінде сөз қозғай кетсек...

- Биыл ел чемпионаты маусым айында басталады. Павлодар қаласы мен Павлодар облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысы, сонымен қатар Қапшағай және Шымкент қалалары жарысқа қатысуға ниетті. Барлығы – 6 команда. Чемпионат үш кезеңнен тұрады. Маусым және тамыз айларында жарысты Қапшағай қабылдайды. Ал, шілде айында ойындар Шымкент қаласында өтеді.

- Жыл соңына дейін жағажай футболының қандай жоспарлары бар?

- Қазақстан Чемпионатын өткізіп, ең үздік ойыншыларды таңдап аламыз. Маусым айында 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Мәскеуде өтетін іріктеу кезеңіне қойылған басты мақсат – финалдық кезеңге шығу. Әлем Чемпионаты 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында Парагвайда өтеді. Сонымен қатар, Еуролиганың топтық кезеңінің ойындары өтеді. Қазақстан құрамасының қарсыластары – Голландия, Чехия және Англия.

Бөлісу
Жоғары