Коронавирус жағдайына қатысты УЕФА-ның видеоконференциясы өтті

Коронавирус жағдайына қатысты УЕФА-ның видеоконференциясы өтті

17 наурыз 2020, 19:30
COVID-19 індетінің таралуына байланысты проблемалар мен міндеттерді УЕФА жетекшілері, ұлттық қауымдастықтардың бірінші тұлғалары және Еуропа футбол қауымдастықтары одағының ірі серіктестерінің басқарма басшылары талқылады.

Бүгін Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 18:00-де Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) мен оның құрамына кіретін 55 ұлттық қауымдастықтың жетекшілері, Еуропалық клубтар қауымдастығының басқарма басшылары, Еуропалық футбол лигаларының және кәсіби футболшылар қауымдастығының халықаралық федерациясының өкілдерінің қатысуымен видеоконференция өтті.

Біздің елден конференцияға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин және Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев қатысты.

Конференцияға қатысушылар COVID-19 коронавирусының таралуына қатысты жағдайды талқылап, футболдан халықаралық және ұлттық жарыстарды ұйымдастыруға байланысты пікір алмасты.

- Біздің елдегі жағдайға қатысты айтатын болсақ, бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы аясында өтетін жарыстардың барлығы тоқтатылды, - дейді ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков. – Қазақстандық футбол клубтарының жетекшілеріне олардың алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын айтамын. Профилактиа шараларын жалғастырып, оқу-жаттығу процестерін тоқтатуға кеңес беремін. Қауіп жойылғаннан кейін біздің командаларға ел чемпионаты мен басқа да жарыстарға дайындық жүргізу үшін уақыт бөлінеді. 27 және 30 наурыз күндеріне жоспарланған Қазақстан ұлттық құрамасының жолдастық матчтары өтпейді. Бұл шешімді Литва және Армения тарапымен бірлесе отырып қабылдадық. Ойындар маусым айында Алматы қаласында өтуі мүмкін. Барлығы инфекцияның таралуының тоқтатылып, профилактика шараларының аяқталуына байланысты.

Бөлісу
Жоғары