ҚФФ Жетісу облысында футбол алаңын қайта жаңартты

ҚФФ Жетісу облысында футбол алаңын қайта жаңартты

27 қараша 2023, 22:03
Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» бағдарламасы аясында кезекті жаңартылған футбол алаңының тұсауын кесті. Бүгін Жетісу облысының Балпық би ауылындағы Батыржан Оңғаров атындағы стадионда футбол алаңы жаңарды.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов, Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және жоба серіктестері қатысты.

Айта кетсек, 2023 жылдың шілде айында ҚФФ бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «ALAÑ» атты елімізде футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасын енгізді. 3 жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның бас серіктесі 1XBET букмекерлік компаниясы. Жобаның басты мақсаты – республикадағы спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

«Футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасы өңірлердегі футболды дамытуға серпін беріп ғана қоймай, бұл спорт түрінің, әсіресе, ауылдағы балаларға қолжетімді болуына жағдай жасайды. Жаңа алаң барлық заманауи технологиялық талаптармен салынған. Бұл еңбекті көп қажетсінетін және шығыны көп жұмыс. Менің ойымша, дамыған спорт инфрақұрылымы мен мемлекет және бизнес қауымдастықтың жан-жақты қолдауы, біздің спортшыларымыз бен жастарымызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға және түрлі халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге ынталандырады», - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Сонымен қатар, облыс басшысы әлеуметтік жобаның іске асқанына Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіріп, болашақта өңірде атақты спортшылар болатынына сенім артты. Жалпы, «ALAÑ» бағдарламасы аясында елімізде 20 футбол алаңдары қайта жаңартылады. Осыған дейін, Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ аумағында жаңа алаң пайдалануға берілген болатын.

«Бүгін Жетісу облысында дүбірлі футбол мерекесі. Өйткені, «ALAÑ» бағдарламасы аясында біз екінші футбол алаңының тұсауын кестік. Күні ертең Шымкенттегі «Цементник» стадионындағы қайта жаңғырған алаңды пайдалануға береміз. Біздің Қазақстан футболын дамыту стратегиямызда көрсетілген басты міндеттер балалар футболын дамытып, бұқаралық футбол үшін қолайлы жағдай жасау. Алда үлкен мақсат тұр. Сондықтан, бірге қол жеткізейік!» - деді ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов.

Жаңа алаң футболшылардың көңілінен шықты. Ашылу салтанатынан бөлек, «Жетісу» футбол клубының тәрбиеленушілері мен Көксу ауданының ойыншылары арасында жолдастық ойын ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев жас футболшыларға жаттығу өткізді, ал ҚФФ іс-шараға келген қонақтарға 200 футбол добын сыйға тартып, басқа да сыйлықтарды таратты.

Жоба бойынша қосымша ақпаратты alan.kff.kz сайтынан ала аласыздар.

Бөлісу
Жоғары