Азамат Айтқожин: «Қазақстандық клубтарға жаңа жеңістер тілеймін!»

Азамат Айтқожин: «Қазақстандық клубтарға жаңа жеңістер тілеймін!»

31 шілде 2018, 15:05
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин еурокубок турнирлеріне қатысып жатқан отандық командалардың қарымта кездесуіне сәттілік тіледі:

- Бүгін кешке қостанайлық «Тобыл» Ереванда «Пюникке» қарсы жақсы ойын көрсетіп, Еуропа Лигасының келесі кезеңіне шығуға тырысады. Алғашқы ойын қарсыласты бағаламауға болмайтынын дәлелдеді. Қарсыластың қатарында бірнеше тәжірибелі футболшылар бар. Владимир Никитенконың командасы жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды деп сенемін!

Ертең кешке Данияда ел чемпионы «Астана» футболшылары «Мидтьюлланд» командасымен сынға түседі. Елордада өткен ойында дат футболшыларының тең есепті көздегеніне қарамастан, Қазақстан чемпионы жеңісті жұлып әкетті. «Астана» келесі кезеңге шығу арманын орындау үшін бар күшін салатыны анық.

Алматылық «Қайрат» сырт алаңда Голландияның «АЗ Алкмаар» командасымен кездеседі. Алатау бөктеріндегі жеңіс қарымта кездесуден көп үміт күттіреді. Голландия футболының күшін барлығы біледі. Алайда, «Қайрат» футбол клубы алға қойған биік мақсаттарына қол жеткізу үшін бар күшін салатыны анық. Ойыннан кейін қазақстандық клуб жеңімпаз атанды деп үміттенемін.

Еуропада ел намысын қорғайтын командаларға табыс пен жаңа жеңістер тілеймін, - деді Азамат Серікұлы.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары