«Астана Арена» стадионына – 10 жыл

«Астана Арена» стадионына – 10 жыл

03 шілде 2019, 15:41
Елорда тарихының бір парағы «Астана Арена» заманауи стадионынан тұрады. 30 мың жанкүйерге арналған стадион мемлекетіміздің мақтанышына айналды.

Тура 10 жыл бұрын, 2009 жылдың 3 шілдесінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Астана Арена» стадионының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

Ашылу рәсіміне әлем футболының жұлдыздары Кахабер Каладзе, Андрей Шевченко, Хасан Шаш және Хасан Шүкір қатысты. Қазақстан жастар құрамасы мен «Локомотив» (Астана) арасындағы алғашқы ойынға танымал италиялық төреші Пьерлуиджи Коллина қазылық етті.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Астана Арена» стадионында алғаш болып допты ойынға қосты.

Дәл осы стадионда «Астана» футбол клубы еліміздің бес дүркін чемпионы атанып, еурокубок турнирлерінде атой салды.

2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрме аясында «Әлем футболының аңыздары» атты турнир ұйымдастырылды. Жанкүйерлер әлем футболында танымал тұлғалар Алдаир, Дино Баджо, Манфренд Кальтц, Яри Литманен, Нуну Манише, Христо Стоичков және басқаларының ойындарын тамашалай алды.     

Биыл Қазақстан Ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде екі рет «Астана Арена» стадионында жеңіске жетті. Наурыз айында Шотландия құрамасын 3:0 есебімен ұтса, маусым айында Сан-Марино құрамасын 4:0 есебімен тас-талқан етті. Дәл осындай ірі есеп өткен жылдың қазан айында Андоррамен өткен кездесуде тіркелді.

Бөлісу
Жоғары