Абат Айымбетов: «Сан-Мариномен ойын жеңіл болады деп ойламаймын»

Абат Айымбетов: «Сан-Мариномен ойын жеңіл болады деп ойламаймын»

14 қараша 2019, 10:49
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында KFF Football Awards 2019 шарасынан алған әсерімен бөлісіп, алдағы ойындарға дайындықтың қалай өтіп жатқанын әңгімелеп берді: 

- Команданың көңіл-күйі жақсы. Дайындық жоспармен өтіп жатыр. Іріктеудің соңғы екі ойынын өткіземіз. Оң нәтижеге қол жеткізуді көздейміз. 

- Премьер-лиганың үздік шабуылшысы атағын алдыңыз. Қандай әсерде болдыңыз?

- Өте қуаныштымын. Менің ғана емес, «Ақтөбе» командасының еңбегі деп ойлаймын. Жаттықтырушылар штабы сенім артты. Жасыл алаңда өз шеберлігімді көрсетуге тырыстым. Әріптестерім де қол ұшын созды. Жанкүйерлердің қолдауы да күш бергені анық. Өйткені, олар қиын сәттерде үнемі қолдау білдіреді. Бәрімізге ортақ жүлде! 

- Футбол клубтары үшін маусым аяқталды. Психологиялық тұрғыдан ойындарға дайындалу қаншалықты қиын? 

- Әрине, маусымның соңына қарай психологиялық және физикалық шаршау байқалады. Алайда, ұлттық құрамаға шақырту алған сәтте олардың барлығын ұмытасың! Сол себепті ұлттық құрамаға үлкен ниетпен келемін. 

- Чемпионаттың соңында жарақат алып қалдыңыз. Дегенмен, жарақаттан айығып, бабыңызға қайта оралдыңыз. Қалыпқа келу процесі жылдам болды ма? 

- Тегіршіктің жартысынан алып тастады. Ота жасалғаннан кейін қалыпқа келу жаттығуын жүргіздім. Дәрігерлер мен бапкерлер қайта бабыма оралуыма көмектесті. Жарақаттан кейін үш ойын өткізіп, ұлттық құрамаға шақырту алдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. 

- Алдағы екі ойыннан не күтесіз?

- Еуропа елдерінің барлығы футбол ойнауды үйреніп алды. Сан-Мариномен ойын жеңіл болады деп ойламаймын. Шотландия өз алаңында жанкүйерлерінің қолдауымен алаңға шығады. Екі ойында да оң нәтижеге қол жеткізуге ұмтыламыз.

Бөлісу
Жоғары