Алмас Құлшынбаев: «Жасөспірімдер арасында ұлттық құрамаға дейін жете алатын футболшылар бар»

Алмас Құлшынбаев: «Жасөспірімдер арасында ұлттық құрамаға дейін жете алатын футболшылар бар»

30 желтоқсан, 23:27
17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Алмас Құлшынбаев Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен маусымды қорытындылап, жылдың үздік ойындары мен көзге түскен футболшылардың есімдерін атап өтті:

- Өткен маусымды табысты аяқтадық десек болады. Үш турнирге қатысып, тоғыз ойын ойнадық. Жылдың алғашқы жартысында Минск қаласында өткен УЕФА Даму Кубогына қатысып, үш ойынның екеуінде жеңіске жеттік. Әрі қарай ҚР Президент Кубогына дайындық басталды. Федерацияның қолдауымен дайындықты бір апта бұрын жүргіздік. Сонымен қатар, жарысқа 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерден жиналған екінші құраманың қатысуы үміткерлердің деңгейін толықтай қарауға мүмкіндік берді. Екінші құраманың ойыншылары да бірінші құрамаға лайық екенін дәлелдей алды. Екі команданың ішінен үздіктер таңдалып, Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Футбол үйінде өткен Президент Кубогының ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасы турнирде жеңіске жетті. 

Күзде Грекияда өткен Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің үш ойынына қатыстық. Грекия және Германия құрамаларына есе жібердік. Әзірбайжан құрамасымен өткен шешуші кездесуде жеңісті тойладық. Футболшылардың басым бөлігі жақсы қырынан танылғанын айта кеткім келеді. Жасөспірімдер арасында ұлттық құрамаға дейін жете алатын футболшылар бар деп ойлаймын. Ең алдымен 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының және жастар құрамасының қатарына қабылдануы қажет. 

- Ойыншыларды іріктеуде қандай мәселелермен кезіктіңіз? 

- Ең алдымен еліміздің әр өңіріндегі өткен ойындарды тамашалау арқылы селекция жүргізілді. 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының негізгі құрамы «Қайрат» академиясының ойыншыларынан құралды. Не себепті «Қайраттың» ойыншылары көп деп сұрайды. «Қайрат» академиясы еліміздегі ең үздік футболшыларды жинайды. Мәселен, оның қатарында Ақтөбе, Тараз, Қарағанды және басқа да қалалардың түлектері бар. «Оңтүстік» академиясының ойыншыларын да шақырдық. Молдованың «Зимбру» командасында ойнайтын Вадим Яковлев және Испанияның «Мерсет» командасында доп тебетін Данил Анкудиновке де құрамадан орын табылды.

Ең басты мәселе - орталық шабуылшыны іздеу. Бұл қазақстандық футболдың мәселесі. Бұл позицияның орнын Анкудинов басты. Ол еліміздегі шабуылшылардан жақсырақ ойнады. Сонымен қатар, орталық жартылай қорғаушыларға қатысты да қиындықтар болған. Дегенмен, ең мықты әрі дарынды деген футболшылардың барлығын шақыра алдық. 

- Қазақстан Президенті Кубогы іріктеу кезеңінің ойындарына негізгі дайындық болды ма? 

- Іріктеу кезеңінің ойындары қарсаңында Қазақстан Президенті Кубогы жақсы дайындық болғаны сөзсіз. Жасөспірімдер құрамасының өз ойын философиясы бар. Ең бастысы соны ойыншыларға түсіндіру. Жас футболшыға ойыңды жеткізу оңайырақ. 

- Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің ойындары туралы айтып өтсеңіз?

- Алғашқы ойында Германия құрамасына жол бердік. Мықты қарсылас екені айқын. Біздің ойыншылар үшін үлкен тәжірибе. Екінші ойында Грекия құрамасынан жеңіліп қалдық - 1:5. Есеп ойынға сай деп айта алмаймын. Грекия құрамасы алғашқы таймда қақпаға пенальти арқылы бір ғана соққы бағыттады. Екінші таймда қарсыластың қақпасына гол соға алдық. Ойынды құтқаруға ұмтылдық. Алайда, соңғы он минутта үш гол жібердік. Соңғы ойында Әзірбайжан құрамасын 2:0 есебімен ұттық. 


 
- Қазақстан U-17 құрамасының ең үздік ойындары?  

- Екі ойынды атап өткім келеді. Алғашқысында УЕФА Даму Кубогында Соломон аралдары құрамасымен жолықтық. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Матч соңындағы пенальти сериясында дәлдік таныттық - 4:3. Екінші ойын ҚР Президенті Кубогының финалы болатын. Қарсылас - Тәжікстан құрамасы. Жақсы ойын көрсетіп, ірі жеңіске жеттік. Тәжікстан құрамасы бір академиядан жасақталады. Бір жас жоғары футболшылар Әлем Чемпионатына қатысқан еді. 

Бөлісу
Жоғары